Тері бұйымдарынан медициналық жабдыққа дейін: "Іскер аймақ" бағдарламасы Қазақстандағы шағын бизнестің дамуына қалай ықпал етуде

Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша және Қазақстан Үкіметінің қолдауымен 2025 жылғы желтоқсан айында "Іскер аймақ" шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаны "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ ("Бәйтерек" ҰИХ" АҚ еншілес ұйымы) жүзеге асырады.
Бағдарлама шағын қалалар мен ауылдық елді мекендерді қоса алғанда, микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне кредиттердің сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау арқылы қолжетімді қаржыландыруды қамтамасыз етуге бағытталған. Бағдарламаның басты ерекшелігі - әр өңірдің ерекшелігі мен экономикалық әлеуетін ескере отырып, басым бағыттарды айқындау жұмысына әкімдіктер мен "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының белсенді қатысуы.
Қазіргі уақытта бағдарлама аясында жалпы сомасы 21 млрд теңгеден асатын шамамен 300 жобаға қолдау көрсетілді. Мәселен, Жамбыл облысында аң терісінен бұйымдар өндіру дамып келеді, Қызылорда облысында күріш өңдеу көлемі ұлғаюда, Солтүстік Қазақстан облысында отандық медициналық жабдық өндірісі кеңейіп жатыр, Ақтөбе облысында тоқыма және тұрмыстық тауарлар өндірісі дамып, ал Түркістан облысында ірімшік өндіру көлемі артып келеді.
Жамбыл облысында қой терісін өңдеу және аң терісінен бұйымдар өндіру
"Іскер аймақ" бағдарламасының қатысушыларының бірі - "Қожабекова Г.Т." ЖК. Бұл - Жамбыл облысында 20 жылдан астам уақыт бойы қой терісін өңдеп, аң терісінен бұйымдар шығаратын жалғыз кәсіпорын. Кәсіпорын жыл сайын отандық аяқ киім және тігін өнеркәсібіне шамамен 46 мың өңделген тері жеткізіп, 20 мыңға жуық дайын өнім, оның ішінде әскери бас киімдер, тондар мен жартылай тондар шығарады. Өнімдер "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ-на, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне және Қорғаныс министрлігіне жеткізіледі. Сонымен қатар өнім Жамбыл, Атырау, Алматы және Түркістан облыстарына, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларына жөнелтіледі. 2025 жылы өндірілген өнімнің шамамен 10%-ы Ресей мен Өзбекстанға экспортталды.

Мемлекеттік қолдау аясында кәсіпорын күн электр панельдерін сатып алды. Бұл электр энергиясына жұмсалатын шығындарды 38%-ға дейін төмендетуге, энергия тиімділігін арттыруға және қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Жобаны іске асыру нәтижесінде Қазақстанда өндірілген дайын өнім есебінен импортталатын аң терісінен жасалған 24 мыңға дейінгі бұйымның орнын басып, өңірлік нарықтағы сұраныстың шамамен 20%-ын қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Қазақстаннан тыс жерлерде де сұранысқа ие Қызылорда облысының күріші
"Іскер аймақ" бағдарламасының табысты жобаларының бірі - Қызылорда облысы Шиелі ауданында орналасқан "Тұрлыбаев Досжан" ЖК. Кәсіпорын күріш өсірумен және оны өңдеумен айналысады. Бағдарлама аясында кәсіпкер шикі күрішті (шала) сатып алып, кейіннен өңдеу үшін айналым қаражатын толықтыруға 110 млн теңге көлемінде несие алды. Банктің сыйақы мөлшерлемесі 22% болса, оның 8,8%-ын мемлекет субсидиялайды. Соның нәтижесінде кәсіпкер үшін түпкілікті мөлшерлеме жылдық 13,2%-ды құрайды. Бұдан бөлек, "Даму" қорының кепілдігі беріліп, қажетті қаржыландыруды тартуға мүмкіндік жасалды.

Бүгінде кәсіпорынның өндірістік қуаты тәулігіне 150 тоннаға дейін күріш өңдеуге мүмкіндік береді. Өнім ішкі нарықпен қатар Қырғызстанға, Ресейге және Ауғанстанға экспортталады. Жобаны іске асыру нәтижесінде жыл сайын 1,5-2 мың тоннаға дейін импорттық күріш өнімінің орнын басып, өңірлік нарықтағы сұраныстың 20-25%-ын қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Мемлекеттік қолдау кәсіпорынның әрі қарай дамуына және жаңа жұмыс орындарын ашуға да серпін берді. Жоба жүзеге асқаннан кейін қызметкерлер саны 3-тен 5 адамға дейін өсті. Алдағы уақытта ұжым санын 10 адамға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Солтүстік Қазақстан облысында отандық медициналық жабдық өндірісі дамып келеді
Петропавл қаласындағы "Ультрамедтех KZ" ЖШС - 2020 жылдан бері медициналық жабдық шығаратын отандық кәсіпорын. Мұнда бактерицидтік сәулелендіргіштер, ауа рециркуляторлары, озонаторлар, ультракүлгін шамдар, ламинарлық шкафтар және стерильді эндоскоптарды сақтауға арналған шкафтар өндіріледі. Бүгінде кәсіпорын өнімдері Қазақстанның барлық өңіріне жеткізіліп, денсаулық сақтау мекемелерімен қатар түрлі саладағы ұйымдарға да ұсынылады.

Бағдарлама аясында кәсіпорын 3 жыл мерзімге 100 млн теңге көлемінде несие алып, қаражатты өндірісте пайдаланылатын құрамдас бөлшектерді сатып алуға бағыттады.
Жобаны іске асыру нәтижесінде медициналық жабдық өндірісінің көлемі жылына 5 мыңнан 10 мың данаға дейін ұлғайып, 5 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл өз кезегінде импортты алмастыруға ықпал етіп, қазақстандық медициналық ұйымдарды заманауи, отандық өндірістегі жабдықпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Кәсіпорынның басты артықшылықтарының бірі – тек өндіріс қана емес, сонымен қатар компания әзірлеген меншікті бағдарламалық қамтамасыз ету жүйесінің болуы. Оның көмегімен жеткізілген жабдықтың техникалық жай-күйін қашықтан нақты уақыт режимінде бақылап, сервистік қызмет көрсетуді жедел ұйымдастыруға болады.
Түркістан облысында жергілікті сүтті өңдеу ісі дамып келеді
Түркістан облысында орналасқан "Бахар" ЖК TARIX брендімен ірімшік өндіруге маманданған. Кәсіпорын жергілікті сүт шикізатын өңдеп, өңірдегі сүт өндірушілермен тұрақты ынтымақтастық орнатқан. Осылайша өңірдегі қайта өңдеу өнеркәсібінің дамуына үлес қосып келеді.

Бағдарлама аясында кәсіпорын 21% мөлшерлемемен 100 млн теңге көлемінде несие алды. Оның 8,4%-ын мемлекет субсидиялайды, нәтижесінде кәсіпкер үшін түпкілікті сыйақы мөлшерлемесі жылдық 12,6%-ды құрайды. Қаражат сүт шикізатын сақтауға арналған арнайы қойма салуға бағытталды. Жобаны іске асыру нәтижесінде ірімшік өндірісінің тәуліктік көлемі 200 келіден 260 келіге дейін ұлғаяды. Сонымен қатар жыл сайын 40 тоннаға дейін импорттық сүт өнімдерінің орнын басып, өңірлік нарықтағы сұраныстың 5%-ына дейін қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Өнім Түркістан облысында, оның ішінде Шардара және Жетісай аудандарында, сондай-ақ Түркістан қаласында өткізіледі.
Жоба жергілікті шаруа қожалықтарымен кооперацияны дамытуға, отандық сүт шикізатын терең өңдеу көлемін ұлғайтуға және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді. Қазіргі таңда кәсіпорында 2 адам жұмыс істейді, ал өндіріс ауқымы кеңейген сайын 6 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Ақтөбе облысында отандық тұрмыстық тауарлар өндірісі кеңейіп келеді
Ақтөбе қаласындағы "Жантілеуова Г.А." ЖК төсек-орын жабдықтары мен тұрмыстық бұйымдар шығарады. Кәсіпорын көрпе, жастық, көрпе-төсек, матрас, ұлттық сандықтар мен жасау бұйымдарын өндіреді. Өнім өндірісінде табиғи материалдар мен заманауи дизайн үйлестірілген. Бүгінде кәсіпорын өнімдері Ақтөбе облысымен қатар Қазақстанның барлық өңіріне жеткізіледі.

Бағдарлама шеңберінде кәсіпорын 3 жыл мерзімге 35 млн теңге көлемінде қаржыландыру алды. Қаражат айналым қаражатын толықтыруға, сатып алынатын шикізат көлемін ұлғайтуға, өндіріс сапасын жақсартуға және брендті дамытуға бағытталды. Соның нәтижесінде өндіріс көлемі едәуір артты: тәулігіне шығарылатын жастық саны 12-ден 20 данаға, ал көрпе өндірісі 30-дан 50 данаға дейін көбейді.
Қызметкерлер саны 7 адамнан 10 адамға дейін өссе, алдағы уақытта кәсіпорында 20 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Осы кәсіпкерлердің тәжірибесі мемлекеттік қолдаудың өндірісті жаңғыртуға, өнім көлемін ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өткізу нарықтарын кеңейтуге және импорттық өнімді отандық тауарлармен алмастыруға нақты мүмкіндік беретінін көрсетеді.
2026 жылы жалпы сомасы 400 млрд теңгеге жуық қаржыға шамамен 5 мың жобаны қолдау жоспарланып отыр.
"Іскер аймақ" бағдарламасына қалай қатысуға болады?
Бағдарлама шарттары:
- қаржыландырудың ең жоғары сомасы - 200 млн теңгеге дейін;
- қаржыландыру мақсаты - инвестициялық жобалар және айналым қаражатын толықтыру;
- сыйақы мөлшерлемесі - 21%-дан аспайды (ҚР Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесі + 4%);
- субсидия мөлшері - номиналды мөлшерлеменің 40%-ы, бірақ 12,6%-дан төмен емес;
- субсидиялау мерзімі - 3 жылға дейін.
Бағдарлама бойынша кеңесті "Даму" қорының өңірлік филиалдарынан немесе 1408 бірыңғай байланыс орталығы арқылы алуға болады. Сонымен қатар шалғай елді мекендердің тұрғындары үшін өтінімдерді жергілікті жерде қабылдайтын мобильді фронт-офистер жұмыс істейді.
Сондай-ақ бағдарламаға қатысу мәселелері бойынша серіктес банктерге жүгінуге болады. Қазіргі таңда "Даму" қоры 8 екінші деңгейлі банкпен және 4 лизингтік компаниямен ынтымақтастық орнатқан:
- "Қазақстан Халық Банкі" АҚ;
- "Банк ЦентрКредит" АҚ;
- ForteBank АҚ;
- Нұрбанк АҚ;
- Еуразиялық банк АҚ;
- "Қазақстан-Зираат Интернешнл Банкі" ЕБ АҚ (KZI Bank);
- Bank RBK АҚ;
- "Alatau city Bank (ex Jusan Bank)" АҚ;
- Merz Leasing Machinery ЖШС;
- QZQ Finance ЖШС;
- Нұр Лизинг ЖШС;
- BCC Leasing ЖШС.
Бағдарлама туралы толық ақпаратты, байланыс деректерін және Қор филиалдарының мекенжайларын "Даму" қорының ресми сайтынан www.damu.kz білуге болады.
Қазақстандық әйел ұлын 380 мың теңгелік "Жаңа Ұрпақ" лагерінде ұрып тастағанын айтты