Тоқаев Үкімет отставкаға кетіп, министрлер құрамы өзгеретінін айтты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауынан кейін Үкімет отставкаға кететінін, министрлер кабинетінің құрамында өзгерістер болатынын мәлімдеді. Алайда ол қазіргі Үкіметтің жұмысына сын айтуға негіз жоқ екенін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тоқаевтың айтуынша, үкімет мемлекет басшысы қойған міндеттерді орындап, барынша жедел жұмыс істеп келеді. Оның сөзінше, әлемдегі бәсекелестік күшейіп жатқандықтан, Қазақстан нарықтағы жаңа сын-қатерлерге дайын болуы керек.

"Әлбетте, үкімет отставкаға кетеді. Үкімет құрамында бірқатар өзгеріс болады. Ашығын айтқанда, дәл бүгін үкімет жұмысына алаңдауға немесе оған сын айтуға қандай да бір негіз жоқ. Министрлер де, үкімет жетекшісі де қолдан келгенше міндеттерін атқарып жатыр”, – деді президент.
Сонымен қатар Тоқаев кадрлық өзгерістердің үнемі болып тұратынын айтты. Оның пікірінше, мұндай ауыс-түйіс мемлекеттік аппараттың жұмысына жаңа серпін беруі керек.
“Мәселе біреуді орнынан босатуда емес. Мен жай сылтаумен жұмыстан шығаруға қашанда қарсымын. Әсіресе, қазіргі тілмен айтқанда, медиадағы контент немесе мазмұн үшін ауыс-түйіс жасаудың қажеті жоқ. Кадрлық шешім шын мәнінде жұмысқа тың серпін беруі керек”, – деді Тоқаев.
Президент жаңғыру үдерісі үздіксіз жүруі қажет екенін айтты. Оның айтуынша, бұл процесті алға жылжытуда үкімет маңызды рөл атқарады.
“Бәріміз айтып жүрген жаңғыру үдерісі үздіксіз жүріп отыруы тиіс. Өйткені бұл күрделі процесті алға жетелеп отыру қажет. Бұл істе үкімет маңызды рөл атқарады”, – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Жаңа Конституция күшіне енген соң Қазақстан үкіметі жаңадан сайланған Құрылтай алдында өкілеттігін тоқтататыны туралы жазған едік.