Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада дәрігерлер үш адамға өмір сыйлаған донорды құрметпен шығарып салды (видео)

Дәрігерлер
Фото: Видеодан скрин

Денсаулық сақтау министрлігі астаналық дәрігерлердің донорды отаға шығарып салған сәті бейнеленген әсерлі видео жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Дәрігерлер "құрмет дәлізін" жасап, бірнеше адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берген донор мен оның отбасына үнсіз құрмет көрсетті.

Министрлік мәліметінше, Астанада бір донор бірден үш пациентке өмір сүруге мүмкіндік берді. Донорлық процесс барысында донордан жүрек, өкпе және бауыр алынған. Бұл ағзалар трансплантаттау кезегінде тұрған пациенттерге берілмек.

Министрлік осындай әр жағдайдың артында дәрігерлердің, реаниматологтардың, трансплантологтардың, донорлық үйлестірушілердің, санитариялық авиация мамандарының және басқа да көптеген медицина қызметкерлерінің орасан зор еңбегі тұрғанын атап өтті.

“Алайда ең алдымен, бұл – ең қиын сәтте отбасының қабылдаған шешімі. Денсаулық сақтау министрлігі донордың туыстарына көрсеткен батылдығы мен адамгершілігі үшін шынайы алғысын білдіреді”, – делінген хабарламада. 

Айта кетейік, жыл басынан бері Қазақстанда қайтыс болғаннан кейінгі 132 әлеуетті донор анықталып, 205 трансплантаттау отасы жасалған.

Еске салсақ, бұған дейін жүрегін ауыстырған қазақстандық өз донорын түсінде көріп, қызына сәлемін жеткізгені туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Жұма, 11 Қыркүйек, 2026 20:32