Еуропаның бірнеше елінде аптап ыстықтан ормандар өртеніп, адамдар эвакуацияланып жатыр

Еропаның Франция, Испания, Португалия және Грекия елдерінде апатап ыстықтың салдарынан ірі орман өрті болып жатыр. Билік адамдарға жаппай эвакуация жүргізіп, жалынмен күреске мыңдаған құтқарушыны жұмылдыруда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі DW порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Францияның оңтүстігінде жалынмен күресуге мыңдаған өрт сөндіруші, авиация және арнайы техника жұмылдырылған. Францияның оңтүстігінде өрттен екі адам зардап шеккен. Ал қауіпті аймақтан бес мыңға жуық тұрғын эвакуацияланған.
Ірі өрт 4 шілде күні кешке Францияның Шығыс Пиреней департаментіндегі Перпиньян қаласына жақын, жетуі қиын таулы аймақта шықты. Өртті сөндіруге 700-ге жуық өрт сөндіруші, 200 техника, сондай-ақ онға жуық ұшақ пен тікұшақ қатысқан.
Екі адамның – бір өрт сөндіруші мен жергілікті тұрғынның ауыр жарақат алғаны белгілі болды. Билік шамамен бес мың адамды эвакуациялау туралы шешім қабылдады.
“Қазір Шығыс Пиренейде өршіп тұрған бұрын-соңды болмаған ауқымдағы орман өрті өте көп өрт сөндіру күштерін, сондай-ақ ішкі қауіпсіздік қызметтері мен барлық мемлекеттік ведомстволарды жұмылдыруды талап етеді”, – деді департамент префекті Реньо де ла Мот.
Франция билігінің мәліметінше, 6 шілдеде елдің тағы 41 департаментінде жаңа орман өрттерінің шығу қаупі жоғары болып отыр. Оның ішінде жеті департаментте қауіптің ең жоғары деңгейі жарияланған.
Қайта өңдеу кәсіпорнында өрт: Қара түтін қаланы басты
Салоники қаласына жақын маңдағы қалдықтарды қайта өңдеу кәсіпорнында өрт шықты. Қалың қара түтін қала орталығына дейін жеткендіктен, тұрғындарға улы булардың әсерінен сақтану үшін көшеге шықпауға және терезелерін жабық ұстауға кеңес берілді. Сондай-ақ үш елді мекеннің тұрғындары мен тұрақты күтімді қажет ететін 157 адам тұратын мекеме эвакуацияланды.
Полиция абайсызда өрт шығарды деген күдікпен 76 жастағы ер адамды ұстады.
Афина, Португалия, Испаниядағы орман өрті
Бұдан бөлек, Афинаның батысында тағы бір ірі орман өрті тұтанды. Жалынмен 210 өрт сөндіруші, еріктілер және авиация күресіп жатыр.
Ал Испанияның солтүстік-шығысындағы Жирона провинциясында 3 шілдеде басталған орман өрті әлі де таралып жатыр. EFE агенттігінің мәліметінше, жалын шарпыған аумақтың көлемі 2200 гектарға жуықтаған.
Португалияның Возела муниципалитетінде 2 шілдеде тұтанған өртпен күрес жалғасуда. Операцияға шамамен 1200 құтқарушы, 400 техника және 15 ұшақ жұмылдырылған.
Өрттің аумағы 12 мың гектарға жетті. Көрші елге көмек ретінде Испания 120 өрт сөндіруші мен 45 техника жіберді. 5 шілдеге қарай негізгі өрт ошақтарын оқшаулау мүмкін болғанымен, португалиялық БАҚ мәліметінше, жекелеген жерлерде өрт әлі де жалғасып жатыр.
Еуропаның бірнеше еліндегі орман өрттері құрлықта маусым айынан бері сақталып тұрған аптап ыстықтың аясында күшейген.
Бұған дейін Франция орман өрттері қаупіне байланысты "қызыл деңгей" жариялаған болатын. Елдің оңтүстігіндегі өрттердің өршуіне экстремалды ыстық себеп болған.