Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Google салығы" Қазақстанға 178,8 миллиард теңге әкелді: Ең көп төлегендер кімдер?

қаржы
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Қазақстан бюджетіне “Google салығы” деп аталып кеткен салықтан түсетін түсім артып келеді. Биыл жыл басынан бері шетелдік цифрлық сервистер мен маркетплейстер бюджетке 51,5 миллиард теңге аударған. Олардың арасында ең көп салықты қай компания төлегені анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2022 жылы “Google салығы” енгізілгелі бері шетелдік интернет-компаниялар Қазақстан бюджетіне 178,8 миллиард теңге аударған. Олардың қатарында маркетплейстер мен әлеуметтік желілер де бар. Бұл дерек 2026 жылы 1 тамыздағы жағдай бойынша көрсетілген.

“Google салығы” – шетелдік компаниялардың Қазақстандағы клиенттерге интернет арқылы тауар немесе қызмет сатқаны үшін төлейтін қосылған құн салығы.

Қазір Қазақстанда қосылған құн салығын төлеуші ретінде 133 шетелдік компания тіркелген. Олардың қатарында Apple, Amazon, Alibaba (1688, Lazada, Tmall және Taobao, AliExpress), Adobe, Canva, Chess, eBay, Google, GTA, iHerb, Huawei, Meta (Facebook және Instagram), Microsoft, Netflix, Nintendo, Ozon, OpenAI (ChatGPT), Pinduoduo, Temu, TikTok, Samsung, Sony және Zoom бар.

Ең көп салық төлеген қызмет түрі қайсы?

2025 жылы шетелдік компаниялар бюджетке 57,6 миллиард теңге салық аударған. Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, қосылған құн салығының едәуір бөлігі танымал шетелдік маркетплейстер мен онлайн-сервистердің үлесіне тиеді. 

Өткен жылы ең көп салықты Elementary Innovation Pte. Ltd. компаниясы төлеген – 13,3 миллиард теңге. Сингапурда тіркелген бұл компания Temu маркетплейсімен байланысты.

Одан кейін Apple – 11,2 миллиард теңге, ал Steam ойын платформасының иесі Valve – 10,3 миллиард теңге төлеген. Google бюджетке 7,3 миллиард теңге, ал iHerb интернет-дүкені 4,9 миллиард теңге аударған.

Алғашқы ондыққа қазақстандық пайдаланушыларға жақсы таныс Meta, TikTok, AliExpress және басқа да шетелдік интернет-дүкендер кірген.

Netflix, Spotify және басқа  да қызметтер қанша салық төледі?

Алғашқы ондыққа кірмейтін танымал шетелдік компаниялар мен платформалар да Қазақстан бюджетіне салық төлеген.

2025 жылы олардың аударған салығы:

  • Netflix (стримингтік сервис) – 353,9 миллион теңге;
  • Spotify AB (музыкалық стримингтік сервис) – 293,1 миллион теңге;
  • Zoom (бейнебайланыс сервисі) – 183,2 миллион теңге;
  • Nintendo (ойын консольдері мен бейнеойындар өндірушісі) – 54 миллион теңге;
  • Coursera (онлайн білім беру платформасы) – 33,2 миллион теңге;
  • Samsung Electronics (электроника өндірушісі) – 9 миллион теңге;
  • IMDb.com (фильмдер мен сериалдар туралы онлайн деректер базасы) – 375,7 мың теңге.

Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, Қазақстанда тіркелген шетелдік компаниялардың барлығы бірдей қосылған құн салығын төлемейді. Компания Қазақстан тұтынушыларына тауар сатқан немесе қызмет көрсеткен жағдайда ғана салық есептеледі. Сондықтан белгілі бір кезеңде компанияның салық төлегені туралы деректің болмауы оның сол уақытта қазақстандықтарға ештеңе сатпағанын немесе қызмет көрсетпегенін білдіруі мүмкін.

Шетелдік интернет-компаниялар төрт жылда қанша салық төледі?

“Google салығынан” түсетін түсім жыл сайын өсіп отырған:

  • 2022 жылы – 10,4 миллиард теңге;
  • 2023 жылы – 24,3 миллиард теңге;
  • 2024 жылы – 35 миллиард теңге;
  • 2025 жылы – 57,6 миллиард теңге;
  • 2026 жылдың басынан 1 тамызға дейін – 51,5 миллиард теңге.

Ең айтарлықтай өсім 2025 жылы байқалды. Сол жылы шетелдік интернет-компаниялар бюджетке алдыңғы жылмен салыстырғанда 22,6 миллиард теңгеге көп салық төлеген.

Биыл бұл көрсеткіш одан да жоғары болуы мүмкін. Жеті айдың ішінде компаниялар бюджетке 51,5 миллиард теңге аударып үлгерген. Бұл 2025 жылдың толық қорытындысындағы түсімге жуық көрсеткіш.

Айта кетейік, бұған дейін Алаяқтық жолмен рәсімделген несиесі есептен шығарылған қазақстандықтар салық төлеуден босатылатыны туралы жазған едік. 

Stan.kz
Сенбі, 22 Тамыз, 2026 14:15