Қазақстанда алиментті соңғы бір жылдағы табысқа қарай есептеу ұсынылды

Қазақстанда қызметкерлердің нақты жалақысын жасыратын жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейту ұсынылды. Сенат депутаты Ажар Сағандықованың айтуынша, бұл мәселе алимент мөлшеріне тікелей әсер етеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутаттың сөзінше, кей жұмыс берушілер қызметкерлерін ресми түрде ең төменгі жалақымен рәсімдейді. Алайда іс жүзінде олар бұдан әлдеқайда көп табыс табады.
Оқыңыз“Қазір барлық жұмыс беруші еңбек шарттарын Enbek порталында тіркеуге міндетті. Бірақ соған қарамастан, жұмыс беруші мен қызметкер өзара келісіп, жалақыны ең төменгі мөлшерде – 85 мың теңге деп көрсетеді. Бұл қаражаттың өмір сүруге жеткіліксіз екенін бәріміз білеміз. Сондықтан жалақы туралы жалған мәлімет берген жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейту қажет. Табысты жасыру – алименттің төленбеуінің негізгі себептерінің бірі”, – деді депутат.
Сонымен қатар Ажар Сағандықова алимент мөлшерін есептегенде адамның соңғы бір жылдағы табысын ескеруді ұсынды.
Оның айтуынша, кей ерлі-зайыптылар ажырасар алдында алимент көлемін азайту үшін мүліктерін туыстарының атына рәсімдеп, ресми түрде ең төменгі жалақы ала бастайды.
“Ажырасқан жағдайда алимент есептегенде кемінде соңғы бір жылдағы табыс ескерілуі керек деп есептеймін. Егер осы кезеңде адам пәтерін, гаражын немесе басқа да мүлкін туыстарының атына аударса немесе кенеттен ең төменгі жалақы ала бастаса, мұның бәрі ескерілуі тиіс. Себебі алиментті есептеудегі басты көрсеткіш адамның жиынтық табысы”, – деді депутат.
Сағандықова әйелдердің бұрынғы жұбайының өз еркімен көмектесетініне сеніп, ресми алимент өндіруден бас тартатынын, алайда кейін мүлде қолдаусыз қалатынын айтты.
Оның сөзінше, жуырда Жалпыұлттық социал-демократиялық партия заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша өз ұсыныстарын әзірлейді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда алименттің ең төменгі мөлшерін баланың қажеттілігіне қарай белгілеу ұсынылғаны туралы жазған едік.
Ресейлік қыз қазақ отбасына келін болып түсті: Ол Қазақстан жайлы көзқарасы қалай өзгергенін айтты