Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызметкердің зейнеталды жаста болуы жұмыс берушіге еңбек шартын бұзу құқығын бермейді – Министрлік

зейнет жас жұмыс еңбек шарты
Фото: magnific.com

Еңбек кодексінде зейнеталды жастағы қызметкерлер үшін арнайы кепілдіктер қарастырылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департамент басшысы Ерлан Исмағұловтың айтуынша, зейнеталды жасқа жетудің өзі қызметкердің еңбек құқықтарын шектеуге немесе оны жұмыстан шығаруға негіз емес.

“Еңбек заңнамасында, мысалы, зейнетке шығуына екі-үш жыл қалған әрбір қызметкер автоматты түрде зейнеталды жастағы адам мәртебесіне ие болып, барлығына бірдей қосымша кепілдіктер берілетін әмбебап норма жоқ. Еңбек шартын бұзу мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Еңбек кодексінде еңбек қатынастарын тоқтатудың нақты негіздері қарастырылған. Жұмыс беруші еңбек шартын бұзуға себеп ретінде "қызметкер зейнеталды жасқа жетті" деп көрсете алмайды. Сонымен қатар Еңбек кодексінде қызметкердің зейнеткерлік жасқа жетуіне байланысты еңбек шартын бұзудың арнайы негіздері қарастырылған. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес, қызметкермен еңбек шарты Әлеуметтік кодексте белгіленген зейнеткерлік жасқа жетуіне байланысты бұзылуы мүмкін. Бұл ретте Еңбек кодексінде маңызды кепілдіктер де қарастырылған. Жұмыс беруші қызметкерге еңбек шартын бұзу күніне кемінде бір ай қалғанда хабарлауы тиіс. Сондай-ақ еңбек, ұжымдық шарттарда немесе жұмыс берушінің актісінде белгіленген мөлшерде өтемақы төлеуі қажет”, – дейді Ерлан Исмағұлов. 

Айтуынша, зейнеталды және зейнеткерлік жасты нақты ажырата білу керек. Зейнеталды жастағы адам әлі зейнеткерлік жасқа жеткен жоқ. Ал зейнеткерлік жас – Әлеуметтік кодексте көрсетілген жасқа жеткен кезең. Осы жасқа толған кезде еңбек шартын бұзудың тиісті негізі қолданылуы мүмкін.

“Тәжірибеде жиі кездесетін мәселелердің бірі – зейнеталды жастағы қызметкердің штат қысқартуына байланысты жұмыстан шығарылуы. Қызметкердің зейнеталды жаста болуы оны штат қысқарту кезінде автоматты түрде жұмыстан шығаруға болмайды дегенді білдірмейді. Алайда жұмыс беруші Еңбек кодексінде белгіленген тәртіпті қатаң сақтауға міндетті. Еңбек заңнамасында тиісті талаптар қарастырылған. Қолданыстағы Еңбек кодексінің 53-бабына сәйкес, зейнеткерлік жасқа жетуіне екі жылдан аз уақыт қалған қызметкерлерге ерекше кепілдіктер беріледі”, – дейді Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департамент басшысы.

Ерлан Исмағұловтың сөзінше, қызметкерлер саны немесе штаты қысқартылған жағдайда, сондай-ақ қызметкердің біліктілігі жеткіліксіз болғандықтан атқаратын лауазымына немесе орындайтын жұмысына сәйкес келмегені негізінде еңбек шартын жұмыс беруші мен қызметкерлер өкілдерінің тең санынан құрылған комиссияның оң шешімінсіз бұзуға жол берілмейді.

Мысалы, нақты жағдайда қызметкердің зейнеткерлік жасы 63 жас болса, 63 жасқа толуына екі жылдан аз уақыт қалған қызметкерге арнайы кепілдіктер қолданылады. Бұл ретте ұжымдық шартта, келісімдерде немесе нақты жұмыс берушіге қатысты өзге де нормативтік құжатта белгіленген қосымша кепілдіктерді де ескеру қажет.

Ерлан Исмағұлов егде жастағы қызметкерлер үшін еңбек қауіпсіздігі мен еңбек жағдайларының маңызы ерекше екенін атап өтті. Қызметкер қауіпсіз еңбек етуге және еңбекті қорғауға, сондай-ақ еңбек жағдайлары туралы толық әрі шынайы ақпарат алуға құқылы.

Егер қызметкердің денсаулық жағдайы белгілі бір жұмысты орындауға кедергі келтірсе, мәселе жұмыс берушінің субъективті пікіріне емес, медициналық қорытындыға сүйене отырып шешілуі тиіс. Қызметкерді белгілі бір жасқа толғаны үшін ғана автоматты түрде еңбекке жарамсыз деп санауға болмайды.

Егер қызметкер өз құқықтарының бұзылғанын есептесе, заңда көзделген құқықтарын қорғау тәсілдерін пайдалануға құқылы. Еңбек кодексінде қызметкердің жұмыс берушінің әрекетіне немесе әрекетсіздігіне шағымдануға және заңмен тыйым салынбаған барлық тәсілдермен өз құқықтарын қорғауға құқығы тікелей қарастырылған.

Сөз соңында спикер Еңбек кодексінің 6-бабы еңбек саласында жасына қарай кемсітуге тікелей тыйым салатынын еске салды. Зейнеткерлік жасқа жақындау жұмыс берушіге еңбек шартын бұзуға құқық бермейді.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 09 Қыркүйек, 2026 16:31