Алматыдағы MEGA-дан адамдар жедел эвакуацияланды: Дәл қазір онда не болып жатыр
Алматыдағы MEGA ойын-сауық орталығынан келушілер дереу эвакуацияланды. Оқиға орнына өрт сөндіру көліктері барған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлеуметтік желілерде Розыбакиев көшесіндегі MEGA-дан адамдардың сыртқа шығарылып жатқаны және ғимарат маңындағы өрт сөндіру көліктері жүргені түсірілген видео тарады. Сауда орталығының ішінде түсірілген кей видеоларда адамдардан ғимараттан шығуды сұрағаны естіледі.

Сауда орталығының әкімшілігі өрт дабылы іске қосылғанын хабарлады.
“Жағдай бақылауда. Барлық жүйе штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Сауда орталығы жұмысын жалғастырып жатыр. Келушілердің өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ. Қазір тексеру жүргізіліп, жағдайдың нақты себебі анықталып жатыр”, – делінген хабарламада.
Төтенше жағдайлар департаменті оқиғаға байланысты жоғары деңгейдегі шақырту жарияланбағанын хабарлады.
“Ашық от анықталған жоқ. Автоматты өрт дабылының не себепті іске қосылғанын мамандар анықтайды”, – делінген жауапта.
Айта кетейік, бұған дейін 14 тамыз күні сағат 14:30 шамасында Алматының бірнеше ауданының тұрғындары электр қуатының берілуінде іркіліс болғанын хабарлаған еді. Қалада Бостандық, Наурызбай, Әуезов және Алатау аудандарындағы тұтынушылардың электр қуатынан ажыратылғаны ресми түрде расталды. Электр қуатының жаппай үзілуіне KEGOC АҚ-қа тиесілі 500 кВ магистральдық электр беру желілерінің апатты жағдайда ажыратылуы себеп болған.
Қалада байланыс жүйесінде іркілістер болып, жолдардағы қозғалыс қиындады, кейбір бағдаршамдар жұмыс істемей қалды. Электр қуатының өшуіне байланысты қала тұрғындары қалалық инфрақұрылым жұмысының бұзылғанын, соның ішінде әуежай жұмысында да қиындықтар болғанын хабарлады.