Қазақстанда енді алимент арнайы банк шоттарына аударылатын болды

25 тамыздан бастап Қазақстанда алимент аудару тәртібі өзгереді. Өзгеріс сот орындаушылары арқылы өндірілетін алимент төлемдеріне қатысты болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Енді алимент алушы арнайы банк шотын ашып, оның деректемелерін сот орындаушысына ұсынуы қажет. Алимент қаражаты осы арнайы шотқа аударылады. Министрлік мәліметінше, бұл талап атқарушылық іс жүргізу аясында алимент алатын өндіріп алушыларға қатысты қолданылады.
“Талап атқарушылық іс жүргізу аясында алимент алатын өндіріп алушыларға қатысты. Олар арнайы банк шотын ашып, оның деректемелерін сот орындаушысына ұсынуға міндетті”, – делінген хабарламада.
Арнайы шоттың басты ерекшелігі – ондағы қаражатқа тыйым салынбайды. Демек бұл ақша алимент алушының өзге берешектерін өтеу үшін өндіріп алынбайды. Қаражат тек баланы немесе еңбекке қабілетсіз адамды асырауға жұмсалады.
Сонымен қатар арнайы шоттың болмауы алимент төлеушіні өз міндетінен босатпайды.
“Өндіріп алушы банк шотының қажет деректемелерін ұсынғанға дейін өндірілген қаражатты аудару мүмкін болмайды. Алайда алимент бойынша берешек есептелуін жалғастырады және есептен шығарылмайды”, – деп мәлімдеді Әділет министрлігі.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда алименттің ең төменгі мөлшерін баланың қажеттілігіне қарай белгілеу ұсынылғаны туралы жазған едік.
Қазақстандық әйел ұлын 380 мың теңгелік "Жаңа Ұрпақ" лагерінде ұрып тастағанын айтты
Оқыңыз