Алматының бұрынғы әкімі Досаевтың жұбайы Гүлнар Досаева жаңа компания ашпақ
Алматы қаласының бұрынғы әкімі Ерболат Досаевтың жұбайы Гүлнар Досаева Астана халықаралық қаржы орталығында DOS&Co. Ltd. атты жаңа холдингтік компания тіркеді. Компанияның жарғылық капиталы 100 миллион теңгені құрайды. Оның негізгі қызметі еншілес және үлестес компаниялардың үлестерін сатып алу мен басқаруды қамтиды. Бұл туралы stan.kz хабарлайды.
Жаңа компания немен айналысады?
Астана халықаралық қаржы орталығының ашық тізіліміндегі мәліметке сәйкес, DOS&Co. Ltd. компаниясының жалғыз құрылтайшысы – Гүлнар Досаева. Ол жаңа компанияның жарғылық капиталына 100 миллион теңге салған.
Холдингті G AND G Гламур ритейл тобының бас директоры Жанна Рахметуллина басқарады. Бұл компания люкс санатындағы киімдер мен аксессуарларды сатумен айналысады.
Астана халықаралық қаржы орталығындағы тізілім сипаттамасына сәйкес, DOS&Co. Ltd. еншілес және үлестес заңды тұлғалардың үлестерін сатып алып, иеленумен айналысады. Сонымен қатар компания топтың ортақ стратегиясының орындалуын қадағалап, еншілес құрылымдарға корпоративтік және әкімшілік қолдау көрсетеді.
Гүлнар Досаеваның қандай бизнес активтері бар?
Гүлнар Досаева Ерболат Досаевтың жұбайы ретінде ғана емес, кәсіпкер ретінде де танымал. Оның жеке байлығы 61 миллион долларға бағаланады.
Кәсіпкердің негізгі активтерінің бірі – Lancaster Holding компаниясындағы үлесі. Бұл холдинг әртүрлі салалардағы бизнес жобаларымен айналысады. Олардың қатарында өнеркәсіп, тау-кен өндірісі, мұнай-газ сервистері, фармацевтика және білім беру бағыттары бар.
Гүлнар Досаева сондай-ақ G AND G Гламур және GGonline компанияларындағы үлестерге иелік етеді. Бұл компаниялар сәнді киімдер мен аксессуарларды сатуға маманданған.
G AND G Гламур Max Mara, Fendi, Marina Rinaldi және Weekend Max Mara сияқты халықаралық брендтерді ұсынады. Ал GGonline брендтік тауарларды интернет арқылы сатуға бағытталған.
Lancaster Holding пен алтын өндіру саласына қатысы
Гүлнар Досаева бұған дейін Lancaster Group арқылы Tin One Mining компаниясының бенефициары, яғни түпкілікті пайда алушысы болған. 2024 жылдан бастап Tin One Mining Қазақстандағы ірі алтын өндірушілердің бірі Solidcore Resources Plc компаниясының еншілес ұйымына айналды.
Айта кетсек, бұған дейін Қазақстандағы ең ықпалды 25 әйелдің есімі жарияланған еді. Олардың қатарында Гүлнар Досаева да бар.
Жатақхананы аңдып, студент қыздарды зорлаған: ҚазҰУ-ды дүр сілкіндірген маньяк қалай ұсталды
