Қытай теңізде жасанды арал салып бітті: Енді бұл нысан әскери мақсатта пайдаланылмақ
Қытай құрылысшылары мен арнайы жер сорғыш кемелері Оңтүстік Қытай теңізіндегі жаңа жасанды аралды салудың негізгі кезеңін аяқтады. Vantor компаниясының спутниктік суреттері елдің Парасель аралдарындағы таяз риф аумағында ауқымды құрылыс жүргізгенін көрсетеді. Сарапшылардың бағалауынша, рифті құрлық нысанына айналдыру жұмыстары небәрі 10 айда аяқталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үйілген топырақ пен құрлыққа айналған аумақтың көлемі шамамен 600 гектар. Бұл рифті Парасель аралдарындағы ғана емес, бүкіл Оңтүстік Қытай теңізіндегі Қытайға тиесілі ең ірі нысанға айналдыруы мүмкін.

Құрылыс ауқымы және инфрақұрылым
OSINT зерттеушілері риф маңында топырақ тасымалы мен жер сорғыш кемелердің жұмыс істей бастағанын алғаш рет 2025 жылдың соңында байқаған. Бір жылға жетпейтін уақыт ішінде теңіз түбінің жер бедері айтарлықтай өзгерген.
Аумағы мен пішіні
Құрлыққа айналған аумақтың ұзындығы шамамен 6 шақырымға созылып жатыр. Аралдың солтүстік-батыс бөлігінде ұзындығы 3 шақырымнан асатын түзу жағалау сызығы қалыптасқан. Сарапшылардың пікірінше, бұл аумақ ауыр авиация мен стратегиялық бомбалаушы ұшақтарға арналған толыққанды ұшу-қону жолағын салуға қолайлы.

Терең сулы порт
PortNews мәліметінше, аралда ұзындығы 680 метр болатын айлақ салынған. Рифтің лагунасы терең сулы айлаққа айналдырылып, ол Қытай жағалау күзетінің ірі кемелерін, жабдықтау кемелері мен теңіз жасағын орналастырып, оларға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Негізгі инфрақұрылым
Спутниктік суреттерден сұр шатырлы 50-ден астам нысан, тікұшақ алаңы, ірі әкімшілік немесе қойма нысанына арналған іргетас, жеке бетон зауыты мен жылжымалы электр станциялары байқалады.
Стратегиялық маңызы және Тайвань факторы
Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының (CSIS) және Lowy Institute зерттеу орталығының сарапшыларының айтуынша, Бейжің 2017 жылдан бері алғаш рет аралдарды ауқымды түрде кеңейту жұмыстарын қайта бастаған. Ал PLATracker әскери сарапшылары жаңа нысанның стратегиялық маңызы жоғары болуы мүмкін екенін айтады. Олардың пікірінше, Тайвань төңірегіндегі жағдай ушықса, бұл база Қытай үшін маңызды рөл атқарады.

Мұндай нысан Қытайға Баши бұғазына апаратын бағыттарды бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Вьетнам мен Филиппин бағытындағы әуе қорғанысы, радиоэлектрондық күрес және радиолокациялық бақылау жүйелерінің қамту аймағын кеңейтеді.
Тараптардың реакциясы
Вьетнам Парасель аралдарына қатысты аумақтық дауды 1974 жылдан бері айтып келеді. Ресми Ханой Қытай мұндай құрылыс жүргізіп, халықаралық құқық нормаларын бұзды деп санайды.
Ал Қытайдың мемлекеттік БАҚ-тары мен сарапшылары нысан азаматтық мақсатта салынып жатқанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, арал гидрометеорологиялық бақылау жүргізу, теңіздегі кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ашық теңіздегі іздеу-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру үшін пайдаланылады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда тағы бір қытайлық банк пайда болатыны туралы жазған едік.