Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан үкіметі биыл отставкаға кетеді

үкімет
Фото: primeminister.kz

Жаңа Конституция күшіне енген соң Қазақстан үкіметі жаңадан сайланған Құрылтай алдында өкілеттігін тоқтатады.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Депутаттар Президент туралы конституциялық заң жобасын қарап, оны бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатта вице-президенттің өкілеттіктері де бекітілген.

Талқылау барысында сенатор Бекболат Орынбеков жаңа Конституцияға сәйкес үкімет жаңадан сайланған Құрылтай алдында өкілеттігін тоқтатуы тиіс екенін айтты. Ол дәл осындай норма вице-президентке де қолданыла ма деген сұрақ қойды.

“Конституцияға сәйкес Үкімет жаңадан сайланған Құрылтай алдында өкілеттігін тоқтатады. Сонымен қатар заң жобасының 20-бабының 1-тармағына сәйкес президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар басшыларының өкілеттігі жаңадан сайланған Президент қызметіне кіріскен кезде тоқтатылады. Алайда олар жаңа басшылар тағайындалғанға дейін міндетін атқара береді. Осындай тәртіп елорда мен облыс әкімдеріне де қарастырылған. Осыған байланысты бұл механизмді вице-президент қызметіне де қолдануға бола ма?”, – деп сұрады сенатор.

Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев вице-президенттің жеке мемлекеттік органды басқармайтынын айтты.

“Вице-президент институтын енгізу мемлекеттік жүйенің тұрақты әрі жүйелі жұмысын қамтамасыз етеді. Вице-президент жеке мемлекеттік органды басқармайды, тек Президенттің атынан өкілдік етеді. Сондықтан жаңадан сайланған президент алдында оның өкілетін тоқтатуды қажет деп санамаймыз”, – деді министр.

Айта кетейік, бұған дейін "Қазақстан Республикасының президенті туралы" конституциялық заң жобасында вице-президенттің мәртебесі мен өкілеттіктері айқындалғаны туралы жазған едік. 

Stan.kz
Жұма, 08 Мамыр, 2026 11:30