62 елді аралаған қазақстандық әже қай елдің адамдары ең қонақжай екенін айтты
77 жастағы Гүлбара Шотбаева зейнетке шыққаннан кейін бала күнгі армандарын орындауға кіріскен. Бүгінде Алматыда тұратын зейнеткер 62 елді аралап, 15 рет круизге шығып үлгерген. Ол Жапониядағы сакураны көрді, Солтүстік Мұзды мұхитқа жетті, Майамиді тікұшақпен тамашалады, Рио карнавалына қатысты. Ең қызығы, әлемді белсенді аралауының басым бөлігі кейінгі жылдарға тиесілі. Гүлбара Шотбаева Stan.kz тілшісіне саяхатқа деген махаббаты қайдан басталғанын және оның өмірін қалай өзгерткенін айтып берді.
Теңізді алғаш рет 20 жасында көрген Гүлбара Шотбаева 1949 жылы Ташкент облысының Шыршық қаласында дүниеге келген. Қазір Алматыда тұрады.
Мамандығы – бухгалтер. Осы салада 32 жыл еңбек етіп, бас бухгалтер қызметіне дейін көтерілген. Өз сөзінше, мамандығын жақсы көрген. Өйткені есеп-қисап ұқыптылықты, жауапкершілік пен тәртіпті талап етеді.
Алайда оның бала күнгі арманы мүлде басқа еді – саяхаттау. Мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ өзге мемлекеттерді көріп, жаңа жерлерге баруды армандаған. Ал алғашқы үлкен сапары 20 жасында басталыпты. Ол кезде Болгариядағы әйгілі “Алтын құмдар” курортына пойызбен барған.
“Пойызбен барып-қайттық. Жолда 18 күн жүрдік. Сол кезде теңізді алғаш көрдім. Теңізге түсіп, шомылғаныма сондай бақытты болдым”, – деп еске алады ол.
“Саяхаттың арқасында қайта күле бастадым”
2000 жыл Гүлбара апайдың өмірін күрт өзгертті. 50 жасында жолдасынан айырылды. Жақын адамынан айырылғаннан кейін ұзақ уақыт есін жия алмай, өзін жоғалтып алғандай күй кешкенін айтады.
Мұны байқаған балалары анасына орта ауыстырып, демалып қайтуды ұсынады. Сөйтіп оны жалғыз өзін Мысырға жібереді. Бұл жай ғана демалыс емес, өмірге қайта оралуға көмектескен сапар болыпты.
“Есімді жия алмай, өз-өзімді таба алмай жүрген кезім еді. Балаларым мені жалғыз өзімді Мысырға жіберді. Саяхаттың арқасында қайта күліп, өмірге жымиюды үйрендім. Мұны көрген балам “Саяхаттасаңыз, бақытты болады екенсіз. Енді сізді жиі жібереміз, әкеміздің арманын орындаймыз” деді”, – дейді Гүлбара апай.
Содан кейін Гүлбара апай саяхатқа жиірек шыға бастаған. Дегенмен ұзақ уақыт оның сапарлары Түркия, Мысыр, Таиланд секілді қазақстандық туристерге таныс бағыттармен шектелген. Ал оның өзі бұдан да алысқа барғысы келді.
Бір мәселе – бірге сапарлайтын адам табу қиын еді.
“Біздің адамдар Түркияға, Әмірліктерге, ары кетсе Таиландқа баруға үйренген. Ал мен басқа елдерді де көргім келетін. Маған жаңа жер, жаңа мемлекет қызық болды”, – дейді ол.
2017 жыл бәрін өзгертті
Гүлбара апайдың саяхатқа деген көзқарасын түбегейлі өзгерткен кезең – 2017 жыл. Сол жылы ол алғаш рет круизбен Еуропаға аттанып, Жерорта теңізі бойындағы Италия, Франция және Испанияны көреді.
Үш елдің ішінде Барселона жүрегінде ерекше қалыпты.
“Барселона маған қатты ұнады. Ол қалаға ғашық болып қайттым. Халқының әдет-ғұрпы, қаланың архитектурасы – бәрі ерекше әсер етті”, – дейді ол.
Осы сапардан кейін круизбен саяхаттау оның сүйікті демалысына айналған. Круиздің бір артықшылығы – бір сапардың ішінде бірнеше мемлекетті көруге болады. Бүгінде Гүлбара апай дәл осы тәсілмен 15 рет саяхаттап үлгерген.
Сол жылы АҚШ визасын да алып, Америкаға жол тартады. Нью-Йоркті көріп, туристік агенттік арқылы бірнеше қала мен әйгілі орындарды аралайды. Голливудқа барып, Гранд-Каньонды өз көзімен тамашалайды.
“Мені Гранд-Каньонның алыптығы таңғалдырды. Сондай ауқымды табиғатты көргенде өзіңді кішкентай сезінеді екенсің. Американың көп жерін аралау мен үшін үлкен мәртебе болды”, – дейді ол.
Осы кезеңнен бастап саяхат қарқыны тіпті үдей түседі. Аз уақыт ішінде ондаған мемлекетке табаны тиеді.
70 жасқа алған сыйлық
2019 жылы Гүлбара апай 70 жасқа толғанда ұлы анасына кезекті зат емес, жаңа әсер сыйлауды жөн көреді. Туған күніне Жапонияға жолдама алып береді. Гүлбара апай құрбысымен бірге екі аптаға жуық саяхаттап, Жапония мен Кореяны аралаған.
Олар Жапонияға баратын уақытты да арнайы жоспарлаған. Мақсат – сакура гүлдейтін мезгілді көру.
“Сакура гүлдеген кезде қала ертегідей көрінеді. Қалаға кіргеннен бастап жолдың екі жағы гүлдеп тұрады. Керемет көрініс. Құрбым екеуміз тіл білмесек те, аудармашыны пайдаланып, жапондармен сөйлесіп жүрдік”, – дейді апай.
Тіл білмеу екеуінің сапарына кедергі болмаған. Керісінше, бейтаныс ортада амалын тауып, адамдармен тілдесудің өзі саяхаттың қызығына айналған.
Майамиді аспаннан да, судан да, жерден де көрген
Көптеген сапарының ішінен Гүлбара апай 2023 жылғы Майами саяхатын ерекше атайды. Бұл жолы жалғыз немесе құрбыларымен емес, екі немересімен бірге аттанған.
Олар Symphony of the Seas лайнерімен круизге шыққан. Сол кезеңде бұл әлемдегі ең ірі круиз кемелерінің бірі болатын. Бірақ немерелерімен сапардың ең есте қалған сәті мұнымен шектелмейді. Ұлы анасына тосынсый жасап, Майами үстінен тікұшақпен ұшуды ұйымдастырған.
“Мен Майамиді аспаннан да, жерден де, судан да көрдім. Тікұшақпен ұшқанда қаланың басқа қырын көресің. Сол кезде көп америкалық әртістер тұратын аралдардың кейбірі қолдан жасалғанын білдік”, – дейді ол.
Круиз оны өзі арнайы іздеп баруы екіталай мемлекеттерге де жеткізген. Соның бірі – Гондурас.
“Мен Гондурасқа барамын деп ойлаппын ба? Ешқашан. Өте кішкентай, бірақ табиғаты керемет ел екен. Сонымен бірге халықтың әлеуметтік жағдайының төмен екенін көріп, көңілім қынжылды”, – дейді ол.
Мексиканың бірнеше аралын аралаған. Еуропаға алты рет барған. Норвегияның қиыр солтүстігіне дейін жетіп, Солтүстік Мұзды мұхитты көрген. Азия сапарлары да аз емес. Сингапур, Малайзия, Вьетнам секілді мемлекеттер оның саяхат картасынан орын алған.
Осылайша, бір кездері “көп ел көрсем” деген арман біртіндеп нақты өмірге айнала бастаған.
Қонақжайлығымен таңғалдырған елдер
Гүлбара Шотбаева аралаған 62 елдің ішінде бірнеше мемлекеттің халқы қонақжайлығы, ашық-жарқын мінезі және туристерге деген ерекше ықыласымен есінде қалғанын айтады. Соның бірі – Испанияның Барселона қаласының халқы.
“Барселоналықтардан бір нәрсе сұрасаң, қуана-қуана жауап беріп, бәрін түсіндіріп береді. Адамдары өте ашық, жылы жүзді. Сол үшін бұл қала маған қатты ұнады”, – дейді ол.
Ал Жапониядағы қарсы алу саяхатшыға мүлде бөлек әсер қалдырған. Круиз кемесі жағалауға тоқтағанда туристер үшін арнайы қойылым ұйымдастырылып, ұлттық мәдениеті көрсетілген.
“Жапониялықтар бізді керемет күтіп алды. Музыка ойнап, би биледі, самурайлардың жекпе-жек өнерін көрсетті, түрлі қойылымдар жасады. Соңында аспанға шарлар ұшырды. Мен мұндай қарсы алуды Жапониядан басқа ешбір елде көрмеппін. Қызығып қарап тұрдым”, – дейді Гүлбара Шотбаева.
Латын Америкасына барған сапарында да жергілікті халықтың мінезі оған ерекше әсер қалдырған. Әсіресе Бразилиядағы әлеуметтік жағдайы ауыр аудандарда тұратын адамдардың ашықтығы мен мейірімділігіне таңғалған.
“Олардың тұрмыс жағдайы бізден әлдеқайда қиын. Бірақ соған қарамастан жүздері жылы, адамдармен тез тіл табысады. Сондай жерде өмір сүріп жатса да, көңілдері ашық екені маған қатты әсер етті”, – дейді саяхатшы.
Армандар дәптеріне жазылған Латын Америкасы
Гүлбара апайдың биылғы саяхатының орны бөлек. 2022 жылы ол армандар дәптеріне Латын Америкасына барғысы келетінін жазып қойған. Бірнеше жылдан кейін сол арманын да орындады. Қаңтардың соңында Латын Америкасына аттанып, Бразилия, Аргентина мен Уругвайды аралаған.
Рио-де-Жанейрода алты күн болған. Оның сөзінше, Латын Америкасы бұрын көрген жерлеріне мүлде ұқсамайды. Бірақ сапар оған бөтен мемлекетті ғана танытып қоймай, Қазақстанға да басқа көзбен қарауға себеп болған.
“Сол жақта жүргенде Қазақстанның қадірін білдік. Ішімізден”Біз қандай керемет елде тұрамыз. Қазақстан жердегі жұмақ екен ғой” дедік”, – дейді ол.
Рио-де-Жанейроның табиғаты мен мерекелік атмосферасы ғана емес, әлеуметтік қарама-қайшылығы да есінде қалған. Туристермен бірге жергілікті гидтің бастауымен фавелалардың біріне экскурсияға барған. Ол жерде қауіпсіздік үшін бағалы заттарын көрсетпеуге тырысқан.
“Ол жақ мүлде өзгеше әлем. Бағалы заттарымызды көрсетпей, тығып ұстадық. Бірақ адамдардың тұрмысын көріп көңілім түсті”, – дейді Гүлбара апай.
Саяхатшының айтуынша, осындай сапарлар әлемнің тек туристік жарнамадағы әдемі келбетін емес, шынайы өмірін де көрсетеді.
Құтқарушы Христос мүсінінің алдында жылап жіберген
Риода Гүлбара апайдың жан дүниесіне ең қатты әсер еткен орындардың бірі – Құтқарушы Христос мүсіні. Ол мүсіннің алдына келген сәтін әлі күнге дейін ерекше толқыныспен еске алады.
“Христостың жүзіне қарағанымда көзімнен жас парлап аға бастады. Мұндай сезім менде Меккеге барғанда болған еді. Дәл сондай күй кештім. Цемент пен темірден жасалған мүсін болса да, адамның жүзіндегі мейірімді жеткізіп тұр. “Сендерді қорғаймын” дегендей сезім береді. Өзімді әрең бастым”, – дейді саяхтатшы.
Ал Рио карнавалы – оның тіпті армандауға қорыққан армандарының бірі.
Әлемге әйгілі карнавалды теледидардан немесе интернеттен көру бір бөлек, оның ортасында жүру мүлде басқа сезім екенін айтады.
“Олар карнавалға бір жыл бойы дайындалады екен. Олар би үшін жанын беруге дайын. Костюмдері қандай! Атмосферасын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Музыка мен у-шудың арасында өзіңнің қалай көңіл көтеріп кеткеніңді байқамай қаласың. Бір сәтке өмірдің өзі өзгеше болып кеткендей көрінеді”, – дейді ол.
Аргентина мен Уругвайда тағы бір ерекше атмосфераға тап болған – футбол. Жергілікті жанкүйерлермен араласып, олардың көшедегі мерекесіне қосылған.
“Олар футболды тойлағанда бүкіл көше мерекеге айналады екен. Жанкүйерлермен бірге араласып, көңіл көтердік. Әр халықтың қуануында да өзіндік ерекшелік болады”, – дейі ол.
Кей жерлерді әдейі интернеттен қарамайды
Жақында Гүлбара апай Венецияға да барып қайтқан. Бір қызығы, ол кейбір қалалар туралы сапарға дейін әдейі көп ақпарат қарамауға тырысады.
Венецияның қалай салынғанын да интернеттен алдын ала зерттемеген. Себебі бәрін алғаш рет өз көзімен көргісі келген. Ол үшін саяхаттың ең үлкен құндылығы да осында.
“Қай елге барсаң да, әр елдің өз ерекшелігі бар. Оны айта берсең өте көп. Бәрін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Оны сезіну керек”, – дейді ол.
Сондықтан Гүлбара апай барған мемлекеттерінің санынан бұрын сол жерлерде сезінген әсерін жоғары қояды.
“Қазір балалық шағымда армандаған өмірді сүріп жүрмін”
Бүгінде Гүлбара Шотбаеваның саяхат қоржынында 62 мемлекет пен 15 круиз бар.
Жылына үш-төрт рет сапарға шығып, әр жолы бірнеше елді қатар аралауға тырысады. Бір кездері өзімен бірге бейтаныс бағыттарға аттанатын адам табу қиын болса, қазір оның саяхатқа қызығатын құрбыларынан құралған өз командасы бар.
Алғашқыда олардың мақсаты бірге әлем көру болған. Кейін бұл орта табыс табуға мүмкіндік беретін іске де айналған.
“Алғашында саяхаттауды ғана мақсат еттік. Қазір өз командам бар. Оның табыс көзіне де айналған кезі бар. Осы үшін өзімді құрметтеймін. Жылына үш-төрт рет саяхаттаймын, әр сапар сайын бірнеше елді көреміз. Бұл деген керемет қой”, – дейді ол.
Гүлбара апай 70 жасқа дейін фитнеспен айналысқан. Қазір де көлікті өзі жүргізеді. Ол зейнет жасын адамның белсенді өмірінің соңы деп қабылдамайды.
“Мен өзім сияқты зейнеттегі адамдарды көрсем, “отырып қалмаңыздар” дегім келеді. Өмір басталады. Адамдарды саяхаттауға шақыру – менің мақсатым деп ойлаймын. Неге енді олар өздері үшін өмір сүріп, дүниенің кереметін көрмеске?” – дейді Гүлбара Шотбаева.
Оның өз сөзімен айтқанда, қазір ол бала кезінде армандаған өмірін сүріп жүр.
20 жасында Болгарияға пойызбен барып, теңізді алғаш көрген бойжеткен кейін бас бухгалтер болды, отбасын құрды, жарынан айырылды, өмірінің ауыр кезеңінен өтті. Ал саяхат оған қайта күлуге көмектесті.
Бүгінде сол бойжеткен 77 жасында Майамиді тікұшақтан тамашалап, Жапонияда сакураның астында серуендеп, Солтүстік Мұзды мұхитқа жетіп, Рио карнавалының ортасында жүр.