Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

700 мың теңге бопсалады деген блогер полицияны үш рет жазықсыз түрмеге қамады деп айыптады

блогер полиция түрме
Фото: Видеодан скрин

“Аско” лақап атымен Асхат Бектенбаев есімді блогер полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері туралы айтып, әшкерелегенім үшін үш рет нақақтан-нақақтан түрмеге отырып шыққанын айтты. Блогер жақында қамаудан шықса да, құқық қорғау органдарының адамдары азаматтық киімде үйінің маңын торуылдап, өзін аңдып жүргенін айтты. Ол тағы да өзіне аяқтан шалып, түрмеге қамайды ма деп алаңдайды. 

Асхат Бектенбаевтың айтуынша, 2024 жылы желтоқсан айында оны ақша бопсалады деп айыптап, полиция қызметкерлері ұстаған видео тарап кеткен. Блогер жазықсыздан-жазықсыз сотталғанын айтты.

“Ол жерде екі адамды бір-бірімен кездестіріп, оқиға орнынан кетіп қалғанмын. Мен ешкімнен ақша бопсаламағанмын, ақша алмағанмын. Ақша алған адам – Б. есімді азамат. Ол ұсталғанда “ақшаны Асхат әкеліп бер, бөлісеміз деді” деп айтқан. Бірақ бұл сөзіне еш дәлел жоқ. Маған айып тағылу үшін менімен ақшаны бөлісу керек еді. Алайда қаражатты мен алған жоқпын. Оқиға орнында болған адамның бір ауыз сөзіне бола мені 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Кейін ол да полиция қызметкерлері қорқытқаннан кейін маған жала жабуға мәжбүр болғанын айтты. Осы мерзімнің 1 жыл 6 айын түрмеде өткіздім. Ең сорақысы, ақша алған жігіт сотталмады”, – дейді блогер.

Еске салайық, 2024 жылы желтоқсанда ақша бопсалады деген күдікпен 37 жастағы Асхат Бектенбаев ұсталды. Ол тәртіп сақшысына бейнежазбаны әлеуметтік желіде таратамын деп сес көрсетіп, 700 мың теңгеге жуық қаражат талап еткен.

Асхаттың айтуынша, даудың өзі қызмет кезінде жұмыс орнында ұйықтап қалған полиция қызметкерінің видеосынан басталған. Оның әріптестері түсіріп алып, желіге жариялаған. Видеодағы қызметкер бейнежазбаны өшірту үшін Асхатпен хабарласып, сол арқылы өтінішін жеткізген. Асхат екі тарап өзара келісімге келіп, мәселені шешу үшін екеуін кездестірген. Ол жәбірленушінің бірнеше рет ақша тықпалағанын байқаған. Алайда қаражаттан бас тартып, оқиға орнынан кетіп қалған. Видеоны желіге жариялаған полиция қызметкеріне де ақша алмауын ескерткен. 

Бірақ Асхат Бектенбаевтың сөзінше, Б.есімді азамат жәбірленушінің провокациясына беріліп, ақша алып қойған. Оны Асхат өзіне айып тағылғанда білген. 

Ер азаматтың сөзінше, полиция қызметкерлері 2021 жылы Молдаханов Әділетханның арызы бойынша блогерді 3 ай 21 күнге қамаған. Онда да еш себепсіз қамауға алған дейді блогер. 

“Кінәмді дәлелдей алмай, істерінен түк шықпаған соң, соттың шешімінсіз, сотсыз, ештеңесіз жай абақтыдан босатып жіберды. Яғни, адамды қамайды, сот ештеңе болмайды, босата салады. Себебін ешкім білмейді. 2023 жылы дәл сондай жағдай болған. Алматы облысы, Талғар ауданы полиция қызметкерлері мені қылмыстық кодекстің 390-баптың 3 бөлігі (Билік өкіліне қатысты қорқыту немесе күш көрсету әрекеттері) бойынша айыптап, 2 айға Талғар ауданының жаңағы тергеу абақтысына қамады. Кейін қылмыстық құрам болмаған соң іс қысқартылып, мені абақтыдан босатып жіберді”, – дейді Асхат Бектенбаев.

Айтуынша, одан бері 3 жылдан аса уақыт өтсе де, сол іс бойынша қандай шешім қабылданғаны туралы өзі білмейді. Жазықсыз бас бостандығымен бірнеше рет айырды деген блогер осы уақытқа дейін прокуратурадан бастап, Бас прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне де арыз жазған. Алайда ол ешкім жауап бермейді, арызым қараусыз қалады деп отыр.

“Яғни, адамды 2 айға қамайды, ештеңе таппай, істі сотқа істі жібермейді. Сөйтіп, оны босатып жібере салады. Ал менің түрмеле отырған уақытыма кім жауап береді? Еш себепсіз 4 ай, 2 ай отырдым. Сонда дәлел болмаса да кез келген адамды қамай салуға бола ма? Кейін кінәлі емес екен деп, итті босатқандай шығарып жібере сала ма? Менде өзімнің жазықсыз екенімді дәлелдейтін бейне, аудиожазбалар жеткілікті. Жаңағы полиция қызметкері қалай бізден 2 миллион теңге алғанын да айтып жатқаны бар. Ол бойынша да арыз жазғанбыз, бүкіл дәлелі бар. Жаңағы жерде жазықсыз маған жала жапқаны туралы да айтып жатқан аудиожазбалары бар. Алайда, осының бәріне қарамастан, біздің жазған арыз-шағымдарымыз қараусыз қалды”, – дейді блогер.

Ол қазір шарасыз күйде екенін айтып отыр. Сөзінше, қазір үйінің жанын торуылдап жүрген құқық қорғау органдарының қызметкерлері азаматтық киім киіп алып, аңдуды шығарған. Ол үйден шықсам тағы да аяқтан шалып, түрмеге қамайды деп қорқады. 

“Өз-өзіме қол жұмсауға дайын болып отырмын. Не істерімді білмеймін. Не жұмысым жоқ, не ақшам жоқ, барар жерім жоқ... Жүрмін, жазықсыздан-жазықсыз істемеген ісім үшін отырып келдім. Менің кінәм жоқ, мен ақша алмағанмын. Алайда, бүкіл дәлелдер бола тұра, прокуратура полиция қызметкерлеріне іс қозғамаған. Маған келген кезде заң жоқ”, – деп жанайқайын жеткізді блогер.

Асхат Бектенбаев – полиция қызметкерлерінің, оның ішінде жол патрульдік полиция қызметкерлерініің заңсыз іс-әрекеттерін әшкерелейді, сол туралы блог жүргізеді. 

Stan.kz
Жұма, 21 Тамыз, 2026 16:34