Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда вице-президенттің өкілеттіктеріне не кіретіні белгілі болды

Костюм киген ер адам
Фото: istockphoto.com

"Қазақстан Республикасының президенті туралы" конституциялық заң жобасында вице-президенттің мәртебесі мен өкілеттіктері айқындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Заң жобасында вице-президентті тағайындау тәртібі, үміткерге қойылатын талаптар және өкілеттіктерін тоқтату негіздері көрсетілген.

Заң жобасына сәйкес, вице-президентті президент Құрылтай мүшелерінің келісімімен тағайындайды. Бұл ретте Құрылтай мүшелерінің көпшілік дауысы тағайындауды қолдауы тиіс.

Үміткерге қойылатын талаптар:

  • туғаннан Қазақстан азаматы болуы;
  • жасы 40-тан төмен болмауы;
  • мемлекеттік тілді еркін меңгеруі;
  • соңғы 15 жыл бойы ел аумағында тұрақты тұруы;
  • жоғары білімі болуы.
"Вице-президент президенттің тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды, сондай-ақ мемлекет басшысы айқындайтын өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады. Президент қызметінен мерзімінен бұрын кеткен жағдайда, оның өкілеттіктері вице-президентке өтеді. Егер ол бұл өкілеттіктерді қабылдай алмаса, міндеттер Құрылтай төрағасына, одан кейін премьер-министрге беріледі", – делінген заң жобасында.

Бұған дейін конституциялық реформа жөніндегі комиссия отырысында вице-президенттің өзге ақылы қызметтерді атқара алмайтыны, кәсіпкерлікпен айналысуға, депутат болып сайлануға немесе саяси партия құрамында болуға құқығы жоқ екені айтылған еді. 

Заңда вице-президенттің қызметінен кетуінің бірнеше жағдайы қарастырылған. Өз еркімен отставкаға кетуінен немесе президенттің тікелей шешімінен бөлек, келесі жағдайларда оның өкілеттіктері автоматты түрде тоқтатылады:

  • Қазақстан Республикасы азаматтығынан айырылғанда немесе басқа елде тұруға ықтиярхат алған жағдайда;
  • соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген кезде;
  • тұлға әрекетке қабілетсіз деп танылғанда, хабар-ошарсыз кеткен деп танылғанда немесе қайтыс болған жағдайда.

Президент 20 күн ішінде Құрылтайға жаңа кандидатураны ұсынады. Егер осы кезеңде Құрылтай жұмыс істемесе, мерзім оның жұмысы басталған күннен немесе жаңа сессиясы ашылған сәттен бастап есептеледі.

Еске салсақ, бұған дейін Ұлттық Құрылтай отырысында Тоқаев мемлекеттік хатшы лауазымын қысқартып, орнына вице-президент қызметін енгізуді ұсынған еді. Вице-президенттің Құрылтай жасақталған соң сайланатыны белгілі болды. 

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 05 Мамыр, 2026 18:37