Құрылтай сайлауы: Шетелде қанша қазақстандық дауыс берді?
Құрылтай сайлауында шетелде жүрген 228 қазақстандық дауыс беріп үлгерді. Қазақстанның 61 елдегі дипломатиялық өкілдіктері жанынан 79 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сыртқы істер вице-министрі Арман Исетовтің мәліметінше, Қазақстанның шетелдегі дипломатиялық өкілдіктері жанынан 61 елде 79 дауыс беру учаскесі құрылған. Шетелде дауыс беру құқығына ие қазақстандықтардың жалпы саны – 11 402 адам.
“Таңғы сағат 8:00-дегі жағдай бойынша шетелде 26 учаске жұмысын бастады. Алғашқылардың бірі болып Токио мен Сеулдегі азаматтарымыз дауыс берді. Осы уақытқа дейін шетелдегі сайлау учаскелерінде 228 Қазақстан азаматы дауыс берді”, – деді Арман Исетов.
23 тамыз – сайлау күні
Қазақстанда Құрылтай депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. 18 жасқа толған барлық Қазақстан азаматы дауыс беру құқығына ие. Бюллетеньдер қазақ және орыс тілдерінде басылған.
Сайлаушылар өздері қолдайтын саяси партияға дауыс береді. Сайлау нәтижесінде партиялар Құрылтайдағы мандаттарға ие болады.
Дауыс беру сағат 20:00-де аяқталады. Сайлау учаскелері жабылған соң дауыстарды санау басталады. Одан кейін Орталық сайлау комиссиясы арнайы отырыста сайлаудың қорытындысын шығарады. Нәтижелер хаттамамен рәсімделіп, бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жарияланады.
Заңға сәйкес, сайлаудың түпкілікті қорытындысы дауыс беру күнінен кейін жеті күннен кешіктірілмей, яғни 2026 жылы 30 тамызға дейін жариялануы тиіс.
Айта кетейік, бұған дейін Бас прокуратура 23 тамызға белгіленген Құрылтай сайлауы қарсаңында қазақстандықтарға үндеу жасап, сайлау туралы заңды бұзғаны үшін жаза барын ескертті. Сайлауалды үгіт-насихат жүргізуге де тыйым салынады.
