Халықаралық бақылаушылар Құрылтай сайлауына жоғары баға берді
Қазақстанда алғашқы Құрылтай сайлауы өтіп жатыр. Дауыс беру барысын бақылау үшін елге бірқатар халықаралық байқаушылар келді. Олар сайлау учаскелерінің дайындығы, комиссиялардың жұмысы, дауыс беру тәртібі, сайлаушылардың белсенділігі және цифрлық технологиялардың қолданылуы туралы пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Пәкістан, Грузия, Ресей және Армения өкілдері сайлау процесіне оң баға беріп отыр.
“Әзірге бәрі ойдағыдай өтіп жатыр”
Шанхай ынтымақтастық ұйымының байқаушылар миссиясы Қазақстандағы алғашқы Құрылтай сайлауына аралық баға берді.

Ұйымның Бас хатшысының орынбасары, миссия басшысы Т. Р. Мидхунның айтуынша, ұйым өкілдері Қазақстанға 20 тамызда келіп, сайлау алдындағы дайындық жұмыстарымен танысқан. Сайлау күні таңғы сағат 06:30-дан бастап миссия мүшелері Астананың түрлі аудандарындағы бірнеше учаскеге барған.
“Қазіргі уақытқа дейін біз ешқандай заң бұзу дерегін байқаған жоқпыз және ешқандай шағым түскен жоқ. Дегенмен, процестің әлі де жалғасып жатқанын атап өткім келеді. Біздің команда сайлау процесін байқауды жалғастырады. Сосын ертең осы жұмысты қорытындылаймыз. Атап айтқанда, осы уақытта күрделі мәселелер болған жоқ. Меніңше, бәрі ойдағыдай өтіп жатыр”, – деді ол.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы миссиясы құрамында ұйымға мүше алты мемлекеттен келген 17 халықаралық байқаушы бар. Олардың қатарында заң шығарушы, атқарушы және сайлау органдарының өкілдері, Қазақстандағы дипломатиялық өкілдіктердің қызметкерлері және ұйыс хатшылығының лауазымды тұлғалары бар.
Байқаушылар Астана мен Ақмола облысындағы сайлау учаскелерінде дауыс беру процесінің ұйымдастырылуын, сайлаушыларға жасалған жағдайды және учаскелік комиссиялардың жұмысын бақылаған.
“Миссия мүшелері дауыс беру учаскелерін еркін аралап, бақылау бағыттарын өз бетінше айқындауда. Біздің жұмысымыз үшін қажет жағдайлар жасалған”, – деді ол.
“Бұл сайлауға жоғары баға беремін”
Қазақстандағы алғашқы Құрылтай сайлауын бақылаған халықаралық байқаушылардың қатарында Пәкістанның сайлау жөніндегі бас комиссары Сикандар Сұлтан Раджа да бар. Ол Астанадағы №228 сайлау учаскесіндегі дауыс беру барысын бақылап, сайлаудың ұйымдастырылу деңгейіне жоғары баға берді.
Оның айтуынша, сайлау учаскелеріндегі тәртіп пен ұйымдастыру деңгейі ерекше әсер қалдырған. Ол бақылау барысында сайлау процесіне қатысушылармен пікір алмасып, олардың жұмысына жауапкершілікпен қарайтынына көз жеткізген.

Пәкістандық байқаушы әртүрлі мемлекеттердің өкілі Қазақстандағы сайлау процесіне қызығушылық танытып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алып жатқанын айтты.
Ол Қазақстанның сайлау жүйесінде қолданылып жатқан цифрлық шешімдерге де назар аударды.
“Біз Орталық сайлау комиссиясының цифрлық технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстарымен таныстық. Бұл біз үшін де пайдалы болды. Көптеген бастамаларды озық тәжірибе ретінде қарастыруға болады. Біз бұл жерден көп нәрсе үйрендік”, – деді ол.
Сикандар Сұлтан Раджа Қазақстандағы цифрлық сервистердің сайлаушыларға ақпарат алуды және сайлау процесіне қатысуды жеңілдететінін мәлімдеді. Сөз соңында ол Құрылтай сайлауы елдің одан әрі дамуына және мемлекеттің нығаюына ықпал ететінін айтты.
“Бұл сайлауға жоғары баға беремін. Өйткені осы сайлау арқылы жалпы сайлаушылардың өкілдері тікелей сайланады. Менің ойымша, бұл елдің одан әрі дамуына және мемлекеттің нығаюына ықпал етеді. Себебі бұл қоғамның кең топтарының қатысуын қамтамасыз ететін неғұрлым инклюзивті сайлау болады”, – деді Пәкістанның Бас сайлау комиссары.
“Сайлау рәсімдері дәйекті түрде сақталуда”
Грузия Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Георгий Каландаришвили Қазақстандағы алғашқы Құрылтай сайлауының ұйымдастырылу деңгейін жоғары бағалады. Ол сайлау үдерісінің ұйымдастырылуынан алған алғашқы әсерін “өте жағымды” деп атады.
“Сайлауды өткізуге жауапты органның төрағасы ретінде мен бұл үдеріске, әрине, кәсіби тұрғыдан қараймын. Рәсімдердің қаншалықты нақты белгіленіп, дәйекті түрде сақталатынына, учаскелік комиссиялардың дайындығына, сайлаушылардың өз құқықтарын еркін әрі артық кедергілерсіз жүзеге асыра алуына, үдерістің қаншалықты ашық және ұйымдасқан түрде өтіп жатқанына ерекше назар аударамын”, – деді Георгий Каландаришвили.
Халықаралық байқаушы сайлау учаскесінің ашылуына қатысып, комиссияның жұмысқа толық дайын болғанын айтты. Оның бағалауынша, барлық қажет рәсім сақталып, азаматтардың дауыс беруі үшін жағдай жасалған.
Грузия Орталық сайлау комиссиясының басшысы сайлаушылардың белсенділігіне де тоқталды.
“Сайлаушылар жоғары қызығушылық танытып отыр. Адамдардың өз елінің болашағын айқындауға қатысуға мүмкіндігі мен ниеті болған кезде ғана сайлаудың мәні бар. Бұл ретте дауыс берудің бейбіт әрі өзара құрмет жағдайында өтуі маңызды. Сонда әр адам еркін әрі саналы таңдау жасай алады”, – деді ол.
Сонымен қатар Георгий Каландаришвили Қазақстан мен Грузияның сайлау органдары арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік бар екенін айтты.
Оның сөзінше, мұндай ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарына сайлау технологиялары, киберқауіпсіздік, комиссия мүшелерін даярлау, азаматтарды ақпараттандыру, логистика және сайлау процесінің ашықтығын арттыру жатады.
Ол кәсіби диалог сайлауды тиімдірек әрі азаматтарға түсінікті етуге және қоғамның сайлау жүйесіне деген сенімін нығайтуға мүмкіндік беретінін айтты.
“Ұйымдастыру деңгейі өте жоғары”
Ресей Федерациясы Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Элла Памфилова да Қазақстандағы алғашқы Құрылтай сайлауын бақылауға қатысты. Ол Астанадағы №282 сайлау учаскесіне барып, комиссия мүшелерінің жұмысы және сайлаушыларға жасалған жағдаймен танысты.
Памфилова Қазақстандағы сайлауларға Ресей Орталық сайлау комиссиясы өкілдері бұған дейін де бақылаушы ретінде қатысып келгенін, алайда Орталық сайлау комиссиясының төрайымы ретінде Қазақстанға алғаш рет келгенін айтты.
“Қазақстандағы әр сайлауға Ресейден міндетті түрде әріптестерім келеді. Ал мен Орталық сайлау комиссиясының төрайымы ретінде алғаш рет келіп отырмын. Әріптесіме міндетті түрде келемін деп уәде берген едім. Өйткені бұл сайлаудың қаншалықты маңызды екенін түсінемін. Бұл – жаңа Конституцияға сәйкес өтіп жатқан Құрылтайдың алғашқы сайлауы”, – деді Элла Памфилова.
Оның айтуынша, Қазақстан мен Ресейдің сайлау органдары тығыз ынтымақтастық орнатып, тәжірибелерімен тұрақты түрде алмасып келеді. Памфилова бірнеше сайлау учаскесін аралап, олардың уақытында ашылғанын және комиссия мүшелерінің дайындығы жоғары екенін айтты.
“Бүгін бірнеше сайлау учаскесіне бардық. Олардың барлығы уақытында ашылды. Комиссия мүшелерінің дайындығы өте жақсы. Оларды оқыту бойынша үлкен жұмыс жүргізілгені көрініп тұр. Әрқайсы өз міндетін жақсы біледі, сайлаушыларға өте мұқият әрі сыпайы қарым-қатынас жасайды. Дауыс беру құпиясы қамтамасыз етілген. Ұйымдастыру деңгейі өте жоғары”, – деді ол.
Ресей Орталық сайлау комиссия төрайымы Қазақстандағы сайлау процесінде Ресей тәжірибесінде қолдануға болатын бірқатар шешімдерге назар аударғанын айтты. Атап айтқанда, ол бюллетень алған кезде сайлаушы тізімнен тек өзінің жеке деректерін көре алатын жүйеге тоқталды.
“Бірнеше өте пайдалы шешімге назар аударып үлгердім. Маған жеке деректердің толық құпиялығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін трафареттер ұнады. Сайлаушылар бюллетень алған кезде қол қойған уақытта тізімнен өз деректерін ғана көреді. Бұл – өте жақсы шешім. Менің ойымша, біз де осы тәжірибені қолданамыз. Сонымен қатар назарымызға алған басқа да тұстар бар”, – деді Элла Памфилова.
Оның айтуынша, Қазақстандағы сайлауды бақылау үшін 22 елдің өкілдері келген. Ол мұндай кездесулер мемлекеттерге бір-бірінің тиімді тәжірибелерін зерделеуге мүмкіндік беретінін жеткізді.
“Сайлаушылардың белсенділігі жоғары”
Армения Орталық сайлау комиссиясының халықаралық ынтымақтастық және қоғаммен байланыс басқармасының басшысы Эрмине Арутюнян да Қазақстандағы сайлау процесіне оң баға берді. Ол елордадағы Қ. Мыңбаев атындағы мектеп-лицейге барып, №131 сайлау учаскесінің жұмысымен танысты.
Армения сайлау комиссиясының делегациясы Қазақстанға дауыс беру басталардан бір күн бұрын келген. Эрмине Арутюнянның айтуынша, халықаралық сарапшыларға сайлауға дайындық барысын бақылауға және сайлау учаскелерін аралауға мүмкіндік берілген.
“Біз дауыс беруге бір күн қалғанда келдік. Кеше Орталық сайлау комиссиясының жұмысымен танысуға мүмкіндік алдық. Орталық сайлау комиссиясы атқарып жатқан жұмыстың ауқымы бізге ерекше әсер етті”, – деді ол.
Оның айтуынша, Қазақстандағы сайлау инфрақұрылымы жоғары деңгейде әзірленген. Барлық рәсім қолданыстағы заңнама талаптарына сай ұйымдастырылған.
“Дауыс беру күні азаматтардың белсенділігі жоғары екенін көріп отырмыз. Демалыс күніне қарамастан, ел тұрғындары таңертеңнен бастап сайлау учаскелеріне белсенді түрде келіп жатыр. Дауыс беру барысы еш кедергісіз, бірқалыпты өтуде. Бұл әрбір сайлаушыға қолайлы жағдай жасалғанын көрсетеді”, – деді Эрмине Арутюнян.
Ол сайлау учаскелерінде мерекелік көңіл-күй орнағанын да айтты. Армения өкілі елдің көпжылдық парламенттік тәжірибесі бар екенін, Қазақстандағы жаңа сайлау жүйесінің қалай жүзеге асырылып жатқанын қызығушылықпен бақылап отырғанын жеткізді.
“Армения республикасының жүз пайыздық пропорционалды сайлау жүйесіне негізделген парламенттік жүйе аясында көпжылдық тәжірибесі бар. Сондықтан Қазақстанда осыған ұқсас тетіктердің іс жүзінде қалай жүзеге асырылып жатқанын үлкен қызығушылықпен бақылап отырмыз. Қазіргі реформалар елдің алдағы саяси дамуының берік негізін қалайды”, – деді ол.
Армениялық байқаушы халықаралық сарапшылар Қазақстандағы сайлау процесінің цифрландырылуына ерекше назар аударғанын айтты. Оның пікірінше, заманауи технологиялар мен электрондық сервистер сайлау жүйесінің ашықтығын арттырып отыр.
