Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әскери ұшақ Ұлыбритания әуежайларының жұмысының тоқтауына себеп болды – БАҚ

әскери ұшақ әуежай
Фото: magnific.com

Ұлыбритания бойынша мыңдаған рейс Ұлттық әуе қозғалысын басқару қызметінің (NATS) жүйесінде болған төрт сағаттық ақауға байланысты тоқтатылды. БАҚ мәліметінше, ақауға әскери ұшақтың ұшуы туралы "жалған" ақпарат себеп болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Financial Times басылымына сілтеме жасап хабарлайды.  

Әуежай жұмысы тоқтағандықтан жүздеген мың жолаушының рейстері кешігіп, бағытының өзгеруіне байланысты қиындықтарға тап болды.

БАҚ мәліметінше, Ұлыбритания әскери ұшағының ұшу жоспары жүйеде ақау туғызып, оны бірнеше рет қайта іске қосуға тура келген.

NATS өкілдерінің айтуынша, ақау рейстерді өңдейтін FPS жүйесінде болған. Бұл жүйенің қосалқы, резервтік нұсқасы жоқ. Себебі оны жаңарту өте күрделі әрі қымбатқа түседі.

Ақау туралы алғашқы ескерту шамамен сағат 13:00-де пайда болған. Екі минуттың ішінде Лондон әуежайларынан ұшатын рейстер тоқтатылды.

13:30-дан кейін жүйені қайта іске қоспақ болған, алайда кейін тағы бір ақау пайда болды. Жүйе тек сағат 16:00-ден кейін толық қайта іске қосылды. Ал 17:00-ден кейін әуежай жұмысы біртіндеп қалпына келе бастады.

Кешке Гатвик әуежайы сағатына небәрі 4-8 рейсті қабылдаған. Кейбір рейстер 10 сағатқа дейін кешікті. Бірқатар ұшақтар Бонн мен Дюссельдорфқа бағытталды. Ал British Airways әуе компаниясы күн соңына дейінгі қысқа қашықтықтағы рейстерінің бір бөлігін тоқтатты.

Азаматтық авиация тәуелсіз тергеу бастады

Көлік министрі Хайди Александер NATS басшысы Мартин Рольфты кездесуге шақырды. Ұлыбританияның Азаматтық авиация басқармасы оқиғаға байланысты тәуелсіз тергеу бастады. Оның қорытындысы алты айдан кейін жарияланады.

NATS директорлар кеңесі Мартин Рольфтың қызметте қалу-қалмауына қатысты шешім қабылдайды. Кеңеске Rolls-Royce компаниясының бұрынғы басшысы Уоррен Ист жетекшілік етеді. Ұлыбритания үкіметі NATS-тың 49 пайыз акциясына ие болғандықтан, Рольфты қолдаудан бас тарта алады.

Әуе компаниялары да басшылыққа қатысты шешім қабылдауды талап етті. Ryanair басшысы Майкл О’Лири Рольфты "өз пайдасы үшін өтірік айтты" деп айыптады.

Сонымен қатар ақпарат көздері ақауға әскери ұшақтың қатысы болғаны себеп емес екенін атап өтті. Ұлыбритания Қорғаныс министрлігі де әскери қызметкерлер тарапынан қателік кеткеніне ешқандай белгі жоқ екенін мәлімдеді.

"Біз әскери тараптан қателік кеткенін көрсететін ешқандай белгі көріп отырған жоқпыз. Қазір бұл мәселе Ұлттық әуе қозғалысын басқару қызметінің тергеуінде. Сондықтан тергеу аяқталғанша қосымша пікір білдіру жөн емес", – деп мәлімдеді Ұлыбритания Қорғаныс министрлігі.

Оқиғадан кейін үш күн өтсе де, әуе қатынасы толық қалпына келе бастаған. Бұл жағдай NATS жүйесін жаңғырту қажеттігін көрсетті.

Ақау кезінде ұшақтар төрт сағаттан астам уақыт бойы қажетті ақпаратты күтіп тұрды. Кейбір рейстердің бағыты өзгертіліп, бірқатар ұшақ Германияға қондырылды.

Алайда зардап шеккен жолаушыларға өтемақы төленбеуі мүмкін. Себебі бұл жағдай "ерекше жағдай" ретінде қарастырылуы ықтимал.

Бұл ақау 2023 жылғы тамыздан бергі ең ірі оқиға деп аталды. Сол кезде техникалық ақаудың салдарынан 1600-ге жуық рейс кешіккен еді.

 

 

Айым Болатқызы
Сенбі, 12 Қыркүйек, 2026 10:31