"Айыппұл төлейсіз": Астана мектебінде мектеп формасына қатысты дау шықты
Әлеуметтік желіде Астанадағы №63 мектепте оқушының шалбарының түсіне байланысты ата-анаға айыппұл туралы ескерту жасағаны туралы жазба тарады. Елорданың білім басқармасы мектеп формасының түсіне байланысты айыппұл салынуы мүмкін деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жазба авторы баласының мектепке қара шалбар, ақ жейде және қара жилет киіп барғанын жазды. Осыдан кейін мектеп басшысы ата-анаға мектеп формасына қатысты телефон соғып, мектепке келіп, айыппұл төлеуін талап еткен. Автор шалбардың қою көк емес, қара болғаны үшін мәселе туындағанына наразылық білдіріп, айыппұл салуға негіз жоқ екенін айтқан.
Автордың айтуынша, бала бұл шалбарды былтыр да мектепке киіп барған. Сол кезде де мектеп басшылығында қазіргі басшысы отырған. Алайда жазбада былтыр баланың мектеп формасына қатысты ешқандай ескерту жасалмағаны айтылған.
"Егер мектеп формасына қатысты талап болса, жай ғана ескерту жасауға болатын еді. Бірақ шалбардың түсіне бола бірден ата-анаға айыппұл төлету – шектен шығу. Қандай негізде айыппұл төлеуді талап етіп отыр? Нақты жауап алғым келеді", – деп жазды автор.
Желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Кейбір қолданушылар мектеп әкімшілігінің өз бетінше айыппұл салуға құқығы жоқ екенін айтты. Ал басқа қолданушылар мектеп формасына қойылатын талаптарды еске салып, Астанада мектеп формасы қою көк түсті болуы керек екенін жазды. Сондай-ақ пікірлерде ата-аналарға мектеп формасына қойылатын талаптар алдын ала хабарланатыны айтылды.
"Астанада мектептерде форма бірнеше жылдан бері тек қою көк түсті болуы керек! Мұны білмедім деп айтпаңыз. Мектеп басталардан бір, тіпті екі ай бұрын ата-аналардың чаттарына мектеп формасының қандай болуы керектігі туралы арнайы хабарлама жібереді", – деп жазды қолданушылардың бірі.
Енді бірі мектеп формасына шамадан тыс мән беріліп жатқанына наразылық білдірді.

"Мектеп формаларыңмен әбден шаршаттыңдар! Одан да балалардан білімді осылай талап етсеңдерші! Бұл барып тұрған ақымақтық!" – деп жазды олар.
Білім басқармасы мектеп формасына қойылатын талаптарды түсіндірді. Ведомствоның мәліметінше, Астанадағы жалпы білім беретін мектептерде қара және қою көк түсті мектеп формасын киюге рұқсат етілген. Басқарма желіде тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын жеткізді.
"Аталған мектеп оқушыларының ата-аналарына мектеп формасының түсіне байланысты айыппұл салынатыны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды", – делінген ведомсвто жауабында.
Ведомство мектеп әкімшілігіне педагогтер мен ата-аналарға қосымша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырғанын атап өтті. Сонымен қатар мектепке мектеп формасына қойылатын талаптарды қате түсіндіруге жол бермеу ұсынылды.
"Мұғалімдер де боянбасын": Қазақстандық оқушылар мектептегі макияж бен сыртқы келбетке қойылған талаптарға қарсы шықты