Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмарал Әлназарова қайтыс болғаннан кейін ағзаларын донорлыққа беруге келісті

Министр донорлық
Фото: nstagram.com/akmaralalnazarova

Еліміздің Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты қолдайтыны туралы өтінішін тіркеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Министрдің айтуынша, ол бұл шешімді әлдеқашан қабылдап қойған, алайда өз шешімін енді ресми түрде тіркеуді жөн көрген.

"Бүгін көптен бері қабылдаған - қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім беру жөніндегі өз еркімді білдіруімді тіркеу туралы шешімімді көпшіліктің алдында жариялағым келеді. Денсаулық сақтау министрі болғаным үшін емес, әрқайсымыздың бір күні өзіміз немесе жақын адамымыз үшін осындай шешім қабылдау қажеттілігіне тап болуымыз мүмкін болғандықтан бұл туралы ашық айтуды маңызды деп санаймын. Қайтыс болғаннан кейінгі донорлық – өмір сүруге мүмкіндігі бар адамдарға өмірден өткеннен кейін де көмектесудің бір жолы", – деп жазды Ақмарал Әлназарова.

Министрдің мәліметінше, қазірдің өзінде шамамен 184 мың қазақстандық eGov арқылы қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа қатысты өз еркін тіркеген. Келісім беріп жатқан азаматтардың саны артып келеді. Алайда күту парағындағы әрбір санның артында өмірін сақтап қалуға деген үміт бар.

Бүгінде 4 867 қазақстандық трансплантацияны күтіп жүр:

  • 4 311 адамға – бүйрек;
  • 12 адамға – жүрек;
  • 314 адамға – бауыр;
  • 30 адамға – өкпе трансплантациясы қажет.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты дамыту тек денсаулық сақтау жүйесіне ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы сенім деңгейіне, ашық қоғамдық диалогқа және азаматтардың саналы шешім қабылдауына байланысты.

Айым Болатқызы
Сенбі, 12 Қыркүйек, 2026 11:34