Қазақстандық жұмыс берушілер жұмысқа қабылдаудан бас тарту себептерін түсіндіруге міндеттелді
Қазақстанда жұмысқа қабылдаудың жаңа ережелері күшіне енді. Енді жұмысқа қабылдаудан бас тартылған үміткерлер оның себебін жазбаша түрде түсіндіруді талап етуге құқылы. Тиісті өзгерістер Еңбек кодексіне енгізіліп, тамыз айында күшіне енді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жұмысқа қабылдаудан бас тартқан жұмыс беруші заңды бұзды деген сөз емес. Алайда енді жекелеген санаттағы жұмыс іздеушілер жұмысқа қабылдаудан бас тарту себебін білуге мүмкіндік алды.
Жазбаша түрде бас тарту себебін талап ету құқығына жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі балалары бар ата-аналар, кәмелетке толмағандар және денсаулығына байланысты ерекшеліктері бар жұмыс іздеушілер жатады.
“Егер адамға ешқандай себеп айтылмай, тек осы төрт санаттың біріне жататынына байланысты жұмысқа қабылдаудан бас тартылса, ол бас тарту себебін жазбаша түрде хабарлауды талап ете алады. Ал егер бас тартудың себебі оның баласының болуы, жүктілігі, кәмелетке толмаған жасы немесе мүгедектігі болып шықса, онда мұндай шешімге сот арқылы шағымдануға болады”, – дейді заңгер Сергей Уткин.

Бұл ретте Еңбек министрлігі жұмыс берушінің жұмысқа не себепті қабылдамағанына мән берілетінін атап өтті. Егер бас тарту қызметке қойылатын нақты талаптарға, яғни адамның тәжірибесі мен біліміне байланысты болса, жұмыс берушінің шешімі негізді болуы мүмкін. Ал үміткердің жеке жағдайы оны жұмысқа алмауға немесе кемсітуге себеп болмауы керек.
“Жұмыс беруші жұмысқа қабылдаудан бас тартса, оның нақты әрі негізді себебін жазбаша түрде көрсетуі керек. Егер адамның білімі мен біліктілігі талапқа сай болса және денсаулығына байланысты жұмыс істеуге мүмкіндігі болса, оны жұмысқа қабылдауға шектеу қоюға немесе кемсітуге болмайды”, – дейді Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің директоры Ерболат Абулхатин.
Ал рекрутерлердің айтуынша, жаңа талаптар жұмыс беруші мен жұмыс іздеушінің қарым-қатынасына жұмыс іздеу кезеңінің өзінде әсер етуі мүмкін.
Қазақстанға 12 жылдық мектеп керек пе: Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқу мерзімі қысқарса, не өзгереді