Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтау билігі отбасы құндылықтары туралы мультсериалға 20 миллион теңге жұмсамақ

Ақтау билігі отбасы құндылықтары туралы мультсериалға 20 миллион теңге жұмсамақФото: ЖИ

Ақтау қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі мемлекеттік сатып алу сайтында отбасылық құндылықтар туралы анимациялық мультсериал әзірлеу қызметіне лот жариялады. Тендер сомасы 20 миллион теңге. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

11 наурыз күні “Отбасылық құндылықтар туралы мультсериал” атты мемлекеттік әлеуметтік тапсырыспен іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу қызметтері бойынша лот жарияланды. Байқауды ұйымдастырушы – Ақтау қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі. 18 наурызда өтінім қабылдау аяқталды. Қазір лот өтінімдерді қарап жатыр. Анимациялық мультсериалды әзірлеуге бөлінген қаражат көлемі – 20 миллион теңге.

Техникалық сипаттамаға сәйкес, қызмет көрсетуші “Ұрпақтар сабақтастығы – ұлттық тәрбие” тақырыбында анимациялық мультсериал әзірлеуі тиіс. Жоба барысында жасанды интеллектіні міндетті түрде қолдану керек. 

Мультсериал кемінде 15 сериядан тұруы тиіс және олар ата мен немеренің тәрбиелік қарым-қатынасына негізделуі тиіс. Әр серияның ұзақтығы кемінде 3-5 минут болуы қажет. Құжатта айтылғандай, сюжетте кіші және үлкен буын арасындағы айырмашылықтар мен ерекшеліктер ашылып көрсетілуі тиіс, бірақ ұлттық тәрбиенің негіздері бұзылмауы керек. Сонымен қатар мазмұны 13 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер аудиториясына лайықталып, олардың түсіну деңгейі, тілі мен қабылдау ерекшеліктері ескерілуі қажет.

Сондай-ақ мультсериалды қазақ тілінде контент шығаратын онлайн-ресурстарда – республикалық, өңірлік және қалалық деңгейде орналастыру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, ол республикалық немесе жергілікті телеарналарда, блогерлер мен  танымал медиа тұлғалардың әлеуметтік желідегі парақшаларында таныстырылады.

Техникалық сипаттамаға сәйкес, жобаның тұсаукесері Ақтау қаласында ұйымдастырылып, оған кемінде 200 адам қатысуы тиіс. Қатысушылар қатарында жергілікті зиялы қауым өкілдері мен мектеп оқушылары болуы қажет. Презентация барысында көрермендерге жоба логотипі, кейіпкерлері және тәрбиелік мәні бар қызықты жазулары бар кәдесыйлар таратылуы керек.

 

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 24 Наурыз, 2026 18:38