Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қытай мен Түркиядан ыдыстан көлікке дейін жеткіземін деген алаяқтар жүздеген адамды алдап кетті

Алаяқ ақша сауда кәсіпкер
Фото: Видеодан скрин

Жәбірленушілер алаяқтарға Қытай мен Түркиядан ыдыс-аяқтан бастап жиһаз бен көлікке дейін тапсырыс. Алайда тауарды да, ақшаны да ала алмаған. Шығын көлемі – 700 миллион теңгеден асады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Сотталғандар – Өзбекстанның тумасы, 38 жастағы әйел мен көлік алуға қызығатын клиенттерді іздеген менеджер. Олар интернет арқылы техника, жиһаз, тіпті көліктерді арзан бағамен сатқан. Екеуі де 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Алайда кәмелетке толмаған балалары болғандықтан, жазаны өтеу бір жылға кейінге қалдырылды.

Жәбірленушілер бұл үкімді бір жыл күтті. Олар өздерін алдаған әйелдің жауапқа тартылғанын да жеңіс деп санайды.

Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық сотының судьясы Арғын Құтышевтің айтуынша, сотталушы үнемі "Мен Гуанчжоудамын, Үрімші қаласындамын" деп айтқанымен, ол жерде ешқашан болмаған. Тек 4 наурызда бір рет Қытайға барған. Ол тікелей жеткізуші емес. Ешқандай зауытпен жұмыс істемеген. Осылайша, барлығын алдап келген.

Жәбірленушілердің жалпы саны – 461 адам. Олар топ болып, аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін қарастырылған ең жоғары жаза тағайындауды талап етті. Атап айтқанда, кәсіпкер әйелді 10 жылға, ал менеджерді 8 жылға соттауды сұрады.

Алайда судья сотталушылардың әрекетінде жазаны ауырлататын мән-жайлар жоқ екенін түсіндірді. Сондықтан оларға заңда көзделген ең жоғары жазаның үштен екісінен артық мерзім тағайындауға мүмкіндік болмаған.

“Оның бізге қарызы бар және бір жыл ішінде ақшаны қайтаруы керек. Егер ақшаны қайтарғысы келмесе, түрмеге отырады. Егер ақшаны қайтара бастаса, онда біздің осы әрекетіміз бекер болмағаны”, – дейді жәбірленуші Анастасия Семенова.

Тағы бір жәбірленуші сотталушыларға тағайындалған мерзім аз деп санайды. 

Жалпы сот шешімі бойынша жәбірленушілерге 700 миллион теңгеден астам шығын өтелуі тиіс. Оның ішінде кәсіпкер әйел мен менеджер шамамен 250 миллион теңгені ортақ жауапкершілік тәртібімен қайтаруға міндеттелді.

Сот үкім шығарған кезде залда сотталған менеджердің күйеуі де болған. Ол сот үкімінің әтілетсіз болғанын айтты.

“Бұл – мүлде әділетсіз үкім. Ол 10 пайыз табыс тапқан, ал үкім бойынша оған шығынның жартысына жуығын жүктеп қойған”, – дейді Виталий.

Жеті баланың анасы болып отырған кәсіпкер әйел өзін алаяқ деп санамайды.

“Мені де көлікке тапсырыс берген адамдар алдады. Олардың арасында осы іске қатысы бар адам да болды. Ол мені танымайтынын айтты. Енді нені дәлелдейсің? Ештеңе дәлелдей алмайсың”, – дейді сотталушы кәсіпкер.

Сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін екі әйел де бір жыл бойы пробация қызметінің есебінде болады. Осы уақыт ішінде олар жәбірленушілерге келтірілген шығынды толық өтеуге міндетті.

Егер бұл талап орындалса, кейін жазаны жеңілдету немесе одан босату туралы өтініш бере алады. Ал шығын өтелмесе, бір жылдан кейін оларды түзеу мекемесіне жібереді.

Екі сотталушы да облыстық сотқа апелляциялық шағым түсірмек.

Бұған дейін Ақтауда танымал блогер адамдардан тауар үшін ақша алып, оны жеткізбегені үшін қамауға алынғаны туралы жазған едік. Тергеу нұсқасы бойынша, сатып алушыларға Қытайдан әкелінген премиум санаттағы ыдыс-аяқ пен тұрмыстық техниканы нарықтағы бағадан арзанға ұсынған. Алайда ақшасын төлеген адамдарға тапсырыстары жеткізілмеген.

Айым Болатқызы
Жұма, 23 Қазан, 2026 08:11