Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тауарларды арзан бағамен ұсынған интернет-дүкен қазақстандықтарды 6 миллиард теңгеге алдап кетті

Алматы алаяқтар
Фото: Видеодан скрин

Қазақстанда үш мыңнан астам адам интернет-дүкенге алданып, миллиардтаған теңгесінен айырылғанын айтады. WYP деп аталатын онлайн-дүкен нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан тауар ұсынып, жүздеген адамды бөліп төлеуге көндірген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Алайда ақшасын алған компания соңғы бірнеше айда тапсырысты жеткізбей, байланысқа шықпай кеткен. Қазір келтірілген шығын көлемі 6 миллиард теңгеден асады.

Арзан бағаға сеніп, ақшасын алдын ала төлегендердің арасында миллиондаған теңге жұмсағандар да бар. Енді Балқия Маратқызы қолына тимеген тауардың несиесін ай сайын өтеуге мәжбүр.

"Ақшамды салып, 17 миллионға тауар алдым. Басында екі телефон, төрт телефон келді. "Әне келеді, міне келеді" деді де, әлі жоқ тауар. Клиенттерімізге, туысқандарымызға, таныстарымызға, бәріне сол телефонды арзан бағада алып алыңыздар деп, өзіміз енді солардың кредитін төлеп жатырмыз", – деді Балқия Маратқызы.

Зардап шеккендер интернет-дүкеннің артында бұған дейін де қаржы пирамидасына қатысты аты аталған адамдар болуы мүмкін деп күдіктенеді. Алайда бұл мәліметті полиция әзірге ресми түрде растаған жоқ.

"Гаухар бізбен келіп танысқан кезде "осы интернет-дүкенді ашқан туған ағамыз екеуәміз" деп айтты. Туған ағамның аты Ерлан деп таныстырды. Кейін бұл адамның бұрын "ХАС" қаржы пирамидасы ісі бойынша сотталғанын білдік. Біздің ойымызша, ол бұл істі түрмеде отырып-ақ ұйымдастырып отыр", - деді тұрғындардың бірі Әлішер Ермекұлы.

Жәбірленушілердің айтуынша, WYP интернет-дүкені өткен жылдың желтоқсанында жұмысын бастаған. Алғашқы айларда тапсырыстарды уақытында жеткізіп, тұтынушылардың сеніміне кірген. Кейін тұрмыстық техника, ұялы телефон, алтын бұйымдары секілді тауарларды нарықтағы бағадан 40-50%-ға арзан ұсынып, жаңа клиенттерді тартқан.

Алайда соңғы төрт айда тапсырыс бергендердің көбі не тауарын, не ақшасын қайтара алмаған. Компания өкілдері әуелде тауардың шекарада бөгелгенін айтып уақыт созса, кейін мүлде байланысқа шығуды тоқтатқан. Қазір тауар беру пункттерінің де есігі жабық. Мыңдаған азаматтың шағымынан кейін құқық қорғау органдары алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. 

Қазір бірнеше өңірден түскен арыздар бір өндіріске біріктірілген дейді Алматы облысы полиция департаментінің Салтанат Әзірбек.

"Алмалы аудандық полиция басқармасына 100-ге жуық азаматтың арыз-шағымы тіркеліп, Астана қаласы, Байқоңыр ауданында тергеліп жатқан қылмыстық іске қосылды. Аталған іске қатысы бар тұлғалар анықталып, ұсталып жатыр. Егер кінәсі дәлелденсе, күдіктілер жеті жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін", – деді Салтанат Әзірбек.

Қазір жәбірленушілер жоғалтқан қаржасын қайтаруды талап етіп отыр. Ал істің нақты қанша адамды қамтитыны мен 6 миллиард теңгеден асатын шығынның өтеле ме, жоқ па оны тергеу анықтайды.

Еске салайық, бұған дейін Көкшетауда үлескерлер бірнеше жылдан бері пәтеріне қол жеткізе алмай жүргенін хабарлаған едік. Олардың айтуынша, құрылыс салушы үйді тапсыру мерзімін бірнеше рет кейінге шегерген. Компания мұны құрылыс материалдарының тапшылығы мен қаржылық қиындықтармен түсіндірген.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 30 Шілде, 2026 09:40