129 мың теңгеге дейін: Қазақстандық оқушылардың ата-аналары қандай жағдайда айыппұл арқалайды
Мектеп оқушыларының ата-аналары әлеуметтік желілерде мектеп талаптарына шағымданып жатыр. Оқушылар булиинг жасаса, заңды өкілінсіз жүрсе және мектеп формасын сақтамаса ата-анаға қанша айыппұл салатыны белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстанның "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодексі 127-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, ата-ана немесе баланың басқа да заңды өкілдері кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу, білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ оған күтім жасау және материалдық жағдайын қамтамасыз ету міндеттерін орындамаса, 10 АЕК мөлшерінде, яғни 43 250 теңге айыппұл салынады.
Егер осы құқық бұзушылық әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса:
15 АЕК – 64 875 теңге айыппұл;
Немесе 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабы бойынша хаттаманы:
- Ішкі істер органдары;
- Білім беру саласындағы уәкілетті органдар;
- Бала құқықтарын қорғау органдары толтырады.
Ал іс бойынша соңғы шешімді кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қабылдайды.
Мектептің өзі ата-анаға әкімшілік айыппұл сала алмайды және оны өз бетінше өндіріп ала алмайды.
Қазақстанда буллинг пен кибербуллинг үшін айыппұл
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-2-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кәмелетке толмаған баланы қорлау, буллинг немесе кибербуллинг үшін ескерту жасалады немесе 10 АЕК мөлшерінде яғни 43 250 теңге айыппұл салынады.
Егер мұндай құқық бұзушылық әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, 30 АЕК, яғни 129 750 теңге айыппұл қарастырылған.
Егер буллинг немесе кибербуллингті 12-16 жас аралығындағы кәмелетке толмаған бала жасаса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-2-бабының үшінші бөлігі бойынша:
- Ескерту жасалады;
- Немесе ата-анасына не оның орнындағы заңды өкіліне 10 АЕК – 43 250 теңге көлемінде айыппұл салынады.
Кәмелетке толмаған баланың заңды өкілінсіз жүруіне байланысты да жауапкершілік қарастырылған.
Ойын-сауық орындарында
Кәмелетке толмаған бала заңды өкілінсіз ойын-сауық орнында сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін жүрсе, заңды өкіліне 3 АЕК – 12 975 теңге айыппұл салынады.
Үйден тыс жерде
Кәмелетке толмаған бала заңды өкілінсіз сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін үйден тыс жерде жүрсе, бірінші рет анықталған жағдайда заңды өкіліне ескерту жасалады.
Осы құқық бұзушылықтардың кез келгені әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, 7 АЕК, яғни 30 275 теңге мөлшерінде айыппұл салынады.
Құқық бұзушылықтарды ішкі істер органдары анықтайды.
- Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 442-бабының бірінші және екінші бөліктеріне қатысты істерді ішкі істер органдарының уәкілетті қызметкерлері қарайды.
- Ал 442-баптың үшінші бөлігінде көрсетілген құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, істі кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қарайды.
Қазақстандағы мектеп формасына қойылатын талаптар
Қазақстанда міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығымен белгіленген.
Осы талаптарға сәйкес, мектеп формасы:
- Білім берудің зайырлы сипатына сай болуы;
- Классикалық стильде болуы;
- Бір түсті гаммаға сәйкес келуі керек.
Мектеп формасында үш түстен артық қолдануға болмайды. Форма түсі көзге бірден түсетін ашық емес, сабырлы реңктерден таңдалады.

Мектеп формасының үлгісін кім анықтайды?
Мектеп формасына қатысты мәселелерді талқылауға ата-аналар, мектептің өзін-өзі басқару өкілдері, қамқоршылық кеңес және ата-аналар комитеті қатысады.
Форманың үлгісі мен белдемше ұзындығын мектеп тиісті кеңеспен бірлесіп анықтайды. Олар мектепішілік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі.
Бұл ретте мектеп белгілеген талаптар №26 бұйрықтағы талаптарға қайшы болмауы керек.
Ата-аналар мен басқа да заңды өкілдер баланың міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауын қамтамасыз етуге міндетті.
Жауапкершілік ата-ананың білім беру саласындағы заңнамада белгіленген міндеттерді орындамағаны немесе дұрыс орындамағаны анықталған жағдайда ғана қарастырылады.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 409-бабының екінші бөлігіне сәйкес, мұндай жағдайда ескерту жасалады немесе 5 АЕК, яғни 21 625 теңге көлемінде айыппұл салынады.
Егер құқық бұзушылық әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 409-бабының жетінші бөлігі бойынша жеке тұлғаларға 20 АЕК, яғни 86 500 теңге мөлшерінде айыппұл салынады.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектептер оқушыларды тек көк түсті форма киюге міндеттей алмайтыны туралы айтқан еді. Министрдің айтуынша, айтуынша, мектеп формасына қатысты негізгі талаптар бар және оқушы мектепке сол талаптарға сай киініп келуі керек.
Қазақстанға 12 жылдық мектеп керек пе: Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқу мерзімі қысқарса, не өзгереді