Смартфондарды тартып алып, банк шоттарын тонаған: Астанада жасөспірімдер сотталды
Астанада бірнеше рет тонау, ұрлық және алаяқтық жасаған екі кәмелетке толмаған жасөспірімге сот үкімі шықты. Олардың әрекетінен жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын 3 миллион теңгеден асқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарбайды.
Астананың кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, 2026 жылғы 26 наурызда бір топ жасөспірім бұған дейін олардың бірін ұрып-соққан жігітпен есеп айырысу үшін Koktal сауда үйіне барған.
Фудкорт аумағында басталған жанжал жаппай төбелеске ұласып, салдарынан үш адам соққыға жығылған. Келушілер арасында дүрбелең туған.
Ал сәуір айында екі жасөспірім пышақ пен телескопиялық шоқпармен қорқытып, бір жасөспірімнің құны 341 мың теңгеден асатын смартфонын тартып алған. Кейін ұрланған телефонды сатып жіберген.
Сәуір-маусым айлары аралығында олар түрлі сылтаумен телефондарды иемденіп отырған. Бірде қоңырау шалу үшін сұрап алса, енді бірде жәбірленушілердің қолынан ашық түрде жұлып әкеткен.
Сонымен қатар жасөспірімдердің бірі танысының Kaspi қосымшасы арқылы депозиттік шотынан 620 мың теңге ұрлаған. Тағы бір жағдайда Бурабай ауданындағы дүкен сатушысынан iPhone 15 Pro телефонын алып, оның шотынан 237 мың теңге шешіп алған. Оқиғадан келген жалпы шығын 837 мың теңге болған.
Екі сотталушы да кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтқан. Олардың біреуі бұған дейін де ұрлық жасағаны үшін сотталған.
Сот үкімімен екі жасөспірімнің әрқайсысы бес жылға бас бостандығынан айырылды.
Ал сауда үйіндегі төбелеске қатысқан тағы үш кәмелетке толмаған жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Оларға тәрбиелік ықпал етудің мәжбүрлеу шаралары қолданылды.
Жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығын толық өтелген.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда пәтер ұрлығы тіркелген. Бұл жолы жөндеу жұмыстарына келген кондиционер орнатушы үйдің есік кодын біліп алып, кейін түнде бейтаныс адамдармен бірге қайта келіп, мүліктерді алып кеткен. Пәтер иесінің айтуынша, ұрланған заттардың қатарында төрт кондиционер, су ағуын анықтайтын екі құрылғы және қымбат сантехника бұйымдары бар. Келтірілген шығын 1 миллион теңгеден асады. Әйел әзірге полицияға арыз бермеген.
"Арқан тарту, күйеу көру, тамада": Қазақтың тойы заман ағымына қарай қалай өзгерді