Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Трамп Қазақстанна жасанды интеллект бәсекесінде АҚШ пен Қытайдың бірін таңдауды талап етпек - БАҚ

ЖИ
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

АҚШ ондаған елге Қытаймен технологиялық бәсекеде қай тарапты қолдайтынын нақтылауды сұрамақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Вашингтонның ұстанымы бойынша, АҚШ бастаған Pax Silica бастамасына қатысатын елдер Қытайдың жасанды интеллект саласындағы бәсекелес коалициясына қатар қосылмауы керек. Демек АҚШ екі бастамаға да қатысатын мемлекеттерге таңдау жасауды ұсынбақ: не АҚШ-пен ынтымақтастықты жалғастыру, не Қытай бастамасына қосылу. Егер ел Қытайдың коалициясына да қатысса, Вашингтон оны Pax Silica құрамынан шығаруы мүмкін.

Reuters мәліметінше, АҚШ Мемлекеттік департаментіжасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі америкалық мәлімдемеге қол қойған 35 елге хат жолдауды жоспарлап отыр. Хаттың нақты қашан жолданатыны әзірге белгісіз.

Қазақстан АҚШ назарында

Қазақстан Вашингтонның ерекше назарын аударып отыр. Себебі еліміз - Орталық Азияда Pax Silica бастамасына қосылған алғашқы мемлекет. Сонымен қатар Қазақстан Қытай құрған жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық коалициясына да қатысады.

Reuters мәліметінше, Қазақстан әзірге екі бастамаға да қатар қатысып отырғаны белгілі жалғыз ел.

АҚШ хатының жобасында Pax Silica-ға қатысу жай ғана ресми мүшелік емес, белгілі бір міндеттемелерді де көздейтіні айтылған.

“Бәрінің бір бөлігі болу – ештеңенің бір бөлігі болмау деген сөз”, – делінген құжатта.

Сонымен қатар елдерге жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты “саналы түрде таңдауға” және Вашингтон бәсекелес деп санайтын бастамаларға қатар қатыспауға ұсыныс жасалған. Америкалық шенеунік Вашингтонның ұстанымы “бәрін бірден алу мүмкін емес” деген қағидаға негізделгенін айтқан. 

“Бір елдің АҚШ бастаған технологиялық серіктестіктің сенімді мүшесі бола тұра, Қытай құрған бәсекелес жасанды интеллект бастамасына қатар қатысуы қиын. Екі тараппен бірдей серіктестік орнату мүмкін емес”, – деді америкалық шенеунік.

АҚШ пен Қытай қалай бәсекеге түсіп жатыр?

Pax Silica бастамасын АҚШ жасанды интеллектке қажет чиптер мен маңызды минералдарды өндіру және жеткізу саласындағы ынтымақтастықты күшейту үшін құрған. Қазір оған Жапония, Аустралия және Оңтүстік Кореяны қоса алғанда, жиырмаға жуық мемлекет кірген.

Ал шілде айында Қытай төрағасы Си Цзиньпин жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Дүниежүзілік ұйым құратынын хабарлады. Бейжің жасанды интеллект модельдерінің салмақты технологияларын америкалық тәсілге балама ретінде ұсынып отыр.

АҚШ пен Қытай арасындағы жасанды интеллект саласындағы бәсекелестік қытайлық модельдердің қарқынды дамуына байланысты күшейіп келеді. Reuters мәліметінше, қытайлық AI модельдері дамып, OpenAI мен Anthropic сияқты америкалық компаниялардың озық жүйелеріне жақындап келеді.

Вашингтон заманауи электроника мен технологияларды өндіруге қажет аса маңызды минералдарға қолжеткізуге тырысып жатыр. Бұл салада Қытайдың позициясы әлі де мықты. Бұған дейін аталған ресурстар АҚШ пен Қытай арасындағы сауда текетіресінде қысым жасау құралы ретінде қолданылған.

АҚШ Мемлекеттік департаменті ішкі құжаттардың таралуына қатысты ақпаратқа түсініктеме беруден бас тартты. Сонымен қатар Қытай мен Қазақстанның Вашингтондағы елшіліктері де агенттік сауалына жедел жауап бермеген.

Айта кетейік, бұған дейін OpenAI компаниясының жасанды интеллекті бақылаудан шығып, кибершабуыл жасағаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сенбі, 15 Тамыз, 2026 17:39