"Семей орманы" резерватында өрт шықты: Аймақтағы лагерьден балалар мен қызметкерлер эвакуацияланды
Абай облысындағы "Семей орманы" резерватында шыққан өрт шықты. Жалынның өршуіне байланысты аймақтан 190 бала мен 20 қызметкер эвакуацияланып, аумақ қоршауға алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Абай облысы Полиция департаментінің мәліметінше, өртке байланысты "DosbolLike" балалар лагерінен 190 бала мен 20 қызметкер эвакуацияланды.
"Балалардың үрейге бой алдырмауы үшін эвакуация сабырлы әрі ұйымдасқан түрде жүргізілді. Ең кішкентай балаларды полиция қызметкерлері көтеріп алып шығып, жұбатып, қауіпсіз жерге жеткізді", – деп хабарлады полиция.
Қазір полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмысын жалғастырып жатыр. Өрт шыққан аумақ қоршауға алынып, оқиға орнына апаратын жолдар жабылды. Өрт сөндіру техникасының кедергісіз қозғалысы қамтамасыз етілген.
Жұмыс Төтенше жағдайлар министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Қорғаныс министрлігі және басқа да қызметтермен бірлесіп жүргізіліп жатыр.
Төтенше жағдайлар министрлігі Абай облысындағы "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерваты Бородулиха филиалының Камышенка орманшылығының 57-орамында орман алқабы жанғанын жеткізді.
“Өртті сөндіруге ҚР ТЖМ, ЭТРМ, ІІМ, ҚМ, ДМ, ҰҚК және Абай облысы әкімдігінің күштері мен құралдары жұмылдырылды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ТЖМ қызметкерлері Ішкі істер министрлігі және Абай облысының әкімдігімен бірлесіп "DosBolLike" балалар лагерінің тәрбиеленушілері мен қызметкерлерін алдын ала эвакуациялады. Семей қаласына барлығы 220 адам жеткізілді. Оның ішінде 190 бала мен лагерьдің 30 қызметкері бар.

Оқиға орнында 101 полиция қызметкері кезекшілік атқарып жатыр.
Барлық іс-шараларды үйлестіру үшін ТЖМ Жедел басқару орталығының базасында жедел штаб құрылды. Оның жұмысына барлық жұмылдырылған мемлекеттік органдардың өкілдері қатысып жатыр. Үйлесімді өзара іс-қимылдың арқасында жедел шешімдер қабылданып, жерүсті және авиациялық күштердің жұмысы үйлестіріліп, өртке қарсы іс-шаралар кешені жүргізілуде”, – делінген хабарламада.
Министрліктің мәліметінше, авиация күшімен өрт ошақтарына жалпы көлемі 89 тонна су, 81 рет су төгу жүзеге асырылған.
“Өрт орнына Абай, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарынан және Астана қаласынан ТЖМ бөлімшелері, "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерватының, "Ертіс орманы" орман шаруашылығының күштері және ТЖМ әскери бөлімінің жеке құрамы жіберілді. Алдын ала бағалау бойынша өрттің аумағы – шамамен 60 гектар. Полиция қауіпті аумақты қоршауға алып, өрт орнына баратын жолдарды жапты. Өрт сөндіру, инженерлік және басқа да арнайы техниканың кедергісіз қозғалысы қамтамасыз етіліп жатыр. Сонымен қатар қоғамдық тәртіп сақталып, тұрғындар қалдырған мүлікті күзету шаралары қабылданып жатыр. Жағдай толық бақылауда”, – деді министрлік.
Қазақстандық ер адам үйлену тойының орнына екі әпкесіне үй, қарындасына көлік сыйлады (видео)