Өмірді сақтандыру: Қысылтаяң шаққа қосалқы қаржы ма, әлде отбасыңыз үшін қажет қорғаныс па

Көп адам үшін өмірді сақтандыру әлі де несие алған кезде рәсімделетін қосымша полис немесе қысылтаяң шаққа жиналатын қосымша қаражат сияқты көрінеді. Ал оның мақсаты – адам күтпеген жағдайға тап болғанда өзін және отбасын қаржылай қорғау.
Сақтандыруды қашан рәсімдеген дұрыс? Оның мәні неде? Цифрландыру бұл саланы қалай өзгертеді? Осы сұрақтарға “BCC Life” өмірді сақтандыру компаниясының басқарма мүшесі Талғат Дүйсебаев жауап берді.
– Өмірді сақтандырудың негізгі мақсаты не? Адам қандай жағдайда оның пайдасын көре алады?
– Өмірді сақтандырудың негізгі мәні – адам күтпеген жағдайға тап болған кезде өзіне және отбасына қаржылай қолдау көрсету. Адам ауырып қалуы мүмкін, жұмысынан айырылуы немесе қандай да бір жағдайға байланысты жұмысқа шыға алмай қалуы мүмкін. Сонда табысы тоқтап қалады. Бұдан бөлек, ауыр аурулар да бар. Осындай кезде сақтандыру полисі болса, компания тиісті шығындарды өтеуге жәрдемдеседі. Адамның несиесі болса, оны өтеуге де көмектесуі мүмкін.
Мұнда ең маңыздысы – отбасының қаржылай қиналып қалмауы. Мысалы, балаңыздың оқуына ақша жинап жүрсіз, оны үйлендіргіңіз келеді немесе үй, көлік алып беруді жоспарлап отырсыз. Күтпеген жағдай болып, жинаған ақшаңыз жетпей қалса немесе оны пайдалануға мүмкіндік болмай қалса, сақтандыру компаниясы қажетті төлемді береді.
Өзім төрт баланың әкесімін. Сондықтан ата-ана болған соң балаңның болашағын ойлайсың. "Қайда оқиды? Қандай мамандық таңдайды? Оған қандай жағдай жасай аламын?" деген сұрақтар болады.
Әрине, өмірде не болатынын ешкім білмейді. Бүгін жұмыс істеп жүрген адам ертең денсаулығына байланысты жұмысқа шыға алмауы мүмкін. Сапарға шыққанда да күтпеген жағдай болуы ықтимал. Бірақ барлық нәрсені алдын ала болжай алмасақ та, кейбір тәуекелдерге дайындала аламыз.

– Дегенмен Қазақстанда көпшілік сақтандыруды әлі де несие рәсімдеген кезде бірге ұсынылатын қызмет ретінде қабылдайды. Бұл түсінік қалай қалыптасты?
– Меніңше, бұл бұрыннан қалыптасып қалған түсінік. Бұрын сақтандыру көбіне ипотека немесе несие рәсімдеген кезде қажет болатын қосымша құжат сияқты көрінді. Яғни, "мына сақтандыруды қоса алу қажет" деп көндіреді де, адам ақшасын төлейді. Бірақ оның не үшін қажет екенін, қандай жағдайда пайдасы тиетінін түсіне бермейді.
Сондықтан сақтандыруды жай ғана қысылтаяң шаққа деп ақша шығындау емес, отбасының болашағын алдын ала ойлау деп қараған дұрыс.
– Сақтандырудың осындай мүмкіндіктері бола тұра, неге адамдар оның шарттарын толық түсіне бермейді? Мәселе халықтың қаржы сауатында ма, әлде өнімдердің күрделілігінде ме?
– Бұл екі тарапқа да қатысты мәселе. Дегенмен жауапкершіліктің басым бөлігі бізге, қаржы саласының мамандарына жүктеледі. Ұзақ уақыт бойы сақтандыру өнімдерінің шарттары күрделі заң тілінде жазылып, көптеген талап пен ескертуден тұрды. Әрине, адамдардың мұның бәрін оқып, түсінуге құлқы болмады.
Сондықтан біз өнімдерді өзіміз жеңілдетуіміз керек. Қабат-қабат шарттардың орнына адамға нақты не үшін төлейтінін және қандай жағдайда қандай төлем алатынын жеткізуіміз қажет. Сақтандыру полисі киноға билет сатып алғандай түсінікті болуы керек: адам бір минуттың ішінде не сатып алып жатқанын, қанша төлейтінін және қандай жағдайда төлем алатынын түсінуге тиіс.
– Клиентке сақтандыруды қалай түсіндірген дұрыс?
– Адамға күрделі терминдер мен формулаларды түсіндірудің қажеті жоқ. Оның орнына нақты жағдайды айту керек. Мысалы: "Егер осындай жағдай болса, отбасыңызға балаңыздың оқуына немесе несие төлеуге қажет қаражат беріледі" деп түсіндіруге болады.
Клиент телефоннан өзінің қанша ақша жинағанын, қанша төлегенін және қандай жағдайда қанша қаражат алатынын көре алуы керек.
Ең бастысы – шарттар түсінікті болуы керек. Ұсақ қаріппен жазылған, бір қарағанда түсініксіз талаптар болмауы қажет.
– Өмірде қай сәтте сақтандыру туралы ойлану керек?
– Адам өз болашағы туралы ойланып, өміріндегі маңызды шешімдерді қабылдай бастағанда сақтандыру да қаржы жоспардың бір бөлігі болуы керек.
Мысалы, адам үй сатып алды делік. Ипотеканы сақтандыру – бұрыннан бар тәжірибе. Бірақ бұл жерде үйдің өзін ғана емес, ипотеканы төлеп отырған адамның табысын да ойлаған жөн.
Бала дүниеге келгенде де жаңа мақсаттар пайда болады. Баланың оқуына, болашағына ақша жинау керек.
Жұмыс ауысқанда немесе үлкен зат сатып алғанда да адам өзінің қаржы жағдайын қайта қарап, күтпеген жағдайға дайын болғаны дұрыс.
– Банктер мен цифрлық сервистер бұл процесті қалай жеңілдете алады?
– Қазір сақтандыру рәсімдеу үшін міндетті түрде компанияның кеңсесіне барып, бір бума құжат жинап жүруі керек емес. Көбі банк қосымшасын күн сайын пайдаланады. Сондықтан сақтандыруды да цифрлық қызметтермен бірге дамытуға болады.
Мысалы, полис рәсімдеу картадан картаға ақша аударғандай оңай болғаны дұрыс. Егер қажет мәліметтер жүйеде болса, бірнеше қадамның өзі жеткілікті болуы мүмкін.
– Ал жасанды интеллект бұл саланы қалай өзгертеді?
– Көп нәрсені өзгертуі мүмкін. Бұрын сақтандыру жағдайын қарау үшін түрлі құжат жинап, бірнеше апта күтуге тура келетін. Қазір цифрлық технологиялар мен деректерді талдау бұл процесті жылдамдатуға мүмкіндік береді.
Болашақта қарапайым, стандарт жағдайларда төлемді өте қысқа уақытта рәсімдеуге мүмкіндік болатын шығар. Жасанды интеллектінің бір артықшылығы – адамның көп уақытын алатын қайталанатын жұмыстарды автоматтандыруы.
– Онда сақтандыру агенттерінің жұмысы қалай өзгереді? Жасанды интеллект бәрін істесе, агенттер қажет болмай қалмай ма?
– Жоқ, олардың жұмысы өзгереді деп ойлаймын. Жасанды интеллект есеп жүргізіп, қарапайым полистерді рәсімдей алады. Бірақ әр адамның жағдайы әртүрлі. Күрделі мәселе туындағанда маманның кеңесі әлі де керек. Сондықтан агент біртіндеп жай ғана полис сататын адам емес, клиентке қаржы шешімін таңдауға көмектесетін кеңесші болуы керек.
Адамның өмірінде үлкен өзгеріс болғанда оған жай ғана чат емес, жағдайын түсініп, дұрыс жолды көрсететін маман қажет.
– Сақтандыру саласында сенім мәселесі де бар. Клиент компания қиын кезде шынымен көмектесетініне қалай көз жеткізе алады?
– Ең бастысы – компанияның айтқаны мен істегені бір жерден шығуы керек. Шартта белгілі бір жағдай қарастырылса, сол жағдай болған кезде компания өз міндетін уақытында орындауы қажет.
Сақтандыру компаниясы үшін ең жақсы жарнама – қиын кезде көмек алған адамның шынайы оқиғасы. Адам "маған бірдеңе болса, бұл компания отбасымды жалғыз қалдырмайды" деп сенуі керек. Сенім осылай қалыптасады.
"Сақтандыру адамның өз еркімен жасайтын таңдауына айналуы керек"
– 2030 жылға дейін өмірді сақтандыру саласында қандай өзгерісті үлкен жетістік деп айтар едіңіз?
– Мен үшін ең маңыздысы – сақтандырудың мәжбүрлі нәрсе емес, адамның өз еркімен жасайтын таңдауына айналуы.
Өмірді сақтандыру немесе зейнетақы аннуитетін рәсімдеу телефон сатып алу немесе медицина сақтандыруын алу сияқты қалыпты нәрсеге айналса, бұл жақсы өзгеріс болар еді.
Адамдар сақтандыруды қысылтаяң шаққа деп босқа кететін ақша немесе тағы бір міндетті төлем деп емес, өзінің және отбасының болашағын ойлап жасайтын жоспар деп қабылдаса деймін.
Себебі біз түптеп келгенде үйді, көлікті немесе басқа мүлікті ғана емес, сол дүниелерді қамтамасыз етіп отырған адамның өзін қорғаймыз. Ал отбасы үшін ең маңыздысы – адамның амандығы.