Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда кондиционер орнатуға келген жұмысшы пәтер иесінің заттарын ұрлап, шығынға батырып кеткен

құрылысшы
Фото: скриншот

Алматыда пәтерін жөндетіп жатқан Айжан есімді әйел аяқ асты миллион теңгеден астам шығынға баттым деп әлеуметтік желіге жанайқайын жариялады. Оның айтуынша, үйде ешкім тұрмайтынын білген кондиционер орнатуға келген жұмысшы кеш бата қасына бейтаныс адамдарды ертіп, жаңадан сатып алған техника мен сантехника бұйымдарын ұрлап кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

 

Оқиға Алматының Бостандық ауданында, бизнес санаттағы тұрғын үй кешендерінің бірінде болған. Пәтер иесі Айжан Рахымберлинова өзі Астанада тұрады. Оның сөзінше, қазір Алматыдағы баспанасын жөндетіп жатыр. Шеберлерді таныстары арқылы тауыпты. Кондиционер орнататын маманды сол жұмысшылар шақырған. 

"Кондиционер орнататын адам бірнеше күн бойы пәтерге келіп, қабырғаларды дайындап жүрген. Басқа жұмысшылармен бірге кіріп-шығып, есіктің кодын біліп алған. Үйде әзірге ешкім тұрмайтынын да білген. Кейін түнде өзге адамдармен бірге келіп, заттарымды алып кеткен", – дейді Айжан.

Айжан
Фото: Stan.kz

Пәтер орналасқан тұрғын үй кешені тәулік бойы күзетіледі. Кіреберіс есіктеріне кодты құлып орнатылған, келушілер арнайы журналға тіркеледі. Камералар тіпті пәтер есігінің үстінде де бар.  

"Күзетшілер олардың біздің пәтерде жұмыс істеп жүргенін білетін. Сондықтан еш күмәнсіз кіргізген. Бірақ заттар ұрланған күні үйден қораппен техника алып шығып бара жатқанын көріп, күдіктенген. Сөйтіп, олардың жүзін және заттар тиелген көліктің нөмірін телефонына түсіріп алыпты", – деді әйел.

Айжан заттарының жоғалғанын Алматыға келгенде білген. Пәтерден әрқайсысы 180 мың теңгеге сатып алынған төрт жаңа кондиционер жоқ болып шыққан. Бұдан бөлек, жалпы құны 400 мың теңге болатын су ағуын анықтайтын екі құрылғыны да таппаған. Тек осы алты заттың өзіне 1 миллион 120 мың теңге жұмсадым дейді ол. Әйел бұлардан бөлек, қымбат сантехника бұйымдарының да жоғалғанын айтады.

"Жөндеу жұмыстарын басқарып жүрген адамнан кондиционерлерді сұрадым. Ол құрылыс материалдарының астында тұрғанын айтты. Бірақ қанша іздесек те, таппадық. Кондиционер орнатушыны өзі шақырғандықтан, жағдайды анықтауға екі күн уақыт сұрады", – деді Айжан.

 

Пәтер иесінің сөзінше, заттарды алып кеткен адамдар екі унитазды да әкетпек болған. Алайда олар көлікке сыймай, пәтерде қалып қойған көрінеді.  

"Бұл жағдайды кеше ғана білдім. Алматының қақ ортасында, күзеті бар тұрғын үйде мұндай жағдай болады деп мүлде ойламадым. Мен жұмыс істеп, ақша тауып, пәтеріме қажеттінің бәрін сатып алып жатырмын. Жұмысшыларға сеніп, ақшасын да алдын ала төледім. Қазір отырып жылап отырмын. Мұндай бассыздықтың болуы мүмкін екеніне әлі де сене алар емеспін", – деді ол.

Қазір пәтер иесі тұрғын үй кешеніндегі бейнебақылау жазбаларын жинап, заттарды алып кеткен адамдарға қатысты мәліметтерді анықтап жатқанын мәлімдеді. Ол әзірге полицияға арыз бермеген. Қажетті бейнежазбалар мен өзге де деректер қолына тиген соң құқық қорғау органдарына жүгінбек.

Қарлығаш Асқарова
Дүйсенбі, 19 Қазан, 2026 19:49