Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда мәслихаттар депутаттарын сайлау аяқталды

Дауыс беру
Фото: Getty Images

Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында дауыс беру аяқталды. Сағат 20:00-де сайлау учаскелері жабылды. Енді сайлау комиссиялары дауыстарды санауға кіріседі. Ел тұрғындары бес жыл мерзімге 228 мәслихатқа 3 447 депутат сайлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

12 679 459 сайлаушы үшін ел бойынша 10 338 сайлау учаскесі дайындалды. Оның 101-і таңғы сағат 06:00-де, қалғаны 07:00-де жұмысын бастады. Орталық сайлау комиссиясының сағат 16:00-дегі алдын ала мәліметі бойынша, сайлаушылардың 53,86%-ы дауыс берген.

Ең жоғары көрсеткіш Түркістан облысында тіркелді – 69,84%. Ал ең төменгі көрсеткіш Алматы қаласында болды – 33,73%.

Сайлауды бақылауға 258 қоғамдық бірлестік пен коммерциялық емес ұйым аккредиттеуден өтті. Оның 13-і Орталық сайлау комиссиясында, 245-і аумақтық сайлау комиссияларында тіркелген.

Комиссия мүшелері қалай дайындалды?

Сайлауға қатысушылар үшін 5 743 оқыту іс-шарасы ұйымдастырылды. Оған жалпы саны 101 896 адам қатысты. Олардың 86 мыңнан астамы – сайлау комиссияларының мүшелері.

Тұрғындарға сайлау туралы ақпарат теледидар мен радио арқылы, SMS-хабарламалар, мобильді қосымшалардағы ескертулер және онлайн сервистер арқылы жеткізілді. Сонымен қатар үйлерді аралау кезінде жеке шақыру қағаздары таратылды.

Орталық сайлау комиссиясы учаскелердің қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуін және тұрғындар үшін қолжетімді болуын тапсырды. Сондай-ақ ауа райының қолайсыздығына дайын болу, заң талаптарын сақтау, дауыс беру күні мен тыныштық күні үгіт жүргізуге жол бермеу міндеттелді.

Сайлаудың ресми қорытындысы 2026 жылғы 3 желтоқсаннан кешіктірілмей анықталуы тиіс.

Назархан Уән
Жексенбі, 29 Қараша, 2026 20:03