Депутат министрліктен балабақшаларда қандай мультфильмдер мен ойыншықтар қолданылатынын сұрады

Мәжілісте Қазақстандағы балабақшаларда қандай мультфильмдер көрсетілетіні, қандай кітаптар мен көрнекі құралдар қолданылатыны туралы мәселе көтерілді. Мұны әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында депутат Ринат Зайытов сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутаттың айтуынша, балабақшаларда “Маша мен аю” мультфильмі жиі көрсетіледі. Осыған байланысты ол ұлттық тәрбие аясында Оқу-ағарту министрлігінің мемлекеттік тапсырысы бойынша қандай мультфильмдер әзірленгенін сұрады. Сонымен қатар депутат мектепке дейінгі ұйымдарда қандай әдістемелік және көрнекі құралдар қолданылатынына қызығушылық танытты.
Оқыңыз“Балабақшада әртүрлі ойыншықтарды, оның ішінде ЛГБТ символикасы барларын да кездестіруге болады. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары үшін бекітілген балалар әдебиеті мен көрнекі құралдар бар ма?”, – деп сұрады депутат.
Депутаттың сұрағына Оқу-ағарту вице-министрі Майра Мелдебекова жауап берді. Оның айтуынша, Қазақстанда ұлттық тәрбие бағыты қамтылған мектепке дейінгі білім беру бағдарламасы бекітілген.
“Меншік нысанына қарамастан, барлық балабақша осы оқу бағдарламасын басшылыққа алуы тиіс”, – деді Мелдебекова.
Ол көрнекі құралдардың тізімі министрдің бұйрығымен бекітілгенін айтты. Тізімге балалардың жас ерекшеліктеріне қарай бөлінген түрлі материалдар, сағат циферблаттары, танымал тұлғалардың портреттері, математикаға арналған құралдар мен әртүрлі фигуралар кіреді.
Осыдан кейін Зайытов балабақшаларға арналған бекітілген әдебиеттер тізімі бар-жоғын сұрады. Оған қоса министрлік бағдарламалары аясында қандай мультфильмдер шығарылғанын тағы да нақтылады. Жауап ретінде Мелдебекова мектепке дейінгі ұйымдарға арналған әдебиеттер тізімі де министрдің бұйрығымен бекітілгенін айтты.
“Мультфильмдерге қатысты жазбаша жауап бере аламын. Қазір нақты қандай туындылар екенін атай алмаймын”, – деді вице-министр.
Өз кезегінде депутат қойылған сұрақтарға нақты жауап берілуі керек екенін айтты.
“Бұл сұрақты бірнеше рет қойдым. Бірден “мұндай бұйрық бар, әдебиеттердің бекітілген тізімі бар, ал мультфильмдер бойынша жауап жазбаша түрде ұсынылады” деп айту керек еді”, – деді Ринат Зайытов.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтау билігі отбасы құндылықтары туралы мультсериалға 20 миллион теңге жұмсайтыны туралы жазған едік.
Қазақстандыққа Қытайда адам өліміне кінәлі деген айып тағылды: Күдіктінің өзі шабуыл жасағандардан қорғанғанын айтып отыр