Талдықорғандық қыздың домбыра үшін алған миллион теңгелік несиесін белгісіз жан жауып берді
Талдықорғандық 14 жастағы Ксенияның домбыраға деген сүйіспеншілігі көпшіліктің жүрегін елжіретті. Қызының өнерін қолдау үшін анасы оған миллион теңгеге домбыра сатып алып берген. Жас домбырашының өнеріне тәнті болған белгісіз қайырымды жан отбасының қарызын толық өтеп берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға Талдықорған көшелерінің бірінде басталған. Қалалық блогер Эмин Хаджиев домбыра ұстаған қызды кездейсоқ көріп, тоқтатып, әңгімеге тартқан. Кейін одан домбыра тартып беруін өтінген.

Ксения бірнеше жылдан бері домбыра үйірмесіне қатысып, түрлі байқауларда бақ сынап жүргенін және бірқатар жетістікке жеткенін айтады. Өнерін көрсеткен соң қыз домбыраның бағасы шамамен миллион теңге екенін, анасы оны несиеге сатып алғанын жеткізген.
Блогер жариялаған видео әлеуметтік желіде тез тарады. Көпшілік жас домбырашының өнеріне тәнті болды. Оған қоса қызының талабын қолдаған анасына алғыс айтты. Кейбірі отбасына көмектесіп, домбыраның қарызын өтеуге қол ұшын беруге ниет білдірді.
Блогер Эмин Хаджиевтің айтуынша, видео жарияланған соң оған көп адам хабарласып, Ксенияға көмектескісі келетінін жеткізген. Олар қыздың байланыс нөмірін сұрап, отбасына қолдау көрсетуге ниет білдірген.
Кейін блогер домбыраның несиесі толық өтелгенін білген. Алайда қарызды кімнің жапқанын білмейді. Қайырымды жан да, көмек көрсеткен өзге адамдар да есімдерін жарияламауды жөн көрген.
Осылайша, қызының өнерге деген қызығушылығын қолдау үшін несие алған ананың қарызы өтелді.
Айта кетейік, бұған дейін Тимур Құлыбаевтың Halyk Қоры қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасыларына 25 миллион теңге беріп, Halyk Bank марқұмдардың қарызын толықтай кешіретіні туралы жазған едік.
IT мамандығын бітіріп, аяқкиім тазалаумен айналысады: 23 жастағы қазақстандық айына миллиондарды қалай тауып жүр