Қазақстанға 12 жылдық мектеп керек пе: Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқу мерзімі қысқарса, не өзгереді
Қазақстанда 12 жылдық білім мәселесі қайта күн тәртібіне шықты. Ел бұл жүйеге көшуді осыдан ширек ғасыр бұрын қолға алып, жылдар бойы түрлі деңгейде сынақтан өткізген еді. Алайда бүгінде кері бағыттағы өзгеріс талқыланып жатыр. Назарбаев Зияткерлік мектептерінде 12-сыныпты алып тастап, оқу мерзімін қысқарту ұсынылған. Бұл бастама білім саласы мамандары арасында да түрлі пікір туғызды. Stan.kz тілшісі 12 жылдық білімнің қажеттілігі мен одан бас тартудың ықтимал салдарын сарапшылармен бірге саралады.
Мәселені алғаш Президент Тамыз конференциясында көтеріп, балалардың мектеп қабырғасында 18 жасқа дейін отырмауы керегін айтқан еді. Кейін бұл тақырып Құрылтайдың алғашқы отырысында да сөз болды. Осыдан соң Оқу-ағарту министрлігі НЗМ-дегі 12 жылдық бағдарламаны 11 жылға сыйғызу мүмкіндігін қарастыра бастады.
Үкіметтегі брифингте оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова бұл үшін арнайы комиссия құрылғанын және қазір екі жүйенің білім бағдарламалары салыстырылып жатқанын айтты.
"Қазір бағдарламаны 11 жылда толық аяқтауға бола ма, соны қараймыз. Назарбаев Зияткерлік мектептері – толық күндік мектептер. Балалар таңғы сегізден кешкі беске дейін оқиды, бұған қоса аптасына сегіз сағат жеке сабақтары бар", – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министрліктің пайымынша, НЗМ-дегі оқу уақытының ұзақтығы 12 жылға жоспарланған білім мазмұнын 11 жылға ықшамдауға мүмкіндік беруі мүмкін. Дегенмен әзірге нақты шешім жоқ. Арнайы комиссия осы мүмкіндікті зерттеп жатыр.
Бұл ұсыныстың көтерілуіне ата-аналардың пікірі де әсер еткен. Министрдің сөзінше, кейбірі баласын НЗМ-де 12 жыл оқытқысы келмей, 10-сыныптан кейін басқа мектепке ауыстырады.
"Баласын НЗМ-нен 10-сыныптан кейін алып кететін ата-аналар бар. Себебі олар баласының тағы екі жыл, оның ішінде жалпы мектептегі 11-сыныптан кейін қосымша бір жыл оқуын қаламайды", – деді министр.
"НЗМ-ге тиіспеңіздер": ұсынысқа ата-аналар мен түлектер не дейді?
Министрліктің НЗМ-дегі оқу мерзімін қысқарту мүмкіндігін қарастырып жатқаны әлеуметтік желіде де қызу талқыланды. Threads қолданушыларының арасында бастаманы қолдағандармен қатар, мектептің қазіргі жүйесін өзгертпеуге шақырғандар да бар. Олардың негізгі уәжі – 12-сынып НЗМ бағдарламасының жай ғана "артық бір жылы" емес, оқушының университетке дайындалып, болашақ бағытын анықтауына берілетін уақыт.
НЗМ-ді 2019 жылы бітірген түлектердің бірі қазір Қазақстанда резидентурада оқып жүргенін жазған. Оның айтуынша, мектепте 12 жыл оқуы өзіне керісінше мүмкіндік берген. Ол 19 жасында мектеп бітіріп, басқа қалаға көшкенде шешімдерін саналырақ қабылдай алған. Сондай-ақ IELTS пен SAT тапсырып, бірнеше елдің жоғары оқу орнына түскенін айтады.

Тағы бір қолданушы НЗМ-нің қалыптасқан оқу жүйесіне араласпау керек деген пікір білдірген. Оның пайымынша, мектеп оқушыларына өз қарқынымен дамуға мүмкіндік берген жөн, ал бағдарламаны қысқартқаннан гөрі балалардың Гарвард, Итон немесе Оксфорд секілді оқу орындарына түсуіне жағдай жасау маңызды.

Ал НЗМ оқушысының ата-анасы отбасы бұл мектепке түсуге бірнеше жыл дайындалғанын жазды. Оның сөзінше, баласын НЗМ-ге берудегі негізгі себептердің бірі дәл 12-сыныпта оқу мүмкіндігі болған. Сондықтан оқу мерзімін қысқарту туралы ұсыныс олардың отбасы үшін күтпеген шешім болған.

"НИШ-тегі 12 жылдық жүйеден бас тарту – алға жылжу емес, кері шегіну"
Білім саласының сарапшысы Аятжан Ахметжанұлы бұл мәселеге басқаша қарау керек деп есептейді. Оның айтуынша, НИШ-тегі 12 жылдық білім беру жүйесін 11 жылға қысқартқаннан гөрі, Қазақстандағы жалпы білім беретін мектептерді кезең-кезеңімен 12 жылдық модельге көшіру қажет. Сарапшы мұндай жүйе халықаралық білім беру талаптарына жақындауға және қазақстандық түлектердің шетелдік университеттерге түсу мүмкіндігін кеңейтуге жол ашады деп санайды.
"Біз 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу туралы 25 жыл бұрын айта бастадық, бірақ әлі толық көше алмадық. Ал дамыған мемлекеттердің басым бөлігі 12 жылдық білім беру стандартымен жұмыс істейді. Бұл біздің балаларымыз әлемнің үздік университеттерінде білім алуы үшін қажет. Өйткені көптеген шетелдік жоғары оқу орындары біздің 11 жылдық мектеп білімін халықаралық талапқа сай деп есептемейді. Соның салдарынан қазақстандық түлектер шетелдік университетке түсер алдында қосымша бір жыл оқуға мәжбүр болады", – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, мәселе НИШ оқушыларын 11 жылдық жүйеге түсіру арқылы емес, қарапайым мектептердегі білім беру мүмкіндігін кеңейту арқылы шешілуі керек.
"Әлем 12 жылда алатын білімді біз 11 жылға сыйғызып отырмыз. Оның үстіне көптеген елде балалар толық күн оқыса, бізде мектептердің көбі жарты күндік режимде жұмыс істейді. Содан кейін бағдарламаның ауыр екенін, балалар оны меңгере алмай жатқанын айтамыз. Сондықтан халықаралық стандартқа жеткен мектептерді кері тартудың орнына, еліміздегі мыңдаған мектептің деңгейін соларға жеткізуіміз керек. Білім саласына тек экономикалық тұрғыдан қарауға болмайды. Бұл – адами капитал мен елдің болашағына салынатын инвестиция", – деді Аятжан Ахметжанұлы.
Сарапшы Қазақстан оқушыларының халықаралық олимпиадалардағы жетістіктерін де осы тұрғыдан бағалайды. Оның сөзінше, жүлде алып жүрген балалар арасында мамандандырылған мектеп оқушыларының басым болуы жалпы білім беру жүйесіндегі алшақтықты көрсетеді.
"Біз халықаралық олимпиадалардан көп медаль алғанымызды айтамыз. Бірақ сол нәтижеге кімдер қол жеткізіп жүргеніне талдау жасау керек. Қарапайым мектептердің балалары олардың арасында қаншалық көп? Мәселе үздік мектептердің деңгейін төмендетуде емес, қалған мектептердің сапасын сол деңгейге көтеруде. НИШ-тегі 12 жылдық жүйеден бас тарту – алға жылжу емес, кері шегіну", – деді сарапшы.
Мектепке бір жыл қосылса, университеттегі оқу мерзімін қысқартуға болады
Аятжан Ахметжанұлы 12 жылдық мектепке көшуді жоғары білім беру жүйесінен бөлек қарастырмау керек деп есептейді. Оның пікірінше, мектепте берілетін білім көлемі артса, университет бағдарламасында қайталанатын пәндерді қысқартып, соның есебінен бакалавриат мерзімін азайтуға болады.
"Мектепті 12 жылдық жүйеге көшіріп, бакалавриат мерзімін үш жылға, кей бағыттарда екі жылға дейін қысқартуға болады. Өйткені қазір университеттің бірінші курсында мектеп бағдарламасындағы кей тақырыптар қайта оқытылады. Сонда баланың маман болып шығатын жасы ұзармайды. Керісінше, білім беру жүйесінің сатылары бір-бірін қайталамайтын болады", – дейді ол.
Оның пікірінше, Қазақстанға ендігі кезекте 12 жылдық білім беруді кейінге қалдырмай, мектептің құрылымын да қайта қарастыру қажет. Соның ішінде бастауыш білім беру мерзімін ұзарту және пәндерді тиісті мамандардың оқытуына кезең-кезеңімен көшу мәселесін қарастырған жөн.
"Бізге 12 жылдық білімге көшетін уақыт келді. Халықаралық стандартқа жеткен білім беру моделін кері өзгерткеннен гөрі, бүкіл жүйені сол деңгейге көтеруіміз керек", – деп түйіндеді Аятжан Ахметжанұлы.
"11 жылдық білім жеткілікті"
Ал жекеменшік мектеп саласында 28 жылдық тәжірибесі бар мектеп директоры Бақытжан Нұрматова 12 жылдық білімге көшудің қажеттілігін көрмейтінін айтады. Оның пікірінше, балалардың қазір мектепке алты жастан қабылданатынын ескерсек, 11 жылдық бағдарлама толыққанды білім алуға жеткілікті.
"Мен 11 жылдық білім беру жүйесін қолдаймын. Қазір балалар мектепке алты жастан келеді, бағдарламаны меңгеріп, жақсы оқып жүр. 28 жылдық тәжірибеме сүйенсем, қазіргі 11 жылдық мектеп бағдарламасы жеткілікті деп есептеймін", – дейді Бақытжан Нұрматова.
Оның айтуынша, баланың білім алу кезеңі тек мектептегі сынып санымен шектелмейді. Мәселен, өзі басқаратын мектепте балалар 4,5 жастан дайындық тобына барып, алты жасында бірінші сыныпқа көшеді.
"Бізде іс жүзінде үздіксіз білім беру жүйесі қалыптасқан. Балалар 4,5 жастан дайындық тобына келіп, алты жасында мектепке түседі де, 11-сыныпты 17–18 жасында аяқтайды. Сондықтан тағы бір жыл қосудың қажеттілігі жоқ деп ойлаймын", – деді ол.
Бақытжан Нұрматова оқу мерзімін ұзартудан бұрын сол уақыт ішінде балаға қандай білім мен дағды берілетініне мән беру керек деп есептейді.
"Мен өзім кеңестік білім беру жүйесінде оқыдым. Ол кезде он жыл оқыдық, кейін 11 жылдық жүйеде қосымша кәсіптік дағдылар да берілді. Сондықтан мәселе оқу жылын көбейтуде емес, оның мазмұнында деп ойлаймын. Қазіргі жағдайда 11 жыл жеткілікті", – деді мектеп директоры.
17 мен 18 жастың арасында айырмашылық бар ма?
2026 жылғы 17 шілдеде Oxford University Press баспасының Oxford Economic Papers ғылыми журналында білім алу ұзақтығының адам қабілетіне әсері туралы зерттеу жарияланды. Ғалымдар Еуропаның 21 еліндегі білім беру реформаларын салыстырып, қосымша бір жыл білім алудың адамның ересек өмірдегі оқу сауаттылығы мен математикалық дағдыларына оң әсер ететінін анықтаған. Зерттеушілердің есебінше, әсіресе орта білім беру мерзімін кеңейту адамның кейінгі танымдық дағдыларына елеулі ықпал еткен.
Ал мектепті 17 немесе 18 жаста бітірудің психологиялық тұрғыдан айырмасы бар ма? Психолог Серікгүл Сәлі 18 жасты адамның бір күнде өзгеріп, толық ересек болып шыға келетін межесі деп қарастыру дұрыс емес дейді. Дегенмен оның пікірінше, бұл жастың адам санасында өзіндік психологиялық мәні бар.
"18 жасқа толу – ересек өмірге өтудегі маңызды кезеңдердің бірі. Айналаңдағы адамдар да "сен 18-ге толдың, енді өзіңе жауап бересің" деп қарай бастайды. Мұның өзі жасөспірімге ересек болғанын сезініп, өзіне жауапкершілік алуға мүмкіндік береді", – дейді психолог.
Осы кезеңде жасөспірімнің алдында мамандық таңдау, университетке түсу, кей жағдайда басқа қалаға немесе шетелге көшу секілді маңызды шешімдер тұрады. Серікгүл Сәлі 17 жаста мектептен шығып, бірден осындай ортаға түсу кей балалар үшін күрделі болуы мүмкін екенін айтады.
"17 жаста мектеп бітіріп, студент атанған балаға бірден қайда оқитынын, қайда тұратынын, ары қарай не істейтінін өзі шешуге тура келеді. Яғни одан ересек адамның жауапкершілігі талап етіледі. Бірақ баланың психологиялық дайындығы сол жауапкершілікке әлі сәйкес келмеуі мүмкін", – дейді Серікгүл Сәлі.
Психолог бұл жағдай барлық 17 жастағы жасөспірімге бірдей қатысты деген пікірден аулақ. Оның сөзінше, әр баланың психологиялық жетілуі әртүрлі. Дегенмен өзінің жеке практикасында ересек өмірге ерте араласып, жаңа ортаға бейімделуде қиындық көрген жастар кездескен.
"Менің тәжірибемде 17 жасында ересектер өміріне ерте араласып, кейін психологиялық көмекке жүгінген жастар бар. Олардың арасында жаңа ортаға бейімделе алмай, қателікке бой алдырып, тіпті лудоманияға тап болғандар да кездеседі. Сондықтан мен мұны ғылыми зерттеудің нәтижесі ретінде емес, өз тәжірибемде кездескен жағдайлар ретінде айтып отырмын", – деді психолог.
Серікгүл Сәлі осы себепті мектептегі соңғы бір жылға тек оқу бағдарламасын меңгеруге кететін уақыт ретінде қарамау керек деп есептейді. Оның пікірінше, бұл кезең жасөспірімнің мамандығын айқындап, дербес шешім қабылдауды үйреніп, ересек өмірге психологиялық тұрғыдан дайындалуына да мүмкіндік береді.
Әлем елдері қандай білім беру жүйесін ұстанады?
Әлемдік тәжірибені зерделесек, елдердегі білім беру жүйесінің құрылымы мен оқу ұзақтығы әртүрлі. Дегенмен бірқатар дамыған мемлекетте мектептегі білім 12 жылға созылып, оқушылар оны 18 жас шамасында аяқтайды.
Мәселен, Жапонияда мектептегі білім 6+3+3 жүйесімен құрылған. Балалар алты жыл бастауыш, үш жыл төменгі орта және тағы үш жыл жоғары мектепте оқиды. Осылайша мектептегі білім беру кезеңі 12 жылға созылады.
Оңтүстік Кореяда да 6+3+3 моделі қолданылады: алты жыл бастауыш мектептен кейін оқушылар үш жыл орта, тағы үш жыл жоғары мектепте білім алады. Соның нәтижесінде балалар мектепті негізінен 18 жас шамасында аяқтайды.
АҚШ-та балалар мектепалды даярлық сыныбынан кейін 1-сыныптан 12-сыныпқа дейін білім алып, мектепті әдетте 17–18 жасында аяқтайды.
Ал Англияда білім беру жүйесі өзгеше құрылған. Мектептегі негізгі кезең 16 жасқа қарай аяқталғанымен, кейін оқушылар жоғары оқу орнына түсуге даярлайтын жоғары сыныптарда, колледжде немесе басқа білім беру бағдарламалары бойынша оқуын жалғастыра алады.
Сингапурда білім беру бірнеше сатыға бөлінеді. Балалар алты жыл бастауыш мектепте, одан кейін төрт-бес жыл орта мектепте оқиды. Жоғары оқу орнына түсуді жоспарлағандар бұдан соң екі-үш жылдық даярлық бағдарламасын таңдай алады. Осылайша олардың университетке дейінгі білім алу кезеңі таңдаған бағытына қарай шамамен 12–14 жылға созылуы мүмкін.
Бұл елдердің тәжірибесі білім беру ұзақтығы әртүрлі модельмен реттелетінін көрсетеді. Бірінде 12 жылдық мектеп жүйесі қалыптасса, енді бірінде орта білімнен кейін жоғары оқу орнына даярлайтын жеке кезең қарастырылған. Сондықтан оқу ұзақтығы әр елдің білім беру құрылымы мен бағдарламасына қарай белгіленеді.
Қазақстанға 12 жылдық мектеп керек пе: Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқу мерзімі қысқарса, не өзгереді
