Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бірі отбасымен келсе, енді бірі кезекте тұр: Құрылтай сайлауына қатысқан әкімдер

Құрылтай депутаттарын сайлауда қала мен облыс әкімдері де дауыс беріп, өз таңдауларын жасады. Әкімдердің бірі отбасымен келсе, енді бірі бюллетень алуға кезекте тұрған суреттерін жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

 

Астана, Алматы мен Шымкент әкімдері 

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек дауыс берген сәтінен суреттер жариялап, сайлау әр азаматтың ұстанымын білдіріп, елдің даму бағытын айқындауға тікелей қатысуға мүмкін береді деп жазды. 

"Бүгін Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауында дауыс бердім. Бұл – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиға. Жаңа Конституцияға сәйкес, Құрылтай заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді органға айналады", – деді Жеңіс Қасымбек. 

Ал Алматы әкімі Дархан Сатыбалды бюллетень алуға кезекте тұрған суретін жариялады. 

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев үндеуінде атап өткендей, болашағымыз әрқайсымыздың саналы таңдауымызға байланысты. Қазақстанның жарқын келешегі әр азаматтың жауапкершілігі мен адалдығынан басталады", – деді ол.

Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков №231 сайлау учаскесінде дауыс берген. 

Облыс әкімдері

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қонаев қаласындағы №949 сайлау учаскесінде дауысын берді. Дауыс бергеннен кейін аймақ басшысы журналистердің сауалына жауап беріп, Қазақстан азаматы ретінде өз таңдауын жасағанын мәлімдеді. 

Ал Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетаудағы №18 сайлау учаскесінде дауыс берген. Сондай-ақ ол аймақ тұрғындарын дауыс беруге шақырып, конституциялық құқығын пайдалануға үгіттеді. 

СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те дауыс бергендердің қатарынан табылды. 

Маңғыстау әкімі Нұрдәулет Қилыбай №68 учаскеде дауыс берген. Аймақ басшылығының мәліметінше, Маңғыстау облысында тұрғындар белсенді дауыс беріп жатыр. Ал учаскелердің маңында концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, жәрмеңкелер ашылған. 

Ақтөбе әкімі Азамат Бекет №46 сайлау учаскесіне отбасымен келді. Қалада сайлау учаскелерінде шағын жәрмеңкелер, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, әкім жәрмеңкеден жергілікті өнімдер сатып алып, кәсіпкерлерге қолдау көрсеткен.

Назархан Уән
Жексенбі, 23 Тамыз, 2026 13:50