Сот «Wildberries ханшайымы» Алтынай Дидарқызын жарнамалаған блогерлерді жауапқа тартуды талап етті
Қазақстандық сот әлеуметтік желіде өзін "Королева Wildberries" деп таныстырған Алтынай Дидарқызына қатысты үкім шығарды. Ол Ресейдің маркетплейсінде тауар сату арқылы мол табыс табуға уәде беріп, 35 адамды алдаған. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын 1 миллион доллардан асқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алтынай Дидарқызы 2023 жылы танымал бола бастады. Ол танымал инфлюенсерлер арқылы маркетплейстерде сауда жасауға үйрететін курстарын жарнамалаған. Сонымен қатар әлеуметтік желіде қымбат көліктерін, элиталық тұрғын үй кешеніндегі пәтерді және ата-анасына арнап үй салып жатқанын көрсеткен. Алайда пәтерді сатып алмаған, жалға алған.
Оның әлеуметтік желідегі жазылушылары көбейген соң, кейбірі кәсіпкер әйелмен бірлесіп бизнес жүргізуге шешім қабылдаған. Дидарқызы оларға жоғары табыс табуға уәде берген. Мысалы, тауарға 10 миллион теңге инвестиция салған адам сатылымнан кейін қосымша 5 миллион теңге пайда табуы мүмкін екенін айтқан.
Нәтижесінде біреулер 500 мың теңге салса, енді бірі 50 миллион теңгеге дейін ақша берген. Жәбірленушілердің бірі оған 100 миллион теңгесін санап берген.
"Жәбірленушілердің басым бөлігі – әйелдер, жалғызбасты аналар. Мен туысыммен бірге 15 миллион теңге инвестиция салдым. Бізге нәтижеге жеткізіп, бәрін үйретуге уәде берді. Желіде жобаны Динара Сәтжан, Әсел Асқар, Жания Джуринская сияқты миллиондаған жазылушысы бар танымал блогерлердің қатысуымен белсенді жарнамаланғаны бізді сендірді", – деді жәбірленуші Юлия Марюхина.
Кейін кәсіпкер әйел клиенттерінен түрлі сылтаумен қосымша ақша талап ете бастаған. Бірде АҚШ-тағы тасымалдау компаниясының қызметіне ақы төлеу керектігін айтса, енді бірде салық органының айыппұлын төлеу немесе бұғатталған есепшотты ашу үшін ақша сұраған.
Уақыт өте келе салымшылар тауар сатылымы мен уәде етілген табыстың жоқ екенін байқап, полицияға жүгінген.
Алтынай Дидарқызы тергеу кезінде де, сотта да өз кінәсін мойындамаған. Соған қарамастан, сот оны 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды. Алайда кішкентай баласы болғандықтан, жазаны өтеу бір жылға кейінге қалдырылды.
Сот блогерлердің әрекетіне де баға беруді сұрады
Сот әлеуметтік желіде Алтынай Дидарқызын жарнамалаған блогерлерге қатысты жеке қаулы шығарды. Судья Бақтияр Ноғаевтың пікірінше, Ішкі істер министрлігі инфлюенсерлердің әрекетіне құқықтық баға беруі керек. Олар әлеуметтік желіде кәсіпкердің табысты бизнесі туралы ақпарат таратуға көмектескен.
Сот қаулысында блогерлер Жания Джуринская мен Әсел Асқардың әрекеттері де жеке аталған. Олардың Instagram желісіндегі жазылушыларының саны тиісінше 2,9 миллион және 1,4 миллион болған.
"Джуринская, Әлібеков, Сәтжан, Магзумов және басқа да көптеген блогер Алтынайдың заңсыз әрекетін жарнамалап, оның салдары туралы ойланбаған. Қолымызда бар дәлелдердің барлығын, соның ішінде бейнежазбаларды да полицияға тапсырдық", – деді жәбірленушілердің адвокаты Дәурен Джаппаркулов.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Бұған дейін Қарағандыда Қытай мен Түркиядан тауар жеткізуге уәде берген алаяқ әйелдер интернет арқылы техника, жиһаз, тіпті көліктерді арзан бағамен сатқан. ыдыс-аяқтан бастап жиһаз бен көлікке дейін тапсырыс берген жәбірленушілер тауарды да, ақшаны да ала алмаған.
Моңғолиядағы қазақ-моңғол дауы неден шықты: Тіл мәселесі неге көтерілді
