Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда верификациядан өтпеген телефондарды сатуға тыйым салынады

Ұялы телефон
Фото: Magnific.com

Қазақстанда ұялы телефондар мен басқа да мобильді құрылғыларды тексеруге қатысты жаңа талаптар енгізіледі. Енді елде өндірілген немесе шетелден әкелінген құрылғының заңды түрде айналымға түскені расталуға тиіс. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Верификация барысында құрылғының сәйкестендіру коды халықаралық GSMA дерекқорымен салыстырылады. Сондай-ақ телефонның Қазақстанда заңды түрде өндірілгені, жөнделгені немесе кеден және салық талаптарына сай әкелінгені тексеріледі.

Жаңа талаптар тұтынушыларды қорғауға, заңсыз әкелінген телефондардың саудасын шектеуге және интернет пен телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың алдын алуға бағытталған.

2026 жылғы 19 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телекоммуникациялар нарығы мен деректерді өңдеу орталықтарын дамытуға қатысты заңға қол қойды.

Құжатқа сәйкес, верификациядан өтпеген мобильді құрылғылар сапасыз тауар ретінде танылады. Мұндай телефонды сатып алған азамат сатушыдан бірқатар талап қоя алады.

Атап айтқанда, тұтынушы:

  • тауар бағасын төмендетуді;
  • ақауды тегін жоюды;
  • жөндеуге кеткен шығынды өтеуді;
  • дәл сондай модельге ауыстыруды;
  • басқа модельге ауыстырып, баға айырмасын қайта есептеуді;
  • тауарды қайтарып, ақшасын толық алуды талап етуге құқылы.

Алайда бұл талаптардың барлығы телефонды сатқан кәсіпкерге немесе дүкенге қойылады.

Жаңа ережеге сай, сатушы құрылғыны сатар алдында оның верификация мәртебесін тексеруге міндетті. Ол үшін сатып алушыға телефонның сәйкестендіру кодын, яғни IMEI нөмірін ұсынуы керек.

Сонымен қатар верификациядан өтпеген, бұғатталған немесе шектеу қойылған құрылғыларды сатуға тыйым салынады. Сатушы әр телефонның кодын арнайы дерекқор арқылы алдын ала тексеруге тиіс.

Бұл талап интернет-дүкендер мен электрон сауда алаңдарына да қатысты. Маркетплейстер өз платформасында телефон сататын кәсіпкерлердің құрылғыны дерекқор арқылы тексеру міндетін шартқа енгізуі керек.

Бұдан бөлек, телефон сатып алған кезде берілетін чекке немесе басқа да төлем құжатына құрылғының сәйкестендіру коды жазылады. Бұл талап қағаз және электрон чекке бірдей қолданылады.

Заң 2026 жылғы 20 маусымда ресми түрде жарияланды. Құжат жарияланған күннен кейін 60 күн өткен соң күшіне енеді.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 24 Шілде, 2026 10:25
Талқылау