"Байтақ" жасылдар партиясы қызметкері: Жасөспірім әкесінің алимент төлеуден жалтарып жүргенін айтты
Әлеуметтік желіде өзін "Байтақ" жасылдар партиясының қызметкері Қуаныш Әлібектің ұлымын деп таныстырған 15 жастағы жасөспірім әкесінің тқлеп жүрген алименті жетпейтінін айтты. Бала партия көшбасшысы Азамат Әміртайұлына үндеу жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
15 жастағы бала әкесі мен анасының ажырасқанын, екі кішкентай қарындасы бар екенін айтып, әкесінен алатын алимент мөлшері жеткіліксіз екенін айтты.
“Әкем ресми түрде партияға жұмысқа тұрғалы оның жалақысы – 85 мың теңге деп көрсетілген. Сөйте тұра ол өз балаларының алдында алимент бойынша борышкер. Бізден бөлек оның басқа некелерінен 4 баласы бар. Бірінші некеден біз, яғни үш бала. Екінші некеден екі қыз, одан бөлек некесіз тағы екі ұл дүниеге әкелді. Ол жеті баласы барын біле тұра айлығын 85 мың теңге деп көрсетті. Бізге алимент осы айлықтан беріледі. Үш балаға айына 40 мың теңге алимент төлейді. Бұл шамамен әр қайсымызға 13-14 мың теңгеден төленеді деген сөз”, – дейді жасөспірім.
Ол әкесінің табысы туралы мәліметтердің дұрыстығына күмәні бар екенін айтып, құзырлы органдардан оның нақты табысын тексеруді сұрады.
Оның айтуынша, мәселені "Байтақ" жасылдар партиясының көшбасшысы Азамат Әміртайұлына да жеткізген. Алайда ол "Мәселені шешеміз" деп отбасыны қайтарып жіберген, кейін партия тарапынан ешқандай хабар болмағанын айтады.
“Сіз балалардың болашағы туралы айтасыз. Қазір қолдау мен демеуге мұқтаж бізге назар аударыңызшы. Мүмкін емес нәрсе сұрап тұрғанымыз жоқ. Тек әкеміздің балаларының алдындағы міндетін орындағанын қалаймыз. Оның қолына алатын айлығының мөлшері ашық көрсетілуін сұраймыз. Мен оның біздің 18 жасқа толуымызды күтіп отырғанына сенімдімін”, – дейді бала.
Ол құзырлы органдардан жағдайды тексеріп, үш балаға төленетін алимент мөлшерінің заң талаптарына сәйкестігін анықтауды сұрады.
Еске салайық, бұған дейін Жанна Жанықұлова өзін Жұмабек Жанықұловтың бұрынғы жары әрі бес баланың анасы ретінде таныстырып, экс-жұбайымен 20 жыл бірге тұрғанын мәлімдеген. Оның сөзінше, ажырасуға бұрынғы күйеуінің опасыздығы себеп болған. Сондай-ақ ол неке шарты некеде тұрған кезде емес, ажырасу туралы шешім қабылданғаннан кейін ғана пайда болғанын айтқан.
Жанықұлованың сөзінше, қазір Алматыдағы ювеналды сотта неке шарты мен алимент төлеу туралы келісімді жарамсыз деп тану жөніндегі іс қаралып жатыр. Ол сот процесінің әділ өтуін сұрап, қоғам белсенділері мен жауапты тұлғаларға үндеу жасады.
Қазақстанға 12 жылдық мектеп керек пе: Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқу мерзімі қысқарса, не өзгереді
