Украина Ресейдегі тағы бір ірі логистикалық нысанға шабуыл жасады
22 тамызға қараған түні Украина дрондары Ресейдің Самара облысындағы Ozon логистикалық кешеніне шабуыл жасады. Қоймада өрт шығып, нысанның жұмысы белгісіз мерзімге тоқтатылды. Ресейлік БАҚ пен Reuters мәліметінше, төрт адам зардап шеккен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Самара облысының губернаторы Вячеслав Федорищевтің айтуынша, өңірге жаппай дрон шабуылы жасалған. Ресейдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері бірнеше ондаған дронды атып түсіріп, жолын бөгеген.

Ozon компаниясы кешеннен 500-ден астам қызметкер бірнеше минуттың ішінде эвакуацияланғанын хабарлады.
“Барлық жүйе штаттық режимде жұмыс істеді. 500-ден астам қызметкерді бірнеше минут ішінде эвакуацияладық. Өкінішке қарай, зардап шеккендер бар”, – деп мәлімдеді компания.
Үш адам жеңіл жарақат алған. Тағы бір адам эвакуация кезінде екінші қабаттың терезесінен секіріп, ауыр жарақат алған.
Бұл ақпаратты Украина президенті Владимир Зеленский де растады.
Логистикалық кешеннің жұмысы уақытша тоқтатылды. Нысанда болған тауарлар сайттан жасырылды, кейбір тапсырыстардың күші жойылып, ақшасы қайтарылады. Сатушылардың бұл нысанға тауар жеткізуі де уақытша тоқтатылды.
Чапаевск қаласындағы Ozon логистикалық кешенінің аумағы шамамен 135 мың шаршы метр. Ол Еділ бойындағы маркетплейстің ең ірі нысандарының бірі саналады.
Wildberries-ке шабуылдар аяқталды ма?
Бұған дейін осындай шабуылдар Wildberries қоймаларына жасалған еді. Reuters мәліметінше, 18 шілдеден бері Ресейдің әртүрлі өңірлеріндегі компанияның кемінде 24 логистикалық нысанына дрондар шабуылдаған.
“Коммерсантъ” шабуылдан зардап шеккен бес нысанның жылжымайтын мүлік құнын шамамен 60 миллиард рубль деп бағалады. Ал Deutsche Welle дерегінше, жойылған немесе қолжетімсіз болған тауарлар салдарынан сатушылардың шығыны 215-280 миллиард рубльге жетуі мүмкін. Wildberries пен кәсіпкерлерге келтірілген жалпы шығын 800 миллиард рубльге дейін бағаланған. Алайда бұл сома ресми түрде расталған жоқ.
19 тамызда Путин үкіметке зақым келген логистикалық нысандарды қалпына келтіру шараларын әзірлеуді тапсырды.
Бұл жауап болды ма?
21 тамызда Ресей Украинадағы Кривой Рог қаласындағы сауда орталығына жаппай дрон шабуылын жасады. Соңғы мәлімет бойынша, кемінде 16 адам қаза тауып, 130-дан астам адам жараланған. Зардап шеккендердің арасында 22 бала бар. 29 адамның жағдайы ауыр, тағы тоғыз адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында.
Украина билігінің мәліметінше, сауда орталығына жасалған алғашқы соққыдан шамамен 30 минут өткен соң екінші шабуыл жасалған.
Украина президенті Владимир Зеленский бұл оқиғаны "варварлық әрекет" деп атап, Киев шабуылға жауап беретінін мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін Wildberries-тің Қазақстаннан қойма іздеп жатқаны туралы ақпарат тараған еді.