Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Құрылтай сайлауы қарсаңында қазақстандықтарға жалған ақпараттан сақ болу ескертілді

ақпарат
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Дезинформацияға қарсы күрес орталығы тыныштық және дауыс беру күні желіде жалған ақпарат, манипуляция, арандатушылық сипаттағы жазбалар мен видеолар таралуы мүмкін екенін ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мұндай ақпараттық арандатулар көптеген елде сайлау күндері жиі кездеседі. Олардың мақсаты – дауыс беру процесі туралы қате түсінік қалыптастыру. Оған қоса азаматтардың ел өміріндегі маңызды оқиғаға қатысты жағымсыз эмоциясын күшейту.

Орталық мәліметінше, мұндай жазбаларда көбіне бұрын түсірілген фото-видеолар, басқа елдерде болған оқиғаларға қатысты материалдар пайдаланылады. Сонымен қатар түсірілген уақыты мен орны көрсетілмеген видео үзінділері мен анонимді аккаунттардың жарияланымдары да кездеседі.

Сонымен қатар қазіргі технологиялар монтаж және жасанды интеллект көмегімен жалған фото, аудио және видеоларды жасап, таратуға мүмкіндік береді. Мұндай материалдарда қоғамға танымал адамдардың, саясаткерлердің бет-бейнесі немесе дауысы қолданылуы мүмкін.

Осыған байланысты қазақстандықтардан ақпаратты тек ресми дереккөздерден алып, оның бастапқы дерегін тексеру сұралды.

“Расталмаған ақпаратты таратпаңыздар. Сіздің ақпаратқа мұқият әрі жауапкершілікпен қарауыңыз сайлау күні тыныш әрі жағымды ахуалды сақтауға көмектеседі”, – деді орталық өкілдері. 

Айта кетейік, бұған дейін Бас прокуратура 23 тамызға белгіленген Құрылтай сайлауы қарсаңында қазақстандықтарға үндеу жасап, сайлау туралы заңды бұзғаны үшін жаза барын ескертті. Сайлауалды үгіт-насихат жүргізуге де тыйым салынады.

Stan.kz
Сенбі, 22 Тамыз, 2026 19:15