Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

S&P Қазақстанның кредиттік рейтингін 2016 жылдан бері алғаш рет "BBB" деңгейіне көтерді

S&P
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

S&P Global Ratings Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін “BBB-” деңгейден “BBB” көрсеткішке көтерді. Рейтинг бойынша болжам – “Тұрақты”. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қазақстан мұндай деңгейге 2016 жылдан бері алғаш рет жетіп отыр. Агенттік рейтингті көтеруге Қазақстан экономикасының тұрақты өсімі мен оның әртараптанып келе жатқаны себеп болғанын айтты. Сонымен қатар елдің сыртқы және бюджет резервтерінің жеткілікті болуы да ескерілген.

S&P бағалауынша, сыртқы тәуекелдер мен әлемдік шикізат бағасының құбылуына қарамастан, Қазақстан экономикасы орта мерзімді перспективада өсіп келеді. 

Сарапшылар 2026 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның нақты жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) өсімі 5,1% болады деп болжап отыр. Оған қоса агенттік Қазақстан мұнай экспорттаушы елдердің арасында экономикалық өсім қарқыны жоғары мемлекет болып қала береді деп есептейді.

S&P шикізат өңдеу саласы мен инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ауқымды инвестициялық бағдарламаны да ерекше атап өтті. Оның ішінде "Бәйтерек" ұлттық холдингі арқылы жобаларды қаржыландыру инвестиция көлемін Жалпы ішкі өнімнің 30%-ына дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Агенттік бюджет шығыстарының өсуін тежеу және салық базасын кеңейту бюджет тапшылығын біртіндеп азайтуға мүмкіндік береді деп санайды.

Сонымен қатар S&P Қазақстанның сыртқы қаржылық жағдайы тұрақты екенін жеткізді. Елдегі валюталық активтердің көлемі сыртқы борыштан едәуір жоғары. Осыған байланысты Қазақстан ірі сыртқы кредитор мәртебесін сақтап отыр.

Агенттік Қазақстанның банк секторына да оң баға берді. Сарапшылардың пікірінше, реттеу мен қадағалаудың күшеюі банктердің макроэкономикалық күйзелістерге төзімділігін арттырып, активтердің сапасына байланысты жүйелік тәуекелдерді азайтқан.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан әлемдегі алтын өндіретін жетекші 15 елдің қатарына кіргені туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сенбі, 22 Тамыз, 2026 18:18