Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұялы телефондарды верификациялау жүйесі мемлекетке берілетін болды

телефон
Фото: magnific.com

Қазақстанда смартфондарды верификациялау жүйесі енді мемлекетке беріледі. Мұны Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Министрдің сөзінше, мобильді құрылғыларды верификациялау жүйесі заңсыз жеткізілген телефондардың санын азайтып, заңды импорт көлемін арттыруға көмектескен. Министр жүйе іске қосылғалы бері ресми дилерлердің сатылымы өскенін айтты. Әртүрлі бренд бойынша өсім 30%-дан 50%-ға дейін жеткен.

“Верификация азаматтар үшін бұрынғыдай тегін болып қала береді. Олар ақы төлемейді. Шын мәнінде, мұнда ешқандай жеке монополия жоқ және ондай монополия құру мақсаты да болмаған. Түсінікті талаптар мен ережелер бар. Қажет ақпараттық жүйені, халықаралық интеграцияларды қамтамасыз ете алатын кез келген компания бұл қызметті көрсете алар еді”, – деді министр.

Мәдиев бұл салада “жеке монополия” бар деген пікірді жоққа шығарды. Министрдің айтуынша, IT-инфрақұрылым мен халықаралық интеграцияларды қамтамасыз ете алатын кез келген компания бұл қызметті ұсына алған.

“Жүйені әлі де жетілдіру қажет. Реформа жұмыс істеген уақыт ішінде әлсіз тұстар мен заңдағы олқылықтар анықталды. Заң жобасында бұл функцияны Мемлекеттік радиожиілік қызметі жүзеге асырады”, – деді ол.

Қазір билік реттеуші функцияларды мемлекетке беру үшін заңнамаға өзгерістер дайындап жатыр екен. 

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда IMEI-кодтарды верификациялауды мемлекетке беру жоспарланып отырғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 13 Мамыр, 2026 11:42