Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қорғаныс министрлігі әскерге шақырылушылар жиі қоятын негізгі сұрақтарға жауап берді

Әскер
Фото: gov.kz

Қорғаныс министрлігі әскерге шақырылушылар жиі қоятын негізгі сұрақтарға жауап берді. Министрлік шақыру қағазының қалай табысталатынын, оны алғаннан кейін не істеу керектігін және қандай жағдайларда кейінге қалдыру рәсімделетінін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Министрлік мәліметінше, шақырту қағазы – азаматты жергілікті әскери басқару органына (әскери комиссариатқа) шақыру шараларына қатысу үшін шақыратын ресми құжат. Қарапайым сөзбен айтқанда, әскерге шақыру осы ресми құжаттан бастау алады, ал оны орындау – әрбір азамат үшін міндетті заңды талап.

Шақырту бірнеше жолмен жіберіледі: қол қойдыру арқылы жеке беріледі, жұмыс беруші немесе оқу орны арқылы жеткізіледі.

“Сонымен қатар, eGov.kz порталының жеке кабинеті, eGov Mobile қосымшасы және SMS арқылы жеткізу секілді цифрлық хабарламалар да енгізілген. Ол 2025 жылдан бастап заңды күшіне енді”, – делінген министрлік хабарламасында. 

Құжатта келу күні, уақыты және мекенжайы көрсетіледі. 

 

Шақырту қағазын алған соң не істеу керек? 

Министрлік мәліметінше, шақырту алғаннан кейін деректердің дұрыстығын тексеру қажет: аты-жөн, мекенжай, келу күні және шақыру мақсаты (медициналық комиссия, деректерді нақтылау және т.б.).

“Алдын ала қажетті құжаттарды дайындаған жөн. Олардың қатарында жеке куәлік, тіркеу куәлігі (бар болса), білім туралы құжаттар немесе оқу орнынан анықтама, медициналық қорытындылар, сондай-ақ кейінге қалдыруға құқық беретін құжаттар бар. Дәлелді себепсіз келмеген жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, ал жүйелі түрде жалтару, яғни әскерден түрлі сылтаулармен қашу – қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін”, – делінген хабарламада. 

Әскерден кімдер босатылады? 

Министрлік әскерге шақыру мерзімін кейінге шегеруге мүмкіндік беретін жағдайларды нақтылады. 

“Әскерге шақыру мерзімін шегеру мынадай жағдайларда беріледі: отбасы жағдайлары бойынша, білім алуды жалғастыру үшін және денсаулық жағдайы бойынша, сондай-ақ ауылдық жерлерде жұмыс істейтін педагогтер мен дәрігерлерге, депутаттарға, азаматтық авиация және кеме экипаждарының мүшелеріне, құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында алғашқы кәсіптік даярлықтан өтіп жатқан тұлғаларға. Оны рәсімдеу үшін растаушы құжаттарды ұсыну және әскерге шақыру комиссиясының шешімін алу қажет”, – делінген хабарламада. 

Егер әскерге шақырылушы шетелде күндізгі бөлімде оқитын болса, әскерге шақыру мерзімін шегеруді рәсімдеу үшін оқу орнынан анықтама алып, eGov.kz порталы арқылы өтініш беру тиіс.

Министрлік мәліметінше, барлық жағдай бойынша түпкілікті шешімді әскерге шақыру комиссиясы қабылдайды.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда 2026 жылғы күзгі әскерге шақыру науқанында 18-27 жас аралығындағы шамамен 23 мың ер азамат мерзімді әскери қызметке шақырылатыны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Жұма, 11 Қыркүйек, 2026 18:39