Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда құрылыс компаниясы бір пәтерді бірнеше рет сатып жіберген

алматы танхаус
Фото: Видеодан скрин

Алматыда ондаған отбасы бірнеше жыл бұрын сатып алған баспанасынан айырылып қаламыз ба деп алаңдап отыр. Айтуларынша, құрылыс компаниясы бір пәтерді бірнеше адамға сатып, кейбірін тіпті банкке кепілге қойған. Қазір бұл іс бойынша қылмыстық тергеу жүріп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Алматыда ондаған отбасы баспанасыз қаламыз ба деп алаңдап отыр. Олардың айтуынша, таунхаустарды құрылыс енді басталған кезде сатып алған. Алайда кейін бұл үйлердің өздеріне тиесілі емес екенін білген. Жосықсыз құрылыс салушы бір жылжымайтын мүлікті бірнеше рет сатып, кейбір пәтерлерді банкке кепілге қойған. Алданған үлескерлер полицияға жүгінген. Құрылыс салушы ұсталғанымен, мәселе әлі толық шешілген жоқ.

Бірі несие рәсімдесе, енді бірі бар жинағын жұмсаған, тіпті бұрынғы үйін сатып жібергендер де бар. Тұрғындардың бірі Әсем Төлеубаеваның айтуынша, бірақ көптен күткен қоныс тойы әлі күнге дейін болмаған.

"Біз бұл пәтерді 70 миллион теңгеге қолма-қол ақшаға заңды түрде сатып алдық. Бірақ кейін дәл сол пәтерімді басқа адамға сатып жібергенін білдік. Маған да, осындағы барлық тұрғындарға да өз пәтерімізді қайтарып берсін", – деді Әсем Төлеубаева.

Тұрғын үй кешенінің құрылысы 2021 жылдың қазан айында басталған. Пәтерлердің жартысы іргетасы енді қаланған кезде сатылып кеткен. Бір таунхаустың бағасы 40 пен 70 миллион теңге аралығында болған. Әрбір сатып алушымен алдын ала сатып алу-сату шарты жасалған. Кейбір тұрғындар тіпті кілттерін алып, жөндеу жұмыстарын бастап кеткен. Алайда кейін күрделі мәселе анықталған.

Таунхаустардың бірінде жөндеу жұмыстары толық тоқтап қалған. Үй иелері қабырғаларды тегістеп, баспалдақ, терезе мен есіктерді орнатуға ғана үлгерген.

Бағдагүл Әжіғалиева Оралдағы жалғыз баспанасын сатып, Алматыдан 52 миллион теңгеге қара сылақтағы таунхаус алған.

"Біз пәтерімізден айырылып қаламыз ба деп қорқамыз. Үй әлдеқашан пайдалануға берілген, бірақ оны бізден жасырған. Кейін пәтерлердің басқа адамдардың атына рәсімделгенін білдік. Оның үстіне олар банкке кепілге қойылыпты. Менің пәтерімнің де басқа иесі бар екен. Тіпті сол әйелмен сөйлестім. Ол жұмыссыз, бұл таунхаустың қайда екенін де білмейді. Соған қарамастан, оның атына осы тұрғын үй кешеніндегі төрт пәтер рәсімделген", – деді Бағдагүл Әжіғалиева.

Баспанасынан айырылып қалмау үшін тұрғындардың бірі Тахмина Асанова да толық аяқталмаған үйге өздері көшіп кірген. 

"Біз толық аяқталмаған үйде тұрып жатырмыз. Су мен электр энергиясына заңды тұлғалар сияқты жоғары тарифпен төлейміз. Қыс бойы коммуналдық төлемдер өте қымбат болды. Айына шамамен 250-300 мың теңге шығады", – деді тұрғын.

Адвокат Анар Қатебаеваның айтуынша, сатып алушылар қол қойған құжат негізгі емес, алдын ала сатып алу-сату шарты болған. Сондықтан заң жүзінде үлескерлердің таунхаустарға меншік құқығы жоқ. 

Бұдан бөлек, құрылыс салушы жер телімін банкке кепілге қойғанымен, қарызын өтемеген.

"Қазір 22 пәтер банкке кепілге қойылған. 2023 жылдың желтоқсанында құрылыс салушы нысанды пайдалануға беру актісін алып, құрылысты аяқтаған. Ал үлескерлер өз баспанасын күтіп отырған. Олар ақшаларын төлеп, құрылыс аяқталған соң құжаттарын аламыз деп сенген. Бірақ құрылыс салушы олардың сыртынан құжаттарды рәсімдеп, пәтерлерді басқа адамдардың атына өткізіп жіберген", – деді Анар Қатебаева.

Алданған үлескерлер полицияға арызданған. Алматы қалалық полициясының ресми өкілі Салтанат Әзірбектың мәліметінше, аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. 

"Сотқа дейінгі тергеу аясында компанияның үш қызметкері күдікті деп танылып, соттың санкциясымен қамауға алынды. Егер олардың кінәсі дәлелденсе, мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін", – деді Салтанат Әзірбек.

Еске салайық, бұған дейін Көкшетауда үлескерлер бірнеше жылдан бері пәтеріне қол жеткізе алмай жүргенін хабарлаған едік. Олардың айтуынша, құрылыс салушы үйді тапсыру мерзімін бірнеше рет кейінге шегерген. Компания мұны құрылыс материалдарының тапшылығы мен қаржылық қиындықтармен түсіндірген.

Айым Атамбаева
Жұма, 24 Шілде, 2026 10:44
Талқылау