Экс-мәжілісмен Ринат Зайытов Қорғаныс министрлігінде қызметке тағайындалды
Мәжілістің бұрынғы депутаты Ринат Зайытов Қазақстан Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығын басқаратын болды. Ол жаңа қызметке қазан айының басында Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметовтің ұсынысымен келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мұны экс-депутаттың өзі Adal ADAM YouTube-арнасына берген сұхбатында айтқан.

“Бұл орталық әскери ансамбль мен оркестрдің жұмысын ұйымдастыруға, патриоттық және мәдени шараларды өткізуге жауапты”, – деді ол.
Ринат Зайытов кім?
Ринат Зайытов 1984 жылы 14 қарашада Абай облысындағы Өркен ауылында дүниеге келген. Ол Семей педагогикалық институтында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алған. Кейін Қазақ қатынас жолдары университетінің магистратурасын “Бизнес және басқару” мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын “Дариға-ай” жастар театрында актер болып бастаған. Кейін Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі бөлімнің маманы болып жұмыс істеген. Сонымен қатар Алатау дәстүрлі өнер театрының директоры қызметін атқарған.
2023–2026 жылдары VIII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты болды. Парламентте Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі болған.
Қорғаныс министрлігіне тағайындалған тағы бір экс-депутат
Айта кетейік, қазан айының басында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Құрылтайдың бұрынғы депутаты Татьяна Савельева да Қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалған еді.
Жуырда Савельева Бас штабтың бастығы Айтқұрман Омарбековпен бірге мемлекет басшысына әскердің жай-күйі мен бюджет қаражатының жұмсалуы туралы есеп берді. Кездесуде әскери қызметкерлерді даярлауға, әскери нысандарды күтіп ұстауға және әскердің күнделікті қажетіне қанша қаражат бөлінетіні талқыланды.
Кездесу нәтижесінде президент Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін арттыру, әскери дайындық сапасын жақсарту, әскердің басым қажетін қаржыландыру және бюджет қаражатын тиімді пайдалану жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Қазақстандықтар брендтердің "қара тізімін" жасады: Кімге және не үшін бойкот жарияланды