Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мұғалімдер де боянбасын": Қазақстандық оқушылар мектептегі макияж бен сыртқы келбетке қойылған талаптарға қарсы шықты

боянып келетін оқушы қыздар
Фото: Stan.kz | ЖИ көмегімен жасалған

Қазақстан мектептерінде оқушылардың сыртқы келбетіне қойылатын талаптар қызу талқыға түсті. Боянып, жасанды кірпік пен тырнақ тағып, шашын бояп келген оқушыларға ескерту жасалып, ата-анасы шақырылуы мүмкін. Бұған наразы оқушылар "мұғалімдер де сол талапты сақтасын" деп, мектептегі тәртіптің бәріне бірдей қолданылуын талап етіп отыр. Осы ретте Stan.kz тілшісі оқушылардың сыртқы келбетіне қойылатын талаптар төңірегіндегі дауға назар аударып, талаптардың қаншалықты заңды екенін және оларды бұзған жағдайда ата-аналарға қандай жауапкершілік қарастырылғанын анықтады.

"Апайлар да сол талаптарды сақтасын"

Әлеуметтік желіде кейбір мектеп оқушылары мұғалімдердің өздері де макияжбен келетінін айтып, мұндай талаптардың қаншалықты әділ екенін сұрап жатыр. Оқушы қыздың бірі бұған қарсылық білдіріп, мұндай шектеулер оқушының оқуына кедергі келтірмейтінін жазды.

"Кешірім сұраймын, әрине, бірақ боянып, шашын жайып, тырнақ жасатып жүрген қыздарға айыппұл салу туралы айтып жатыр. Мұндай қыздар, керісінше, жинақы әрі таза көрінеді. Біреу үшін боянып, сәнденіп жүрген жоқпыз. Екіншіден, бояну, әшекей тағу және тағы басқа нәрселер біздің оқуымызға еш кедергі келтірмейді. Өзім 11-сыныпқа көшіп жатырмын, мұндай жағдайлар талай рет болды. Егер мектепте заң мен тәртіп болса, апайлар да сол талаптарды сақтасын", – деп жазды ол.
оқушы қыз
Фото: threads.com желісінен скрин

Тағы бір оқушы олардың білім жетістіктері сыртқы келбетіне емес, оқуына байланысты бағалануы керек деп отыр.

"Осы косметикаға қарамастан, біздің жастарымыз көпшілік ойлағаннан әлдеқайда ақылды әрі талантты. Әр екінші оқушының IELTS сертификаты бар, ал ҰБТ-дан 135-тен жоғары балл жинайтындардың саны жыл сайын артып келеді. Өзім 11-сыныпқа көшіп жатырмын және иә, күн сайын боянамын. Бірақ бұл менің оқуымa кедергі келтірді ме? Жоқ. Мен "Алтын белгіге" үміткермін, мектеп президенті болдым, олимпиадаларға қатысамын және жалпы мектеп өміріне белсенді араласамын. Мектепте бұдан да маңызды, әсіресе, ұл балаларға қатысты мәселелер бар. Олардың қандай екенін, тіпті, тізіп айтпай-ақ қояйын", – деп жазды оқушы.
оқушы қыздың пікірі
Фото: threads.com желісінен скрин

Басқа оқушы мектептегі тәртіп мәселесіне қатысты пікір білдіріп, сыртқы келбетке қойылатын талаптармен қатар, білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік пен тәртіпке қатысты басқа да мәселелерге назар аудару қажет екенін айтты. Оның сөзінше, кейбір оқушылар сабақ кезінде электронды темекі шегіп, әжетханада жанжал шығарып, мұғалімдерге дөрекілік көрсетеді.

Оқушының айтуынша, кейбір ұлдар өздерін "аудан ұстайтын жігіттер" секілді көрсетіп, басқа оқушыларды қорқытады. Сонымен қатар мектеп әжетханаларының қабырғаларына балағат сөздер жазып, мүлікті бүлдіретіндер де бар. Ол кейбір оқушылардың мектепке пышаққа ұқсас немесе қауіпті заттар алып келуіне де алаңдайтынын жеткізді.

Оқушы қыздардың сыртқы келбетіне қатысты талаптарды толық жоққа шығармайтынын, алайда мектеп ережелері ұлдар мен қыздарға бірдей қолданылуы керек екенін атап өтті.

"Мен қыздар мектепке қалағанын істеп келсін деп тұрған жоқпын. Егер мектепте белгілі бір форма мен сыртқы келбетке қатысты талап болса, оны бәріміз сақтауымыз керек. Бірақ сонда неге талап пен жаза ұлдарға да дәл солай қойылмайды? Қыз бала боянып келсе, бірден байқап, ескерту жасаймыз. Шашын жайғандары, бөлек мәселе", – дейді оқушының бірі.

"Мұғалімдермен санасқандарыңыз қай сасқандарыңыз?"

Кейбір мұғалімдер оқушылардың ұстаздармен өзін салыстырып, олардың сыртқы келбетіне баға беруіне таңданыс білдіріп, наразылық танытты. Пікір білдірушілердің бір бөлігі мұғалімнің ересек әрі кәсіби маман ретінде өз сыртқы келбетін өзі таңдауға құқығы бар екенін атап өтті.

"Қалқам! Апайлар да сақтасын деп талап қоятын сендер кімсіңдер? Мұғалі ересек адам және кәсіби ортада өзінің сыртқы келбетін өзі таңдайды. Ал оқушы мектептің ішкі тәртібіне бағынатын білім алушы. Мектеп формасы мен сыртқы келбетке қойылатын талаптың мақсаты оқушының еркіндігін шектеу емес, оқу ортасында тәртіп, жинақылық және теңдік қалыптастыру. Мұғалімнің боянуы, маникюрі немесе кірпігі оның жеке таңдауы. Ал оқушы үшін белгілі бір жасқа дейін табиғи, жинақы келбет пен мектеп формасын сақтау талап етіледі. Бұл "мұғалім әдемі болсын, оқушы болмай-ақ қойсын" деген сөз емес. Керісінше, өз жасыңа сай әдемілік пен ұқыптылықтың да өз мәдениеті бар", – дейді Ардақ Серікова.

Оқушы қыздың мұғалімдердің сыртқы келбетіне қатысты пікіріне бірқатар мұғалімдер мен әлеуметтік желі қолданушылары наразылық білдірді. Олар оқушының өзін мұғалімдермен салыстыруын орынсыз деп санап, ұстаздың ересек адам әрі кәсіби маман екенін, ал оқушының мектептің ішкі тәртібіне бағынуы қажет екенін атап өтті.

Оқушы қыздың пікіріне жауап берген желі қолданушысы оның ең алдымен білім алушы екенін еске салып, мектептегі сыртқы келбетке қатысты талаптарды қолдады.

"Дұрыс, айыппұл салынсын. Сіздер бірінші орында оқушысыздар, оқу, білім алу мақсаттарыңыз. Бүгін не жағамын бетіме, не киемін дейтін күн әлі келеді. Мұғалімдермен санасқандарыңыз қай сасқандарыңыз? Олар кәмелет жасқа толып, оқитынын оқып, жұмыстарын жасап жүрген адамдар. Университке түсіп, беттеріңізге бояуды құйып аламыз десеңіздер де өз еріктеріңіз. Күтім деген ол бояу емес, тазалық, үтіктелген киім, әдеміше жиналған шаш, міне оқушыға осы күтім керек", "Шағымдарыңыз көп болса, жекеменшікке құрыңдар. Әке-шешеңнің жекеменшік мектепте оқытуға шамасы жетсе, көтіңді бояп бар қаласаң. Мемлекеттік мектепте оқысаң, ауызыңды жауып, көтіңді қысып сол мектептің айтқанын жасайсың", "Мектепті әлі бітірмеген қыз өзін 4 жылдық білімі одан қалса еңбек өтілі бар мұғалімдермен салыстыруы", – дейді оқырмандар.
оқырмандар пікірі
Фото: threads.com желісінен скрин

Алматылық мұғалімдердің бірі Мира (аты өзгертілген) мектептегі оқушылардың сыртқы келбетіне қойылатын талаптарды қатаң сақтау қажет екенін айтты.

"Мектеп талаптарына формасы да, сырт келбеті де сай болу керек. Ұлдары ұлдар сияқты, шашы боялмаған, қысқартылған, бұйраланбаған, кәдімгі оқушы қалпында болу керек. Себебі қазір қарасаңыздар, қызыл шаш, жасыл шашты оқушылар... Ерінін қып-қызыл қылып бояған, кірпігі бір қарыс... Көздерін қап-қара қылып бояп алған, сырғаның түр-түрін, мұрынды тесіп, бәрін жасап алған қыздар көп. Сондықтан бұндайды қысқарту керек", – дейді Мира.

Мұғалім оқушыларға боянуға болмайтынын дұрыс деп санайтынын, ал ұстаздардың макияж жасауына рұқсат бар екенін атап өтті. Сонымен қатар ол өзі жұмыс істейтін жекеменшік мектепте де бірыңғай киім үлгісі қатаң сақталатынын айтты.

"Мектебім жекеменшік болған күннің өзінде, бізде дәл мектеп киімінің өзінің талабына сай қою көк түсті киімдер киеді. Мектебіміздің өзінің эмблемасы жапсырылған, қатаң түрде сақталады бізде. Егер де талап сақталмаған жағдайда, сынып жетекшісі ата-анасына ескертеді", - дейді мұғалім Мира.

"Баланы қорлауға жол бермеу қажет"

Мектеп оқушыларының сырт келбетіне қойылатын талаптарға қатысты пікір білдірген бұрынғы депутат, білім саласының үздігі Ирина Смирнова осымәселені оқушылар мен ата-аналарды қатыстыра отырып талқылау қажет деп санайды. Оның айтуынша, мектептегі ережелерді қатаң түрде жоғарыдан енгізбей, әр білім беру ұйымы өз жағдайына қарай белгілеуі керек.

"Мәселенің талқыланып жатқаны заңды деп есептеймін. Алайда бұл міндетті түрде оқушылармен, мектептің қамқоршылық кеңесімен бірге жүргізілетін талқылау болуы керек еді. Ережелерді бірлесіп анықтаған дұрыс. Білім министрлігінің қатаң қысымынсыз, өйткені біздің еліміз өте үлкен және табиғи жағдайлары әртүрлі. Киім үлгісі ыңғайлы әрі эстетикалық болуы керек", – дейді Ирина Смирнова.
Ирина Смирнова
Фото: Ирина Смирнованың жеке архивінен

Смирнова сырт келбетке қойылатын талаптардың белгілі бір деңгейде тәртіп қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті. Дегенмен ережелер нақты жазылып, мұғалімнің жеке көзқарасына тәуелді болмауы қажет.

"Бұл білім беру ортасын қайтадан "оқу орны" мәртебесіне қайтаруға жасалған талпыныстардың бірі. Педагогикалық тұрғыдан алғанда, сырт келбетке қойылатын қалыпты талаптар тәртіпке шақырып, оқушылар арасындағы әлеуметтік мәртебе үшін бәсекені азайтады. Алайда ережелер нақты жазылуы керек, мұғалімнің көңіл-күйіне байланысты болмауы тиіс", – дейді білім саласының үздігі.

Бұрынғы депутаттың пікірінше, сырт келбетке қатысты шектеулер болуы мүмкін, бірақ олар ақылға қонымды шектен аспауы керек. Ол денсаулық пен оқу процесіне тікелей әсер ететін жағдайларға ғана тыйым салуды ұсынады.

"Өте көзге түсетін макияжға, ұзын тырнаққа және жасанды кірпікке шектеу қоюға болады. Ұзын тырнақ жарақат алу қаупін арттырып, гигиенаға кері әсер етуі мүмкін, ал жасанды кірпік көруге және тазалыққа кедергі келтіреді. Шекара сыртқы келбет оқу процесіне немесе оқушының не сыныптастарының денсаулығына кедергі келтіре бастаған жерде болуы керек", – дейді Ирина Смирнова.

Сонымен қатар ол табиғи макияж бен ұқыпты сырт келбет оқушының жеке таңдауы болуға тиіс деп есептейді. Смирнова ережелер оқушыларға ғана емес, мұғалімдерге де бірдей қолданылуы керек екенін айтты.

"Мұғалім – мектептің визиттік карточкасы. Оның сырт келбеті де ұқыпты әрі іскерлік стильде болуы керек. Егер оқушы қыздарға ашық макияж жасауға болмайды десек, мұғалім де сабаққа өте ашық боянып немесе бес сантиметрлік тырнақпен келмеуі керек. Ережелер білім беру процесінің барлық қатысушысына бірдей болғаны дұрыс", – дейді Ирина Смирнова.

Дегенмен ол мұғалімдерге арнайы форма енгізуді артық шара деп санайды. Смирнова тәртіп бұзған оқушыға бірден қатаң жаза қолданбай, мәселені кезең-кезеңімен шешуді ұсынды.

"Бірінші рет бұзса, ауызша ескерту жасап, жеке сөйлесу керек. Қайталанса, ата-анасымен бірге талқылауға болады Бірақ баланы қорлауға жол бермеу қажет. Ал айыппұл немесе көпшілік алдында сөгіс жариялау ең соңғы шара болуға тиіс. Мұның бәрі қылмыстық әрекет емес, тәрбие мәселесі. Сондықтан басты назар жазалауға емес, түсіндіруге және ережелерді бірлесіп қабылдауға бағытталуы керек", – деп түсіндірді білім саласының үздігі Ирина Смирнова.

Ол оқушылардың өз стилін көрсетуіне мүмкіндік беретін арнайы күндер ұйымдастыруды да ұсынды.

"Жылына бірнеше күн оқушылар өздеріне ұнайтын киіммен келетін күндерді белгілеуге болады. Мысалы, Денсаулық күні, Наурыз мерекесіне арналған күндер немесе өзін-өзі басқару күні", – дейді ол.

Ирина Смирнова мектеп ең алдымен балалардың өзін еркін сезінетін, білім алып, шығармашылығын дамытатын орта болуы керек екенін атап өтті.

"Мектеп – балалық шақтың аумағы екенін ұмытпауымыз керек. Бұл қуаныш, таным мен шығармашылық мекені. Балалардың өз пікірін айтуға, жетістікке жетуге ғана емес, түрлі шешімдерді іздеуге, қарым-қатынас орнатуға және тіпті қателесуге де құқығы бар. Сондықтан барлық нәрсеге мұқият, кәсіби әрі сүйіспеншілікпен қарауымыз керек", – дейді Ирина Смирнова.

Мектеп нені талап ете алады?

Оқу-ағарту министрлігі осы ретте жауап беріп, орта білім беру ұйымдары қандай талаптар қоя алатынын және оларды жүйелі түрде бұзған жағдайда ата-аналарды қандай жауапкершілік күтетініне түсініктеме берді. Ведомствоның түсіндіруінше, Қазақстандағы барлық мектеп үшін міндетті талаптар бар. Соның бірі – білім беру саласындағы заңнамаға сәйкес мектеп формасын сақтау. Оның жалпы талаптары 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрықпен бекітілген.

Ал оқушының сыртқы келбетіне қатысты нақты талаптарды әр мектеп өз ішінде белгілей алады. Бірақ мұндай ережелер жай ғана ауызша талап түрінде емес, білім беру ұйымының тиісті ішкі құжаттарында бекітілуі керек. Мектептің ішкі тәртібі мен оқушылардың сыртқы келбетіне қатысты талаптар білім беру ұйымының жарғысы, ішкі тәртіп ережелері және басқа да тиісті актілері арқылы реттеледі.

Бұл талаптарды әзірлеу кезінде мектеп кеңесінің, ата-аналар комитетінің немесе мектептің өзін-өзі басқару органдарының шешімдері ескеріледі. Ал нақты ережелер жалпы мектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі. Яғни мектеп әкімшілігі кез келген талапты өз қалауынша енгізе алмайды. Сыртқы келбетке қойылған ереже мектептің ресми ішкі құжаттарында бекітілуге тиіс.

Министрлік талаптардың орындалуы оқушының өзіне ғана емес, ата-анасына да қатысты екенін атап өтті.

"Жалпы білім беретін мектеп басшылығы білім алушы мен оның ата-анасынан білім беру ұйымының жарғысын, ішкі тәртіп ережелерін және оның қызметін реттейтін ұйым актілерін сақтауды талап етуге құқылы", – деп түсіндірді оқу-ағарту министрлігі.

Ережені сақтамаса не болады?

Мектеп бекіткен талап бұзылған жағдайда бірден ата-ананы айыппұлға тарту қарастырылмаған. Алдымен құқық бұзушылық фактісі тіркеліп, оқушымен профилактикалық жұмыс жүргізіледі. Бұдан кейін ата-анаға немесе заңды өкіліне жағдай түсіндіріліп, белгіленген талаптарды сақтау қажеттігі ескертіледі. Алайда мұндай жағдай қайталана берсе, мәселе басқа деңгейге өтуі мүмкін.

Ата-ана білім беру саласындағы өз міндеттерін жүйелі түрде орындамаған жағдайда материалдар аумақтық білім беру сапасын қамтамасыз ету департаментіне жолдануы ықтимал. Сол жерде ата-ананы әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 409-бабының 2-бөлігі ата-аналардың білім беру саласындағы міндеттерін орындамауы немесе тиісінше орындамауы үшін ескерту жасауға не 5 айлық есептік көрсеткіш (21 625 теңге) көлемінде айыппұл салуға мүмкіндік береді.

Егер осыған ұқсас бұзушылық әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, жеке тұлғалар үшін айыппұл көлемі 20 АЕК-ке (86 500 теңге) дейін жетуі мүмкін.

Дегенмен министрліктің түсіндірмесінен маңызды бір жайт байқалады. Жауапкершілік мектептің ауызша талабын орындамағаны үшін емес, білім беру ұйымы заңда белгіленген тәртіппен бекіткен талаптарды сақтамау жағдайына байланысты туындайды. Сондықтан оқушының шаш үлгісі, шашының түсі немесе киіміне қатысты талаппен келіспеген ата-ана ең алдымен оның мектептің қай құжатында бекітілгенін сұрауға құқылы. Өйткені мектептегі кез келген "болмайды" деген талаптың артында нақты ереже мен оны бекіткен ресми құжат тұруы керек.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 02 Қыркүйек, 2026 12:33