Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда орынбасарлары сотталған әкімдер отставкаға кетті ме: Шолу

әкімдер мен орынбасарлар
Фото: Stan.kz

Орынбасары ұсталған әкім кетуі керек пе? Қазақстан заңнамасында орынбасары сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталған әкім 10 күн ішінде отставкаға өтініш беруі тиіс. Алайда практикада бұл талаптың орындалуы әртүрлі болды. Отставкаға өтініш қаншалықты қабылданады? Stan.kz тілшісі шолу жасап көрді.

 

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары

Жақсылық Омар
Фото: Gov.kz

2025 жылдың соңында Шығыс Қазақстан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті әкім орынбасары Жақсылық Омар қол астындағы қызметкерлер мен ведомствоға қарасты ұйымдардан үнемі ақша бопсалап жүргені туралы ақпарат алған. Ол сол адамдарға қызметте жоғары лауазым ұсынатынын, ал бас тартса, оларды жұмыстан шығарып, лауазымдарын төмендететінін айтып қорқытқан. Осыдан соң Омардың үстінен іс қозғалды.

Айыптау екі эпизод бойынша болды. Бірінші жағдай Жақсылық Омардың Өскемен қаласының әкімі болып жұмыс істеген кезеңіне қатысты.

Жәбірленуші біреудің өтінішімен қалалық кәсіпорындардың бірінен материалдық көмек ретінде автокөлік алу туралы өтініш рәсімдеп, 2021 жылғы Toyota Camry 75 автокөлігін алған. Кейін көлікті әкімдік ғимаратына жеткізіп, кілтін тапсырып, содан кейін оны қайта көрмеген. Автокөлік үшінші тұлғаның атына қайта рәсімделіп, trade-in бағдарламасы арқылы жаңа үлгідегі көлікке айырбасталған. Ал бұл көлікті айыпталушы пайдаланған.

Жәбірленушіге келтірілген шығын 13 миллион теңге деп бағаланды.

Ал облыс әкімінің орынбасары болған кезде әкімдік қызметкерінен "олқылықтарды жасыру үшін" үшін 20 миллион теңге әкелуді сұраған. Қызметкер ҰҚК-ге хабарласқан. Қауіпсіздік қызметінің бақылауымен күдікті төлемнің алғашқы бөлігін – 6 миллион теңгені қолма-қол алған. Сол кезде ақша тәркіленіп, әкім орынбасары ұсталды. 

Жақсылық Омар Қылмыстық кодекстің “ірі көлемде алаяқтық жасау” және “ірі көлемде пара алу” баптары бойынша кінәлі деп танылып, 6 жылға сотталды.

Сол мезетте Шығыс Қазақстан облысын Нұрымбет Сақтағанов басқарды.

Нұрымбет Сақтағанов
Фото: ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

Ол бұрынғы орынбасары Жақсылық Омарға қатысты үкім күшіне енгеннен кейін қызметінен кету туралы өтініш берген. Алайда оның өтініші қанағаттандырылған жоқ, яғни ол өз орнында қалды.

"Қызметтен кету туралы өтінішті қарау нәтижесінде және оның іске қатысы жоғын ескере отырып, оны қызметінен босатудан бас тарту туралы шешім қабылданды", – деп мәлімдеді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Лаура Жакупова.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары

Мақсұт Исаханов
Фото: gov.kz

2023 жылы шілдеде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исаханов пара бергені үшін ұсталды. 

2020 жылы қаладағы жылу құбырын жөндеу үшін өткізілген тендерге байланысты дау туған. Тендерді жеңіп алған құрылыс компаниясы әкім орынбасарының үстінен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне шағым түсіріп, қылмыстық іс қозғалған. Алайда бұл істі жабу үшін Исахов Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Манат Сарбасовқа 200 мың доллар пара беруге оқталған.

2024 жылы оған үкім шығып, 8 жыл 5 айға сотталды. Сондай-ақ өмір бойына мемлекеттік қызметте істей алмайды.

Мұрат Әйтенов
Фото: wikipedia

Облыс әкімі сол мезетте Мұрат Әйтенов еді. Ол орынбасары ұсталғаннан соң 1,5 айдан кейін, яғни 2023 жылы қыркүйекте президент жарлығымен қызметінен босатылды.

Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары

Ержан балтаев
Фото: gov.kz

2023 жылы тамызда Батыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Ержан Балтаев “Қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін” сотталды. 

Ол орынбасар болмай тұрып, "Ақжайық" СПК директоры болған. Кейін әкім орынбасары болған соң да, оның жұмысына араласқан. "Ақжайық" СПК басқарма төрағасының бірінші орынбасары Артур Досқалиевке ол жүргізушісі Елеусінов пен белгілі бір Молдаханды жұмысқа орналастыруды тапсырды. Жұмысқа тіркелгенімен, шын мәнінде жұмыс істемейтінін айтқан.

Ержан Балтаевқа 2500 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) немесе сол кездегі есеппен 8,6 миллион теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар оған өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды.

Фото: parlam.kz

Алайда облыс әкімі Нариман Төреғалиев отставкаға өтініш берген жоқ. Себебі бұл жайт  "Мемлекеттік қызмет туралы" Заңның нормасына келмейді. Заң бойынша облыс әкімі тағайындалған күннен бастап 3 ай өткен соң, оның орынбасары сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасаса, оның қызметінен кетуі керек.

“Балтаевтың қылмысы 2023 жылдың ақпан айында тіркелген. Ал Нариман Төреғалиев облыс әкімі қызметіне 2022 жылдың 2 желтоқсанында тағайындалды. 2023 жылдың ақпан айында Ержан Балтаев қылмыс жасаған уақытта, Нариман Төреғалиевтің әкім қызметіне тағайындалғанына үш ай уақыт өтпеген”, – делінген облыс әкімдігінің хабарламасында.

Атырау облысы әкімінің орынбасарлары кезекпен ұсталды

Нұрлан таубаев
Фото: gov.kz

 

2020 жылы Атырау облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Таубаев 182 миллион теңге пара алғаны үшін ұсталды. Бір құрылыс компаниясы Құлсары қаласында жұқпалы аурулар модульдік ауруханасын салуға тендерді жеңген. Ал Таубаев сол құрылыс эксплуатациясына қол қою үшін сыбайластары арқылы ақша талап етіпті. 

2022 жылы сот Қылмыстық кодекстің 366-бабының 4-бөлігі "Аса ірі көлемде пара алуға оқталу" бойынша кінәлі деп танып, 10 жылға сотталды. Ал құрылыс басқармасының бұрынғы бастығы Тимур Басаров 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сол кезде Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов болған. Ол отставкаға кетуге дайын екенін айтса да, президент бұл шешімін қабылдамады. 

2021 жылы желтоқсанда  Атырау облысы әкімінің тағы бір орынбасары Бақытгүл Хаменова да парамен ұсталды. Ол Атырауда Абай ескерткішін орнатуға мемлекеттік сатып алу шартын жасасу үшін 4,5 миллион теңге алған.

Фото: parlam.kz

Онымен бірге мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының бұрынғы басшысы Ақылбек Рысқалиев, "Балқыту" ЖШС директоры Өміртай Адамов та сотталды. 

Сот Хаменованы Қылмыстық кодекстің 366-бабының 3-бөлігінің 2-тармағы “Адамдар тобымен ірі мөлшерде пара алу” бойынша кінәлі деп тапты. Ол өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан, “Құрмет” орденін айырылып, 7 жылға сотталды. Балаларының болуына байланысты жазаны өтеу 3 жылға шегерілді. Осы кезде ол пробациялық бақылауда болды. Кейін бас бостандығынан айыру жазасы бас бостандығын шектеуге ауыстырылды. 

Махамбет Досмұхамбетов
Фото: gov.kz

Бұл кезде де облысты Махамбет Досмұхамбетов басқарған. Әкім 2022 жылы президент жарлығынан кейін ғана қызметінен кетті

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары

Руслан Мамунов
Фото: gov.kz

2020 жылы Ақтөбе облысы әкімі Оңдасын Оразалиннің орынбасары Руслан Мамуновқа бірнеше айып тағылып, ұсталды. 

2016 жылы Қостанайдың бұрынғы әкімі Ахмедбек Ахметжанов пара алғаны үшін сотталады. Сол кезде Мамунов сотталған әкімнің туыстарына жеңіл жаза тағайындауға көмектесемін деп заңсыз 1,2 миллион доллар алған. Кейін Қостанайдың бұрынғы әкімінің әйелі мен ағасы берген ақшаға екі Lexus көлігі мен екі бөлмелі пәтер сатып алған. 

Оған Қылмыстық кодекстің 28-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы “Қылмыстық құқықбұзушылыққа қатысушы, басқа адамды азғыру, пара беру, қорқыту немесе басқа тәсілдермен қылмыстық құқық бұзушылық жасауға көндірген азғыру”,  190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы “Аса ірі көлемдегі алаяқтық” және 367-баптың 4-бөлігі “Аса ірі көлемдегі пара беру” бойынша кінәлі деп танылып, 12 жылға сотталды. Сондай-ақ заңсыз жолмен алынған екі Lexus көлігі мен екі бөлмелі пәтер тәркіленді. 

Оңдасын Оразалин
Фото: nege.kz

Алайда Оразалин отставкаға кеткен жоқ. Себебі Руслан Мамунов қылмысты мемлекеттік қызметке тағайындалып, Оразалиннің командасына қосылмас бұрын жасаған.

Атырау қаласы әкімінің орынбасары

Мейіржан Мұқасов
Фото: Атырау облысы әкімдігі

Биыл маусым айының басында Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасовтың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Әзірге ҰҚК департаментінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі істі тергеп жатыр.

Қылмыстық іс материалдарында 40 миллион теңге көлеміндегі сома және тағы бір күдікті туралы деректер бар. "Тұрғын үйлерге қалалық коммуналдық қызмет көрсету" ЖШС бас директорының орынбасарына да қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Ұсталғаннан кейін Мейіржан Мұқасов процессуалдық келісім жасауға ниет білдіргенімен, кейіннен бұл шешімінен бас тартқаны айтылған.

Шәкір Кейкин
Фото: Gov.kz

Сондай-ақ қала әкімі Шәкір Кейкінді де ҰҚК жауап алуға алып кеткен. Шенеунік қылмыстық іс аясында тергеу әрекеттеріне қатысу үшін жеткізілген. Дегенмен жауаптан соң үйіне жіберілген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет оның іске қатысы бар-жоғын әлі нақтылаған жоқ. Дегенмен әкім әлі де қызметін жалғастырып отыр. 

Әлі тергеу аяқталып, үкім шықпағандықтан, әкім оставкаға шығу туралы өтініш бермейді.

Қостанай облысы әкімінің орынбасары

Қостанай облысының әкімі жемқорлық ісі бойынша ұсталған орынбасарының сол күні жұмыстан шыққанын айтты
Фото: Қостанай облысының әкімдігі

Биыл ақпанда Қостанай облысы әкімінің орынбасары Гүлбарам Мұсағазина жемқорлықпен ұсталды. Мұсағазина Қостанай облысының емханалары мен ауруханаларына медициналық жабдықтарды қажеттіліктен артық әрі қымбат бағамен сатып алу бойынша қозғалған "облыстық денсаулық сақтау басқармасы ісі" аясында қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген.

Ол ұсталғаннан кейін жұмыстан шығарылған. Қазір үйқамақта.

Істің негізгі фигуранттары – денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Данияр Жандаев, оның орынбасары Ерболат Доспанов және Қарасу аудандық ауруханасының бас дәрігері Владимир Голубев. 

Облысты Құмар Ақшолақов басқарады. Алайда әзірге тергеу жалғасып жатқандықтан, ол отставкаға кеткен жоқ.

Қазақстан заңнамасында орынбасары сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталған әкім 10 күн ішінде отставкаға өтініш беруі тиіс. Ал отставканы қабылдау-қабылдамау шешімін президент қабылдайды. Аталған кейстерге қарап, орынбасарларға қатысты үкім шықса да, көп жағдайда әкімдердің отставкасы қабылданбайтынын көруге болады. 

Қырмызы Скендір
Бейсенбі, 30 Шілде, 2026 09:00