Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде әлеуметтік нысандарды салу үшін Ұлттық қордың қаражаты пайдаланылмақ

Тоқаев
Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда әлеуметтік нысандар салу үшін Ұлттық қордың қаражатын пайдалануға дайын екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мемлекет басшысы ұлттық қордағы ақша халық игілігіне жұмсалуы керегін айтты. 

“Халықтың игілігіне жаратуға болатын кезде қаражатты шетелде бағалы қағаздар түрінде неге ұстап отыруымыз керек? Мен бұл қаражатты жай ғана сақтап отыруға қарсымын. Олар халыққа қызмет етуі керек”, – деді Тоқаев.

Президенттің сөзінше, облыс орталықтарында, аудандар мен қалаларда ауқымды құрылыс жобалары жүзеге асырылады.

“Емханалар, балаларды оңалту орталықтары және басқа да әлеуметтік нысандар салынады. Астанада жаңа көпір, Домбыра сарайы, Су ресурстарын зерттеу орталығы сияқты маңызды нысандар бой көтереді. Қалаларды абаттандыру қажет”, – деді Президент.

Сонымен қатар “Таза Қазақстан” акциясын жүйелі түрде жалғастыру қажет екенін айтты. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл мәселеде ешкім қол қусырып отырмауы керек. Барлығы бірлесіп жұмысқа кірісуі қажет.

“Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Сондықтан әрқайсымыз оның дамуына өз үлесімізді қосуымыз керек. Жалпы, сайлау науқаны жақсы өтті. Қоғамдық-саяси аренаға жаңа тұлғалар шықты, мазмұнды әрі сындарлы ұсыныстар айтылды. Құрылтай еліміздің дамуына жаңа серпін береді деп ойлаймын”, – деді президент.

Айта кетейік, бұған дейін Тоқаев президент сайлауына түсу-түспеу жайлы шешімін 2027 жылы жария ететіні туралы жазған едік. 

Stan.kz
Жексенбі, 23 Тамыз, 2026 13:38