Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда каннибалдар жеті әйелді өлтіріп, олардың етінен тұшпара жасаған

Сергей Копай, Евгений Турочкин және Михаил Вершинин
Фото: КТК, "Кодекс" бағдарламасы

1999 жылғы қаңтар. Алматының әр жерінен әйел адамдардың бөлшектелген дене мүшелері табыла бастады. Қалада маньяк туралы қауесет көбейіп, тұрғындар кешкі уақытта көшеге шығудан қорқатын болды. Алайда көп ұзамай тергеушілер бұл қылмыстың артында жалғыз адам емес, медицина саласында жұмыс істеген үш ер адамның тұрғанын анықтады. Олар өздерін “қаланы тазартушылармыз” деп санаған, секс-қызметкерлерін нысанаға алған, ал кейін олардың адам етін жегені белгілі болды. Бұл іс Қазақстан тарихындағы ең қатыгез әрі ең жұмбақ қылмыстардың бірі ретінде қалды. Stan.kz тілшісі арада ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де ел есінен кетпеген осы қылмыстың мән-жайына шолу жасады.

Бәрі қалай басталды?

1999 жылғы 26 қаңтарда Алматыдағы Мәуленов пен Құрманғазы көшелерінің қиылысында орналасқан студенттер жатақханасының ауласындағы қоқыс жәшігінен жас әйелдің бөлшектелген денесі табылды. Кейін адам денесінің бөліктері қаланың өзге аудандарынан да шыға бастады. Қалдықтар Әл-Фараби мен Марков көшелерінің қиылысынан, Гагарин даңғылы маңынан, Шевченко көшесі мен Абай даңғылынан, Весновка өзенінен, Сайран көлінің маңынан және “Горный гигант” ықшамауданынан табылған.

Құрбандардың басым бөлігі Саин мен Сейфуллин көшелерінде клиент іздеген секс-қызметкерлері еді. Қала тұрғындары бұл қылмыстарды жалғыз маньяк жасап жүр деп ойлады. Алайда шындық әлдеқайда қорқынышты болып шықты. Әйелдерді бір адам емес, үш ер адамнан құралған топ өлтірген.

Олар – Сергей Копай, Евгений Турочкин және Михаил Вершинин. Үшеуі де Республикалық клиникалық психиатриялық ауруханада жұмыс істеген: Вершинин мейіргер болса, Копай мен Турочкин санитар қызметін атқарған. 

Михаил Вершинин
Фото: КТК, "Кодекс" бағдарламасы

Бірінші құрбан

Бұл қанды оқиға 1999 жылғы қаңтарда емес, одан бірнеше ай бұрын басталған.

Тергеу деректеріне сәйкес, алғашқы құрбан 1998 жылғы 30 сәуірде қаза тапқан. Сол күні Сергей Копай мен Евгений Турочкин Сейфуллин көшесінің бойынан 500 теңгеге секс-қызметкерін алып кетеді. Әйелді Копайдың пәтеріне әкелген олар бастапқыда оны өлтіруді жоспарламаған. Алайда кейін Копай берген 500 теңгесін қимай, ақшасын қайтарып алуды ойлаған.

Әйел жуынуға кірген кезде Копай кенеттен қолына пышақ алып, ванна бөлмесіне басып кіреді. Кейін Копай тергеу кезінде болған жайтты суыққанды түрде егжей-тегжейлі баяндаған.

“Ол маған бұрылып “Не істеп жатырсың?” деді. Мен “ештеңе” деп жауап бердім де, пышақпен тамағына соққы жасай бастадым. Кейін сол қолыммен иегінен ұстап, оң қолыммен тамағын кестім. Ол қолымнан сытылып шыққан соң, мойнынан қайта көтердім. Сол сәтте ол екі баласы бар екенін айтып жатты. Бұл оның соңғы сөздері болды”, – деген Сергей Копай жедел түсірілім кезінде.

Сергей Копай
Фото: КТК, "Кодекс" бағдарламасы

Оның айғайын естіген Турочкин де жетіп, әйелдің қарсылық көрсетуіне мүмкіндік бермейді. Екеуі оны өлтіргеннен кейін мәйітті бөлшектегген. Іс материалдарына сүйенген бірқатар жарияланымда олардың құрбанның етінің бір бөлігін пісіріп жегені айтылады. Қалған дене мүшелерін пакеттерге бөліп салып, Алматының әр жеріндегі қоқыс жәшіктеріне тастаған.

Адам етін тартып, одан тұшпара, котлет және бәліш дайындаған

Қылмыс 30 сәуірде болған. Келесі күні, 1 мамырда, Копай мен Турочкин “Горный гигант” ықшамауданында тұратын туыстарына барған. Жол бойында олар құрбанның дене мүшелерінің бір бөлігін қоқыс жәшіктеріне тастап отырған. Ал еттің бір бөлігін өздерімен бірге алып кеткен.

Туыстарына олар ірі ит ұстап алғандарын айтып, әкелген еттен кәуап пісіруді ұсынған. Копай мен Турочкиннің бұған дейін де ішімдікке тіскебасар табу үшін қаңғыбас иттерді өлтіріп жүрген көрінеді. Сондықтан үйдегілер олардың сөзіне күмәнданбаған.

Кейбір деректерге сәйкес, сол күні дастархан басына жиналған туыстары, тіпті көршілерінің бірі де оның адам еті екенін білмей, кәуаптан ауыз тиген. Қалған етті Копай мен Турочкин тоңазытқышта сақтап, кейін одан тұшпара, котлет және бәліш дайындағаны туралы мәліметтер бар.

Ал кейін қылмыстар жүйелі сипат ала бастағанда, олар адам етінен тартылған фаршты арзан бағамен базарға өткізіп, түскен ақшаны ішімдікке жұмсаған деген нұсқа да бар. 

Құрбан
Фото: КТК,

Екінші құрбан

Екінші құрбан – ағайындылардың Алина есімді ортақ танысы болған. Ол алғашқы кісі өлтіруден шамамен екі ай өткен соң Копайдың үйіне қонаққа келген. Сол күні үйде олар тағы да ішімдік ішкен.

Бір уақытта Алина мен Евгений Турочкиннің арасында жанжал шығады. Қылмыскерлердің кейінгі жауабына қарағанда, Турочкин әйелге рөмке лақтырған. Шыны сынып, оның қолын терең кесіп кеткен. Олар жараны таңып қойғанымен, келесі күні таңертең Алинаның қайтыс болғанын көргендерін айтқан.

Алайда тергеу бұл нұсқаға толық сенбеген. Қылмыстық іс бойынша әйел тұншықтырылуы мүмкін деген болжам да қарастырылған. Ал Копай мен Турочкин болған жайтты жазатайым оқиға ретінде көрсетуге тырысқан. Тергеушілер оның нақты қалай өлгенін түпкілікті дәлелдей алмаған.

Бұған дейін алғашқы құрбанның етін жеген қылмыскерлер бұл жолы мәйітті пайдаланбаған. Өздерінің айтуынша, дене бірнеше сағат бойы жатқандықтан, еттің бұзылуы мүмкін деп қауіптенген. Сондықтан олар Алинаның денесін бөлшектеп, қалдықтарын қаланың әр жеріне тастаған.

Әйелдер
Фото: КТК,

Үшінші құрбан

1998 жылғы күзде Сергей Копай мен Евгений Турочкин Республикалық клиникалық психиатриялық ауруханаға жұмысқа орналасады. Сол жерде олар фельдшер Михаил Вершининмен танысады. Үшеуін ортақ ішімдік дастарханы жақындастырған. 

Осындай отырыстардың бірінде олар әріптесіне екі әйелдің өліміне қатысы барын жасырмай айтып берген. Бірінші құрбанның денесін бөлшектеп, етінің бір бөлігін пайдаланғандарын да сөз еткен.

Қалыпты адамды шошытуға тиіс бұл әңгіме Вершининге керісінше әсер еткен. Ол болған жайтты тоқтатуға немесе полицияға хабарлауға тырыспаған. Тергеу нұсқасы бойынша, Вершинин секс-қызметімен айналысатын және есірткі қолданатын әйелдерді қаланың беделіне нұқсан келтіретін адамдар деп қабылдаған. Осы көзқарасын ол қалған екеуіне де таңып, олардың бұрынғы қылмыстарын “тазарту” деген жалған идеямен ақтауға кіріскен.

Осы кезден бастап топ ішінде міндеттер де бөлінген. Вершинин алдағы әрекеттерді ойластырып, құрбанды қалай таңдау, пәтерге қалай жеткізу және қарсылық көрсете алмайтын жағдайға қалай түсіру керегін белгілеген. Ал Копай мен Турочкин оның жоспарын орындаған. 

Үшінші құрбанды да олар Сейфуллин көшесінің маңынан тапқан. Әйелді пәтерге ертіп әкеліп, ішімдік ұсынған. Кейін сусынға әсері күшті дәрі араластырылған. Әйел әлсіреп, өзін қорғай алмайтын халге түскен соң өлтірілген. Мәйітті бөлшектеу мен іздерді жасыру бұрынғыдай Копайдың пәтерінде жүргізілген.

Тергеу кезінде Михаил Вершинин қылмыстардың кездейсоқ жасалмағанын ашық айтқан. Оның сөзінше, адам өлтіру туралы ой бірнеше ай бойы санасынан шықпаған.

“Біздің әрекет ету тәртібіміз болды. Мен құрбандардың қиналмай өлуі үшін бәрін істедім. Адам өлтіру туралы ой бірнеше ай бойы тәулік бойы санамнан шықпады. Белгілі бір әйелдің есірткіге тәуелді екенін білген кезде, оны өлтіру туралы нақты ой пайда болатын. Тек сол ойымды жүзеге асыруға мүмкіндігім болмады”, – деген Михаил Вершинин тергеу кезінде.

Михаил Вершинин
Фото: КТК, "Кодекс" бағдарламасы

Осы қылмыстан кейін әйелдерді өлтіру алдын ала жоспарланған бір сценарий бойынша қайталана бастады. 1999 жылдың алғашқы айларында топ тағы бірнеше секс-қызметкерін осындай жолмен пәтерге алдап әкеліп, өлтірген. Тергеу барысында Турочкиннің кейбір құрбандардың денесіне жыныстық сипаттағы қорлау әрекеттерін жасағаны да анықталған.

"Оларды несіне аяймыз?": Қылмыскерлердің психологиясы

Тергеушілердің айтуынша, үш қылмыскердің мінезі мен өмірлік ұстанымы бір-бірінен өзгеше болғанымен, оларды әйелдерге деген өшпенділік пен алкогольге тәуелділік біріктірген.

Істі тергеген тергеуші Владислав Бекшаевтың сөзінше, Сергей Копай бір кездері ішкі істер органдарында қызмет еткен. Оны бұрыннан білетіндер техниканы жақсы меңгергенін айтқанымен, ішімдікке әуестігін де жасырмаған. Әріптестері оны кәсіби тұрғыда жақсы қызметкер деп бағалағанымен, жеке өмірі туралы көп ештеңе білмеген.

Тергеу барысында Михаил Вершинин секс-қызметкерлерін жек көретінін, оларды есірткі қолданады және жұқпалы ауру таратады деп есептегенін айтқан. Тергеушінің сөзінше, Копай бұл пікірді үнемі қолдап, жауап алу кезінде құрбандар туралы “Оларды несіне аяймыз?” деп айтқан.

Сарапшылар Сергей Копайда әйелдерге қатысты агрессия қалыптасқан деген пайым шығарған. Тергеу материалдары бойынша, ол бірде өгей інісі Евгений Турочкинге “Барлық жануардың етін жеп көрдік, енді адам етін де байқап көрсек қайтеді?” деген ұсыныс жасаған, ал Турочкин оған келіскен.

Сергей Копай
Фото: КТК,

Психиатриялық сараптама Евгений Турочкинді де есі дұрыс деп таныған. Оны жақындары тұйық, жасқаншақ әрі өз бетінше шешім қабылдай алмайтын адам ретінде сипаттаған. Әйелдермен тіл табысу оған қиын болған. Тергеу материалдарына сәйкес, кісі өлтіргеннен кейін ол жасаған ісіне өкініп, жылап отырған кездері де болған. Алайда бұл оның мәйіттерге жыныстық сипаттағы әрекеттер жасауына кедергі болмаған.

Ал Михаил Вершинин туралы таныстары оның екіжақты өмір сүргенін айтқан. Ол медициналық әдебиеттерді көп оқып, сериялық қылмыскерлердің психологиясына ерекше қызығушылық танытқан. Кейбір жарияланымдарда медицина институтына түсуге дайындалған Вершинин адам ағзасының ішкі құрылысын өз көзімен көргісі келгені жазылады. Әйелдерге қатысты көзқарасы да өте теріс болған. Тергеушілердің мәліметінше, ол жиі "оларды өлтіру керек" деген пікірді қайталайтын. Сонымен қатар оның сүйікті фильмдерінің бірі "Қозылардың үнсіздігі" (The Silence of the Lambs) болғаны айтылады.

Вершининнің қауіпті әуестігі

Михаил Вершинин әйел адамның бас сүйегінің құрылысына ерекше мән берген. Тіпті бұрын араласқан қыздарды да сырт келбетінен бұрын бас сүйегінің пішініне қарап бағалайтын болған. Сонымен қатар ол сериялық қылмыскерлердің өмірбаянын, олардың әрекет ету тәсілдерін зерттеп, осы тақырыптағы медициналық және криминалистикалық әдебиеттерді көп оқыған. Оның сүйікті фильмі 1991 жылы жарық көрген "Қозылардың үнсіздігі" болған.

Сондықтан Ольганың мәйіті бөлшектелген кезде, Вершинин оның басын өзіне қалдыруға бел буған. Жауап алу барысында ол бұл талабын сыбайластарына өзі қойғанын айтқан.

"Денені бөлшектеп болған соң, басын өзім алатынымды айттым. Оның маған не үшін қажет болғанын қазір түсіндіре алмаймын. Сергей басында келіспеді, бірақ мен дегенімнен қайтпадым", – деген ол.

Копай ақырында келісім берген. Әйелдің денесін бөлшектеумен Копай мен Турочкин айналысса, Вершинин қалған бөліктерді пакеттер мен сөмкелерге жинаған. Копай да жауап алу кезінде мәйіттен ет кескенін жасырмаған.

Бас сүйекті сақтап қалу үшін оны арнайы өңдеу қажет болған. Вершинин бұл жұмысты Копай мен Турочкинге тапсырып, орнына олардың қарызын кешіруге уәде берген. Өзі ауруханадағы кезекшілікке кетіп, процесті бақылаусыз қалдырған.

Екі ер адам басты темір ыдысқа салып, химиялық қоспамен қайната бастаған. Алайда ішімдік ішкен олар көп ұзамай ұйықтап қалады. Ыдыстағы сұйықтық тартылып, бас сүйек қатты күйіп, жарамсыз болып қалған. Вершинин мұны білгенде ашуға басқан. Ал Копай мен Турочкин оған кейін басқа құрбанның бас сүйегін тауып беруге уәде еткен.

Күйген бас сүйектен құтылуды Турочкин өз мойнына алады. Бірақ ол айғақты алысқа апармай, үшеуі жұмыс істеген психиатриялық аурухананың аумағына тастап кеткен. Кейін дәл осы абайсыздық тергеушілердің назарын аурухана қызметкерлеріне бұрған маңызды белгілердің біріне айналды.

Сергей Копай
Фото: Фото: КТК, "Кодекс" бағдарламасы

Қылмыскерлерді әшкерелеген екі куәгер

Бірнеше ай бойы полицияны әбігерге салған топ ақыры өздерінің ұқыпсыздығынан ұсталды. Кезекті жолы Копай, Турочкин және Вершинин бұрынғы тәсілінен ауытқып, пәтерге бір емес, екі әйелді бірге алып келген.

Оларға ішімдік ұсынып, психотроптық дәрі араластырған. Алайда бұл жолы препараттың мөлшері жоспарлағандай әсер етпеген. Әйелдер есін жиған кезде пәтерде Турочкин ғана болған. Ол олардың жеке заттарын ақтарып жатқан. Қауіпті жағдайға тап болғанын түсінген екеуі сәтін тауып, үйден қашып шығады.

Бұл оқиға туралы полицияға қыздардың танысы хабарлаған. Секс-қызметкерлері жиі жүретін аудандарда жүргізілген кезекті рейд кезінде ол тәртіп сақшыларына аман қалған екі әйелді қайдан табуға болатынын көрсеткен.

Каннибалдың ұсталуы
Фото: КТК,

1999 жылғы 3 тамыздан 4 тамызға қараған түні полиция қызметкерлері олармен кездесіп, болған жағдайды егжей-тегжейлі сұрайды. Әйелдер өздерін апарған пәтердің мекенжайын да есте сақтап қалған: Шевченко көшесі, 96-үй, 11-пәтер. Осы ақпараттан кейін жедел қызметтер бірден іске кірісіп, күдіктілер көп ұзамай ұсталды.

Кейін екі әйел тергеу барысында Копай мен Вершининді таныған. Олардың бірі беттестіру кезінде 8 желтоқсанда өзіне екі ер адамның келгенін айтып, бірінің Михаил Сергеевич, екіншісінің Сергей Михайлович деп таныстырғанын растаған. Аман қалған әйелдердің жауабы қылмыстық топқа қарсы маңызды дәлелдердің біріне айналды.

Каннибалдың ұсталуы
Фото: КТК,

Вершинин тергеушінің алдына жеткізілгенде, қылмыстың бір күні бәрібір ашылатынын түсінгендей сөйлеген.

“Ерте ме, кеш пе, осылай болуға тиіс еді. Адамдарды жазасыз өлтіріп, бұл туралы ешкімге айта алмай өмір сүру оңай деп ойлайсыз ба?” – деген ол.

Алғашқы жауап алу кезінде үшеуі де жарыса сөйлеп, жасаған әрекеттерінің жай-жапсарын айтқан. Алайда өздеріне ең ауыр жаза қаупі төніп тұрғанын түсінгеннен кейін жауаптарын өзгертіп, бұрынғы сөздерінен бас тартуға кіріскен. Тіпті кейбірі өзін психикалық тұрғыдан сау емес етіп көрсетуге тырысқан.

Құрбандардың нақты саны белгісіз қалды

Тергеу ресми түрде жеті әйелдің өлімін дәлелдеген. Олардың екеуі 1998 жылы қаза тапса, тағы бес әйел 1999 жылдың қаңтары мен сәуірі аралығында өлтірілген. Алайда істі жүргізген мамандар бұл сан қылмыстық топтың барлық құрбанын қамтымауы мүмкін деп күмәнданған.

Мұндай болжамға күдіктілердің қолынан табылған заттар себеп болған. Сарайдан әйелдердің киімдері, аяқкиімдері, сағаттары мен әшекейлері тәркіленген. Олардың бір бөлігін із-түзсіз жоғалған әйелдердің туыстары мен таныстары таныған. Бірақ иесі анықталмаған бұйымдар да аз болмаған.

Қылмыскерлер құрбандардың заттарын бір жерде сақтап қана қоймай, кейбір әшекейлерді өз жақындарына таратып жібергені анықталған. Мәселен жауап алу кезінде олардың бірі сақинаның өзінде қалғанын, сағатты туысына бергенін, ал аяқкиімнің сарайда жатқанын айтқан. Сондықтан тергеушілер барлық айғақ табылды деп нақты айта алмаған.

Евгений Турочкин
Фото: КТК,

Жеті құрбанның үшеуінің жеке басы сол күйі анықталмаған. Олар іс материалдарында бірінші, төртінші және бесінші құрбандар ретінде көрсетілген. Екінші құрбан – Алина С., үшіншісі – Ольга К., алтыншысы – Вершининнің танысы Татьяна Б. Ал қылмыстық топтың дәлелденген соңғы, жетінші құрбаны Ольга Я. болған.

Істі тергегендердің пікірінше, дәлелденген жеті эпизод – қылмыстық топ әрекетінің тек анықталған бөлігі ғана. Танылмаған киімдер мен әшекейлер, сондай-ақ жоғалған әйелдер туралы деректер құрбандар саны бұдан көп болуы мүмкін деген күдікті күшейткен.

Каннибалдар қандай жаза алды?

2000-жылдардың басында Алматыны дүр сілкіндірген іс сотқа жетті. Процеске қаза тапқан әйелдердің туыстары да қатысты. 

Копай, Турочкин және Вершининге сот ең ауыр жаза – ату жазасын тағайындады. Дегенмен үкім бірден орындалған жоқ. Михаил Вершининнің әкесі сотта ұлының қорғаушысы болып, түрлі инстанцияға шағым түсірген. Іс бірнеше рет қайта қаралып, кассациялық өтініштер жолданған. Осылайша сот шешімінің орындалуы созылып кетті.

Евгений Турочкин әйелді қалай өлтіргенін көрсетіп жатыр
Фото: КТК,

Бұл уақыт олардың тағдырын шешті. 2003 жылғы желтоқсанда Қазақстанда өлім жазасына мораторий енгізіліп, ол 2004 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Соның нәтижесінде үшеуіне шығарылған ату жазасы орындалмай, кейін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.

Үш қылмыскердің бірі Сергей Копай кейін түрмеде қайтыс болды. Ал Евгений Турочкин мен Михаил Вершинин қазір Қостанай облысындағы өмір бойына сотталғандар қамалатын №39 мекемеде, ел арасында "Қара бүркіт" аталып кеткен түрмеде жазасын өтеп жатыр.

Каннибалдарды ұстаған сәт
Фото: КТК,

 

“Өзімді мұндай қатыгез деп ойламадым”

2017 жылы Михаил Вершинин темір тордың ар жағынан КТК телеарнасына сұхбат берген. Ол өмір бойына сотталғаннан кейінгі тіршілігі, отбасы және жасаған қылмыстары туралы айтқан.

Вершинин өткенін еске алғанда, өз әрекеттеріне өкініш білдіретінін жеткізген. Оның сөзінше, өзі мен сыбайластары адам елестете алмайтын деңгейде қиянат жасаған.

Қылмыстардың себебін нақты түсіндіру оған оңай болмаған. Алғашында ол әрекеттерін "бұзақылық ниетпен" жасалды деп сипаттады. Кейін мұның жай ермек болмағанын, бойында жиналған қатыгездік пен ішкі агрессияның осылай сыртқа шыққанын айтты.

Вершинин кезінде өзін мұндай қылмысқа қабілетті адам деп санамағанын да мойындады. Оның айтуынша, айналасындағы адамдар да одан осындай қатыгездік күтпеген.

“Бұрын мен туралы ешкім бұлай ойламас еді. Өзім де мұндайға барамын деп ойлаған емеспін. Бірақ ішкі агрессия осылай көрінді”, – деген ол сұхбатта.

Сонымен қатар Вершинин сот үкіміндегі кінәсінің деңгейімен толық келіспейтінін сөз еткен. Соған қарамастан, болған оқиғаға және өз қолымен жасаған қылмыстарға қатты өкінетінін айтты. 

Михаил Вершинин
Фото: КТК,

Өмір бойына сотталғанына қарамастан, ол бір күні бостандыққа шығудан үмітін үзбеген. Мұны тек өзінің емес, жақындарының да қалауы деп түсіндіріп отыр. Вершининнің айтуынша, ата-анасы мен бауыры онымен ұзақ жылдар бойы байланысын үзбей, хат жазып, кездесуге келіп тұрады.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 22 Шілде, 2026 12:31