Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Stadler вагондары Қазақстан бағыттарына 2026 жылдың күзінде шығады

вагон

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Қазақстанда шығарылған алғашқы Stadler вагондары 2026 жылдың қазан айының соңында немесе қарашаның басында жолаушылар тасымалы бағыттарына шығуы мүмкін. Мұны Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оның айтуынша, қазір 51 вагонды “Қазақстан темір жолы” АҚ қабылдап, өз балансына алған. Вагондар қосымша сынақтан өтіп жатыр. Атап айтқанда, тежеу жүйесі мен техникалық талаптарға сәйкестігі тексерілуде.

Алайда Жәнібек Тайжанов мерзім әзірге түпкілікті бекітілмегенін айтты. Вагондарды бағыттарға шығару сынақ алдындағы рәсімдердің нәтижесіне және қосымша жұмыстар жүргізу қажеттігіне байланысты болады.

Іске қосу неге кешікті?

Еске салайық, Stadler компаниясы шығарған алғашқы 50 вагон 2025 жылы жолға шығуы тиіс болған. Көлік министрлігінің мәліметінше, Stadler вагондары Қазақстан үшін жаңа болғандықтан, оларды жолаушылар тасымалына шығарар алдында жан-жақты сынақтан өткізу қажет болған. 

“Сынақ сапарлары кезінде қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін бірқатар ескертулер анықталды. Жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және анықталған кемшіліктерді жою үшін қосымша тексерулер тағайындалды”, – деді вице-министр.

Қосымша тексерулер аяқталған соң вагондар Қазақстанның теміржол желісінде қатынай бастауы тиіс.

Жалпы, жолаушылар вагондарын жаңарту бағдарламасы аясында ауқымды жұмыс жоспарланған. 2030 жылға дейін 557 вагон сатып алу көзделіп отыр. Сонымен қатар олардың қай бағыттарда пайдаланылатыны алдын ала анықталмақ.

Stadler Rail AG – өңірлік пойыздар мен трамвайлар өндіруге басымдық беретін швейцариялық теміржол техникасын өндіруші компания.

2022 жылдың желтоқсанында Тоқаев Stadler директорлар кеңесінің төрағасы Петер Шпулермен кездесіп, Қазақстанда вагон шығаратын зауыт салу жобасын талқылаған.

Stadler Қазақстан ЖШС-нің өндірістік алаңы Астанадағы индустриялық парк аумағында орналасқан. Компанияның стратегиялық серіктесі – “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясының еншілес ұйымы "Жолаушылар тасымалы" АҚ.

Айта кетейік, жуырда ұлттық тасымалдаушы Stadler компаниясының швейцариялық вагондарын іске қосудың кешеуілдеуіне қатысты тағы бір мәлімдеме жасаған еді.

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 23 Қыркүйек, 2026 08:01